ҚАЗАҚСТАН – ДОСТЫҚТЫҢ ДӘНЕКЕРІ 2016 жылы талай тағдырды өз шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлығына алған Қазақстанда адамның адамға алғыс айтып, риясыз көңілін білдіретін күні бекітілді. Алғыс – адамның адамға жасаған жақсылығы, кіршіксіз көңілі мен көмегі үшін айтылатын адамгершілік қасиетінің биігі, адамдар арасындағы жарқын қарым-қатынастың көрінісі. Аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде 1 наурыз – алғыс айту күніне орай өткен салтанатты кеште «Алтын-арай» ән-би ансамблі көрерменмен қайта қауышты. Сонау 70-80 жылдары мәдениет саласы майталмандарының, небір қаламгерлер мен сазгерлердің басын қосқан ансамбль республика көлемінде өзін мойындатқан еді. Содан бергі жарты ғасыр уақыт ішінде ансамбль тарих бетінен орын алып, аты аңызға айналды. Аудан руханиятының дамуына үн қосқан өнер ұжымының екінші буын өкілдері мерекелік шара ұйымдастырып, көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады. Шараға аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, өзге ұлт өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты. Салтанатты шара өңір басшысы Қ.Сәрсенбаевтың құттықтау сөзінен бастау алды. – Елбасы Жарлығымен тәуелсіздіктің мерейлі жылында өмірімізге енген атаулы күннің бәріміз үшін маңызы зор. Бұл тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына ризашылығын білдіру арқылы бірі-бірімізге деген алғаусыз құрметіміз бен сыйластығымызды арттыратын күн. Сонымен бірге, 1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясының, «Нұр Отан» партиясының құрылған күні екенін де атап өтуіміз керек. Жалағаш ауданында қазіргі таңда 355 түрлі этнос өкілі тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Олардың арасында орыс, кәріс, шешен, украин, өзбек, әзербайжан, татар, неміс, қырғыз, тәжік, молдован, беларус ұлтының өкілдері бар. Дәстүрлі түрде жыл сайын өзге ұлт өкілдері арасында өнер фестивалдері өтіп тұрады. Сондай-ақ, «Жалағаш достық мекені» қоғамдық бірлестігі де 2016 жылдан бастап түрлі этнос өкілдерімен жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қай кезеңде де жабырқағанның жанын жылытып, мұңайғанның маңдайынан сипап, қиналғанды құшағына қыса білген әлемде бірден-бір халық болса, ол – қазақ халқы деп мақтанышпен айта аламыз. Бүгін міне, тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған халықтың берекелі бірлігі мен тату тірлігі Қазақстанның басты жетістігі десек артық айтқандық емес. Алғыс айту күні құтты болсын. Елбасымыз аман, еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деді аудан басшысы.Салтанатты кеште «Алтын-арай» ән-би ансамблінің вокальды аспапты тобы – бас гитарада Вадим Тигай, ритм гитарада Орынбасар Синаев, дауылпазда Орынбасар Адамбаев, клавиште Бимырза Мақұлбаев және жеке дауыста Мақсұт Бақтияров пен Мамыр Айтжановтар өнер көрсетіп, сонау 80 жылдарда дүркіреп тұрған ансамблдің жұлдызды сәтін көрерменнің көз алдына әкелгендей болды. Мәдениет үйінің сахнасында қайта жаңғырған отты жылдардың өнерпаздары табиғи талант, қайталанбас дауыстарымен тыңдарманды қуантты. Ақын Әбдімәлік Сыздықовтың сөзіне жазылған «Ақбаян» әнін, Мәлік Аяповтың сөзіне жазылған «Сағыныш» әнін бүкілодақтық фестивальдің лауреаттары Рәш Отызбаева мен Тойған Қалжекеновалар орындаса, ҚР мәдениет қайраткерлері Роза Боранбаева мен Төребек Бақтыбаевтар «Қара жорға» биін биледі. Ал, ардагер-өнерпаз Төлепберген Бертаев Құрманғазының «Адай» күйін орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ел арасынан шығып әсем әнімен, күмбірлеген күйімен көрерменнің көзайымына айналған өнерпаздар қаншама десеңші? Өнер сүйер қауым сол талант иелерінің есімін бір сәтте ұмытпайды деп ойлаймыз. Олар туралы сыйластыққа толы күндерін еске алған «Алтын-арайлықтар» әріптестерін бір сәт еске алып, олардың рухына арнап Думан Ахметовтың орындауындағы «Біздің елдің жігіттері-ай» атты толғауына кезек берді. Алғыс айту мерекесіне орай ұйымдастырылған кеште аға буын өкілдеріне бүгінгі жас толқын арнайы гүл шоқтарын табыс етіп, алғыстарын білдірді. Салтанатты кеште аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев сала мамандарына мерекелік марапаттарын табыс етті. Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ. Жаңалықтар 03 наурыз 2018 ж. 766 0