» » » «АРАЛДЫҢ ТАБАНЫНАН СУ КЕТКЕНМЕН, ХАЛҚЫМНЫҢ ЖҮРЕГІНЕН ЖЫР КЕТКЕН ЖОҚ»

«АРАЛДЫҢ ТАБАНЫНАН СУ КЕТКЕНМЕН, ХАЛҚЫМНЫҢ ЖҮРЕГІНЕН ЖЫР КЕТКЕН ЖОҚ»


Өмір – жаратушының пендесіне берген өлшеулі уақыты. Өнер – пенденің мәңгілікке мұраттаған аманат әлемі. Екі айналып келмейтін өмір. Өмірден қымбат не бар? Өнер ше.... Тумысынан тектен тамыр жайған өнер ұрпақтан ұрпаққа қанмен келетіні рас екен. Бекұзақтың әкесі Жақсан ақсақал суырып салма шайырлық қасиетке жыраулық дәстүрді діндеткен, домбыраны шебер ойнайтын, шешен сөздің шебері болатын. «Әке балаға сыншы» демекші, кіндігінен тараған он төрт баланың он төрті де уыз өнерден құр алақан емес-тін. Әйтсе де осылардың ішінде Бекұзақты бек танып, біліктеп баптап, мақам қайырып, сана көгін айшықтап отыратын. Нәтижесінде әке үміті ақталды. Бекұзақ  додасына түсіп, дарабоз талантын көрермен қауымға паш етті.
  Ол Сыр бойында айтыс өнері ерекше өркен жайған ерекше кезең еді. Талай ақындарымыз желбуаз сөзсүмерлерді отты жырларымен пышақсыз сойғаны рас. Кеңестік дәуірдің көсем сөзінен басқа ақын, шешен сөзін көре алмайтын «сен тұр мен атайын» саясаты да кедергі бола алмады. Ұлттың ақиқат ақ арманы – тіл. Тілдің жүзі өлең болып жарқылдайтынын Манап Көкенов, Замаддин Ибадуллаев, Мұхамбетқали Тұрсанов, Әбілхан Маханов, Мырзағали Ақжолов, Мүтәліп Қыраубаев, Бекұзақ Тәңірбергеновтердің жыр-жұдырығынан білеміз. Құдайға шүкір, тәуелсіздіктің түндігі түріліп, сана-салтанатымызға рухани еркіндік қосылып, жауһар-жыр додасында бәйге атындай жосылатын кез келді... Заман өзгерді, айтыстың қасиеті, айтыстың болмысы, айтыстың әлемдік шеңбері кеңейген үстіне кеңейді десек те болады.
  Бірақ, жарғақ құлақ тағы да жастық жақтырмай, көңіл көгін тақ қылмай, ақиқатын аламанда ақ қылмай пұшайман болып қалатыны бар. Айтыстың Бекұзағын, Бекұзақтың айтысын аңсаған жүрек басты қағидаты шындық болған Бекұзақ өнерін өз ортасынан, бүгінгі ұрпақтың бойынан көргісі келеді. Бекұзақ тума талант, аса дарын иесі болатын. Бүгінгі айтыс деңгейіне жолбасы болған, рухты өлеңнің арнасы болған дос еді.
  1987 жылдары Бекұзақты айтыссүйер көрермен ықыласына бөлеп, айтыста айтқан сөздерін жаттап, ерекше еркелететін. Сыр бойындағы әр жанұя өз үйінің бір мүшесіндей көрді. Бірі ағам, бірі балам деді. Текті өнерге тәу етіп төрін ұсынды. Бірақ билік байрақтаған «боза қарындар» Бекұзақтың халін біліп, жағдайынан хабардан болудан қашты. Олар өнерден қорықты, өлеңнен сескенді. М.Горький «адамды мақтап қою қажет-ақ, ол өзін-өзі құрметтеу сезімін тудырады» дегендей, біз Бекұзақпен мақтандық. Ал талантты мақтай алдық па?
Бекұзақ Аралдан жұмыстан қысқартылып, Қазалы ауданына Әбдірасүл Ахметов (аудандық мәдениет бөлімінің басшысы) өз көлігімен көшіртіп алды дегенді естідім. Бекұзақ бірде қалған ақшаларын сұрап Аралға әкімге кіреді. Бекұзақты көрген әкім «Ау, Бекұзақ неге көшіп кеттің, жағдайыңды жасайтын едік қой» деп саясат сырғалатыпты. Сонда Бекұзақ ойланбастан;
Демеймін «жағдай жақсы, мазалымыз»,
Көрінген шенеуніктің мазағымыз.
Қысқарту, қысқарту бар, ұзарту жоқ
Біз енді Қазалының қазағымыз, - деген екен.
Ақымақтар бұл өмірге ақылдыларды азаптау үшін келеді. Талантты қысқартып, дүбәрәні діңгектеген заман-ай
Бекұзақ Арал мен Қазалының ақыны емес, өлең жөргекті исі қазақтың ақыны еді.
Бекұзақ бетке айтатын. Саясаттанып сайқалданбайтын. Бекұзақтың замандасы, құрдасы, ақын досы Ниятолла Раманқұлов ағасы Өмірзақ қайтыс болғанда көңіл айтып келмепті. Бірде байқамай жолығып қалған Ниятолла Бекұзаққа «Өмекең дүниеден қайтқанда келе алмадым, моншаға барып, «пардан» құлап, қабырғамды ауыртып алғанмын» деп ақталыпты. Сонда Бекұзақ: «бұрынғы жігіттер нардан құласа, қазіргі жігіттер пардан құлайтын болған ба?» деп, Ниятолланы құшақтай алыпты. Қайран екі дос, еншісі бірдей ақ бұлтты әдемі әлемге аттанып кеткелі қашан...
Таза талант – тіршіліктің өмір сүру қағидаты іштім, тыштымына икемі болмайтыны рас. Ол өз әлемінде өмір сүргенді қалайтын. Бекұзақтың өзінің бөлек аспаны болатын. Сол аспан астында жыр жақұттағанды жақсы көретін. Ол жан серігі Жаңагүлді, қыздары Мөлдір мен Гүлмираны, ұлы Ұлықбекті күн биігіне көтеретін. Ол Ұлықбекті жетеледі, мәпеледі, ақындық қасиетін бойына сіңірді. Иә, Ұлықбекті жыр жетеледі. Ұлықбекті өлең өбектеді. Бұл күндері Ұлықбек қара өлеңнің күпісін киген, Бекұзақ жақсы көрген Мұқағалидың өлең әлемінде өз өрнегін жасап келеді. Бекұзақтың бақыт байрағы – әкеге тарқан ұл Ұлықбектің өлеңдерінде.
Бекұзақ - тайсалмастың тағына мінген талант иесі. Әділет пен қабілет бәйгеге қатар қосылып, додадан дара келетін. 1987 жылы Қызылорда қаласында өткен айтыста жарқ етіп көрініп, айтыс сүйер қауымның сүйіспеншілігіне бөленді. Облыстағы «мен ақынмын» деп жүрген айтыскерлердің бәрін жеңіп, айтыс өнеріне талант тұлғасы бөлек, дарабоз келгендігін мойындатты. Бұдан кейін Керекудегі республикалық айтыста жеңімпаз атанып, атышулы мәңгілікке мұраттаған:
Ақ туын адалдықтың кірлеткем жоқ,
Ойымнан туған жерім бір кеткен жоқ.
Аралдың табанынан су кеткенмен,
Халқымның жүрегінен жыр кеткен жоқ, – деген өлеңі дүниеге келген болатын.
Бала көңіл Бекұзақ қаншама талантты болса, соншама ерке еді. Ол өзін «халық» деген Ананың сүт кенжесі санайтын. Оның жүрісі, оның жымиғаны күннің шуағындай жан жүрегіңді қытықтайтын. Бұл Бекұзақтың бітім болмысы, шынайы келбеті, ізгілік рахаттаған рауан сыйпаты болатын.
Анасы Апахан Бекұзақты ерекше еркелететін. Омырауына басып, мейірлене сүйетін. «Қалғандарың бір төбе, Бекұзағым бір төбе» деп отыратын. Сол кезде айтыс додасында дес бермей жүрген дарабоз Бекұзақты жоғалтып алатынмын. Ана мейіріміне шомылған бала Бекұзаққа қызғанышпен қарайтынмын. Қайран күндер-ай, ақшуақ таңдарды көзден ғайып қылдың-ау.
Өлеңдерің жортып жүр жер биігін,
Жабықтырмай салып жат көз қиығын,
Хан тәңірі, жыр тәңірі болмасам да,
Менің де аласа емес өз биігім!
Бекұзақтың аспаны айшықты жырдың, аламан айтыстың, тұма таланттың ту көгіне айналғалы қашан. Иә, Бекұзақ сенің биігің өлеңнің биігі болатын. Айтыстың асқар шыңы болатын. Сенің биігің – рухтың асқақтығы. Сен – шежіре, көсемсөз теңіз едің. Сен – шабыт шалқытқан, тек тербеткен толқын болатынсың. Сенің тереңдігің, өнердің тереңдігі келешек кемелдің тереңдігі болып қала бермек. Жағалаудағы жасампаз халқыңды рухыңмен қолдап жүргейсің, Бекұзақ!
Өнер ме.....Өнер – ақыл парасатымыздың жан-жақты жеткен биігі, алар асуы! Өмірдің өзі өнер мен өмір!
Бекұзақ тірі болғанда биыл 60 жасқа келер еді. Амал не?

Оңталап НҰРМАХАНОВ,
ақын, режиссер-сценарист
https://kyzylorda-news.kz
26 наурыз 2018 ж. 818 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 707

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031