» » » «КӨҢІЛ ӘЙНЕГІ» ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

«КӨҢІЛ ӘЙНЕГІ» ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Талант – халық қазынасы. Дүниеге шын ақын, ұлы ақын келген күні онымен қабаттасып даңқ та туады. Бұл – Қадір Мырза-Әлидің қанатты сөзі. Мұндағы талант, ақындық өнер, атақ-даңқ та Жаратушының адам баласына берген баға жетпес сыйы. Өйткені, басқа білімнің бәрін оқып, сұрап, ізденіп санаңа сіңіруің мүмкін, ал мына өмірді оймен әрлеп, көркем сөзбен шебер кестелеуші – ақындық өнерді ел кезіп табаныңнан тозсаң да бойыңа дарыта алмайсың.

Талантты халық туғызады. Талант халыққа қызмет етеді. Жалағаш топырағы осындай талай рухы биік, арманы асқақ тұлғаларды дүниеге әкелді, қанаттандырды. Әбілда Жүргенбаев, Әбдікәрім Оңалбаев, Қомшабай Сүйеніш, Зордан Салықбаев, Асқар Кіребаев, Темірше Сарыбаев, Мәлік Аяпов, Елена Әбдіқалықова бастаған ақындар көші бір-біріне жалғаса бермек. Осындай тума таланттардың қатарында – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, сатирик-журналист, еңбек ардагері Қазына Өзденбаева да бар десек артық айтқандық емес. Ол 1954 жылдың 27 сәуірінде Жалағаш кентінде дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын бітіргеннен кейін еңбек майданына ерте араласып, ер азаматтармен бірге көлік құралдарын басқарып, жұмыс жасаған. Осындай еңбегінің арқасында Қазына Мералықызы облыстың «Таңдаулы транспорт қызметкері» деген атақ алған. Бойындағы дарыны, таланты ақын бойында кең қанат жайып осы жолға бетбұруына септігін тигізді. Қаламгердің ұшқыр қаламынан құнды да тағылымды дүниелер жарық көрді. Апта басында аудандық мәдениет үйінде ақын Қазына Мералықызының «Көңіл әйнегі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Ақынның оқырманға жол тартқан кезекті туындысының тұсаукесер рәсімімен құттықтаған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев оның өнегемен өрілген өмір жолына тоқталды.
– Сыр өңірі, оның ішінде киелі Жалағаш топырағы дарындылар мен таланттыларға кенде болмаған. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, сонау он тоғызыншы ғасырларда өмір сүрген жыраулар, атақты ақындар, тарихи дастанның авторларының арасында да осы Жалағаштан шыққандар көптеп саналады. Одан бергі ақын-жазушыларды да құт қонған Жалағаштың төл перзенттері екенін мақтаныш етеміз. Міне, бүгінде ауданнан шыққан ақын Қазына Өзденбаеваның жаңа туындысы өз оқырмандарына жол тартып отыр. Ақын-жазушы әлемі қызықты да күрделі. Ақын болуды, жазушы болуды ешкім оқып меңгермейді. Ол жастық қызуын, табиғи шабыт күшін, тереңнен тартқан қиял қуатын қажет ететін ерекше дүние. Қас-қағым сәтте шабыт құйылып, жүректен шыққан ой-орамдары ақ қағазға тізбектеле түсіп, оқырманға ой салып, оның көкірек көзін ашып жаңа өмірге жетелейді.
Қазына Мералықызының жазған дүниелерінен өз дәуіріне деген адалдығы көрініп тұр. Сол дәуірдің жақсылығын қуана жырласа, жамандығын да күйіне отырып жырына арқау еткен ақын. Оның өлеңдерінен болашаққа деген сенім, елге, еңбек адамына деген махаббаты айқын сезіледі. Арынды ақын, сатирик, жазушы, Сыр бойы руханиятының дүлдүлі, журналист Қазына Өзденбаеваның «Көңіл әйнегі» атты кітабының тұсаукесер салтанатымен құттықтаймын. Отбасыңызға амандық, өзіңізге зор денсаулық тілеймін, – деді өңір басшысы Қайратбек Әубәкірұлы. Мұнан соң, ақынды ауданның «Құрмет грамотасымен» марапаттап, сый-сияпатын табыс етті. Бұдан бөлек, рухани кешке арнайы келген қонақтар «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Г.Қуандықова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Қ.Жәленовалар жарыққа шыққан жаңа туындының тұсаукесер рәсімімен құттықтап, тарих беттерінен сыр шертті. Ал, аталған кітаптың баспадан шығуына демеушілік жасаған жеке кәсіпкер Б.Мырзалиев пен ақын Р.Ералылар «Нұржан Ишан Ата атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының «Ерен еңбегі үшін» медалін тапсырды. Ал, «Алтын-Арай» халықтық ән-би ансамблінің бишілері «Қазақ биін» орындаса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ақын сөзіне жазылған пародиялық әндерді шырқап, бірқатар мектеп оқушылары Қазына апайдың өлеңдерін оқыды.
Еліміз егемендік алып, ұлттық рухани қазынамыз – айтыс, жыршы-термешілік өнермен қайта қауышқан тұстан бастап, темір тұлпарды ізбасарларына табыстап, жыр тұлпардың тізгінін ұстаған жерлесіміз суырып салма ақындығымен, әншілік талантымен танылып, талай дүбірлі жарыстарда сүбелі жүлделерді жеңіп алды. Қаламгер-ақын Қазына Өзденбаеваның шығармалары қос ғасыр тоғысында туған терең толғаныстармен адам жүрегіндегі мәңгілік өмір тынысын бейнелейді. Оның әңгімелері мен сатиралық шығармалары, балалық шағының естеліктері жастарды адамгершілікке тәрбиелейді.
«Жалағаш – ыстықсың сен маған мәңгі,
Өткізген өз төріңде таланттарды.
Сыйпадың маңдайымнан анам болып,
Жұлдызды еңбегім сенде жанды», - деп ағынан жарылады. Айтыскер-ақын, әнші, жыршы Қазына Өзденбаева «Сүюсіз өмір жат маған», «Алып ұшқан көңілім», «Көңіл әйнегі» атты жыр жинақтарының авторы.
Салтанатты кешке жиналған қауым ақынның өлеңдерін ұйып тыңдап, рухани азық алды. Кеш соңында Қ.Мералықызы аудан халқына шексіз алғысын білдіріп, әсем әнін тарту етті.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,
М.АХМЕТОВ (сурет).


19 мамыр 2018 ж. 1 680 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930