» » » ӨЛЕҢ – СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ...

ӨЛЕҢ – СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ...

Өткен жылдың қараша айында қалыптасқан үрдіс бойынша ХІІІ республикалық «Зерде» конкурсының аудандық кезеңі өтті. Конкурста Ш.Ермағанбетова атындағы №246 мектептің 7-сынып оқушысы Жанель Қорғанбекқызы ақын Қуат Адисұлының шығармашылығы бойынша ғылыми жоба қорғап, облыстық кезеңге жолдама алған болатын. «Зерде» конкурсының облыстық кезеңіне ауданымыздан қатысқан Ж.Қорғанбекқызының жобасы жоғары деңгейде бағаланып, жүлделі ІІ орынды иеленді. Талайларды таңдай қақтырып, білім бәйгесінде оза шапқан Жанель өз туған жерінің ақыны, журналисі, Қуат Ахетовтың шығармашылық дарынын тағы да бір танытты.

Ақындық өнер – сөз өнерінің аса қастерлі саласы, ақын бойындағы шығармашылық қуат пен таланттың биік шыңы, өлең құдіретінің жарқырап көрінер әсемдік әлемі. Өлең – ақынның кеудесін кернеп, жүрегін тербеген қуатты ойының жемісі. Ойын орамды етіп, сұлу да әсерлі, көркемдеп жеткізу үшін ақындық шеберлік, шалқар шабыт керек.
Қазақ ежелден-ақ өлең-сөздің қасиетіне бас иіп, тұрмыс-тіршілігін, бітім-болмысын сөзбен өрнектеген. Өлеңнің құдіретін ұққан, шығармашылығын шыңдауда еш тынбаған ақын, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің жауапты хатшысы Қуат Ахетов те туған елін, туған жерін жырға қосып, сөзімен елге танылған қаламгер. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Әріптесіміз бүгінде Халықаралық Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің М.А.Шолохов медалінің және «Алтын медалінің», сондай-ақ «Жалағаш жаршысына – 80 жыл» мерекелік медалінің иегері. Мұнымен қоса, Қ.Ахетов балалар әдебиетіне де көп қалам тербеп жүрген, бала жанын түсініп, нәзік әлемге бойлай білетін ақын.
Журналистика саласында үздік ойлары мен халық пен билікті жақындатып жүрген, әділдікті ту еткен қаламгердің шығармашылығымен облыс қана емес республика халқы таныс. Өткен жылы кемеліне келіп, ақын архиві біршама өлеңдерімен толысқан шақта Қуат Ахетов аудан тұрғындары алдында шығармашылық кешін өткізді. «Өлеңімде өмір бар» атты шығармашылық кешке аудан халқымен қатар, ел ағалары, танымал тұлғалар және ақынның өнерін қадір тұтатын абзал азаматтар қатысты.
Мен туған жерде,
Өркеш те, өркеш таулар жоқ,
Шыңдарын мәңгі қар жапқан.
Есесіне, елде еңсесі тірер заңғар көк,
Тұлғасы таудай қарттар бар, – деп туған жерін жырлаған қаламгердің шығармашылық кеші ақын болмысын танытып, көпшіліктің жүрегінен жол тауып, рухани азық сыйлады.

Н.АЛМАС.

23 ақпан 2018 ж. 2 811 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 710

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031