ӨМІРІН ӨЛЕҢМЕН ӨРНЕКТЕГЕН
Сыр өңірі, оның ішінде киелі Жалағаш топырағы дарындылар мен таланттыларға кенде болмаған. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, өткен ғасырларда өмір сүрген жыраулар, атақты ақындар, тарихи дастанның авторларының арасында да осы Жалағаштан шыққандар көптеп саналады. Одан бергі ақын-жазушыларды да құт қонған Жалағаштың төл перзенттері екенін мақтаныш етеміз.
Ақын-жазушы әлемі қызықты да күрделі. Ақын болуды, жазушы болуды ешкім оқып меңгермейді. Ол жастық қызуын, табиғи шабыт күшін, тереңнен тартқан қиял қуатын қажет ететін ерекше дүние. Қас-қағым сәтте шабыт құйылып, жүректен шыққан ой-орамдары ақ қағазға тізбектеле түсіп, оқырманға ой салып, оның көкірек көзін ашып жаңа өмірге жетелейді. Өңірімізде киелі қаламды серік етіп, шығармашылықпен айналысып жүрген қыз-келіншектер, ардақты аналар да аз емес. Солардың қатарында өмірін өлеңмен өрнектеген зейнеткер Айша Есенбаева да бар. Айша апамыздың есімі, салмақты ойынан туған қуатты өлең шумақтары аудан халқына жақсы таныс. Қармақшы ауданында дүниеге келген Айша апай Қаракеткендегі балық зауытында сұрыптаушы болып еңбек жолын бастаған. Бұдан кейін Тереңөзек ауданында ресторанда даяшы, аудандық байланыс бөлімінде оператор болып халыққа қызмет көрсетті. Кейінгі жылдары Ақсу ауылында аспазшылық қызметте болып зейнеткерлікке шыққан. Қолына қаламын серік етіп, шығармашылығын үнемі шыңдап жүретін ақын әжей аудандық газеттің жергілікті авторларының бірі. Қолы қалт еткенде қаламсабын тастамай, бала тәрбиесі, еңбек, өнер адамдары жайлы мақалалар жазып тұрады. Сонымен бірге, көше тазалығы, малдың бадасын ұйымдастыруға байланысты көкейтесті мәселелерді көтеріп, оның оң шешімін табуына да ықпал етіп келеді. Көргені мен көңілге түйгендерін қағаз бетіне өлең сөзбен өрнектеп жүрген Айша апайдың жасы сексенге келсе де қаламы мұқалған жоқ. Керісінше, Отан, өмір, туған жер, адамгершілік жайлы шабыттана жазған жырлары оқырманның көңілінен шығып жүр.
Ұтымды сөз, орамды ой айта білген ақын Айша апай шығармашылық жетістіктерге жетіп, марапат төрінен көрініп те жүр. Ол еңбек ардагері және басқа да мерекелік медальдармен марапатталып, еңбегі ескерілген ақын. Зейнеткерлікке шықса да қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы. Бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысын жүргізіп, аудандағы мәдени-көпшілік шараларға белсене қатысып келеді.
Талантты халық туғызады. Талант халыққа қызмет етеді. Жалағаш топырағы осындай талай рухы биік, арманы асқақ тұлғаларды дүниеге әкелді, қанаттандырды. Өнегелі өмір жолын өлеңмен өрнектеген Айша Есенбаева бүгінде ақ жаулықты әже. Ақын өмірге, туған ел мен жерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен адамгершілігін зергер сөзбен төгілтіп жырлап келеді. Айша апайдың көкейінен шыққан қоғамдық мәселелерді көтерген ұтқыр ойлары, жыр-шумақтары өз биігінен орын алып, ақын шығармашылығының өрлеуіне жол ашады деп сенеміз.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ.