» » ЗАМАНА ҮНІН ДӨП БАСҚАН

ЗАМАНА ҮНІН ДӨП БАСҚАН



Сыр өңірі – талай дарын иелері өсіп-өнген киелі мекен. Ата дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, сан түрлі тарихи оқиғалар мен келелі көзқарастар бір мақсатқа, бір мүддеге тоғысқан өлке. Бұл өңірде өмір сүрген ақын, күйші, жыршы, ғалым мен ерекше дарын иелері аз емес. Ұлт болашағы, ел келешегі үшін елеулі еңбек етіп, ізгілік туын жоғары ұстаған абзал азаматтар да осында. Сыр сүлейлерінің шоқтығы биік шоғыры шыққан қасиетті жерлердің бірі – Жалағаш ауданы.

Жалағаш жері ырыс артып, ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі көпке үлгі болған, дүбірлі додаларда топ жарған қаншама саңлақ спортшының, ақын-жыршының құтты мекені. Осынау киелі жердің біртуар перзенті, тума талант, ақын Төлеубай Үркімбаев та өз заманында елдің мұң-мұқтажын жырға қосқан заңғар ақындардың бірі де бірегейі болды. Халық ақынының алғашқы өлеңдері 1927 жылдан бастап баспа бетінде жариялана бастаған. Сол жылдары жарық көрген қазақ ақындарының «Он жылдағы олжа» атты жинағына бірнеше өлең-жырлары еніп, кейіннен газет беттерінде де жарияланды. Әдебиеттің түрлі жанрларына қалам тартқан ақын өз заманының майталман еңбек адамдарының ерен еңбектері, қоғамдағы жат құбылыстарды болдырмауда өткір, шынайы жырлары қоғамның қозғаушы күні ретінде баспасөз беттерінде үздіксіз жарияланып отырған. Биыл Қазақтың жазба әдебиетіне елеулі үлес қосқан, айтыскер-ақын, шайыр, өткір сөздің шешені, Сыр сүлейлерінің бірі Төлеубай Үркімбаевтың туғанына 120 жыл толып отыр.
Ақынның 120 жылдығы қарсаңында аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында «Тұғыры биік – мәңгілік ел» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. Айтыс – ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, өлмес өркенді, өшпес жалынды көрсетер тағылымы мол өнер бәйгесі. Айтыстың қазақ өмірімен астасып, біте қайнасып кеткендігі сонша, екеуін бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Айтыс өнерін бойға сіңіріп, халықтың қуанышын да, қайғысын да, заман идеологиясын да игере білген ел үмітін арқалаған ақындарымыз тағылымы мол тарихымызды жырлауы кездейсоқтық емес. Ақынның өмір жолын дәріптейтін айтыс аламанына облыстың әр ауданынан он айтыскер келді. Ақындардың өнерін сараптайтын қазылар алқасының құрамында жыршы-термеші, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, қазылар алқасының төрағасы Жұмабек Аққұлов, республикаға танымал айтыскер-ақын, қазылар алқасының мүшесі Ержеңіс Әбдиев, ақын Төлеубай Үркімбаевтың баласы, қазылар алқасының мүшесі Қуанышбай Төлеубаев болды. Аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов Төлеубай атамыздың 120 жылдығымен құттықтап, жас ақындарға сәттілік тіледі.
Айтыстың алғашқы кезеңінде ақындар жұптасып өнер көрсетті. Он ақын бес жұпқа бөлініп, еліміздің алғашқы және қазіргі астанасын жырларына арқау етіп, жыр тиегін ағытты. Асыл сөзден тәлім терген жас ақындар сөз қағыстыруда бір-біріне бас бәйгені бермеуге барынша тырысты. Кіл мықтылар жиналған жыр бәйгесі тартысты өтті. Көрерменнің қолдауымен, қазылардың төрелігімен ақтық сынға өткен алты ақын Құлмамбетше айтыстың үлгісін құрып, шаппа-шап сөз таластырды. Ондықтан үздік шыққан алты ақын жиылған қауымға жақсы көңіл-күй сыйлап, домбыраның қоңыр үнімен тербетті. Жас ақындар айтыс аламанын қыздырып, қазақ өнерінің биігін көрсетті. Қазылардың шешімімен бас жүлдені қызылордалық ақын Бақдәулет Әбілда алды. І орынды қазалылық Бекзат Серіков, ІІ орынды қызылордалық Сандыбай Піржан иеленсе, ал, жүлделі ІІІ орынды шиелілік жас ақын Айқын Төлеген, қазалылық Бекзат Әбдіхан мен қармақшылық Еркебұлан Серік өзара бөлісті. Қалған қатысушылар – қармақшылық Мәди Асанов, шиелілік Елдар Әмірхан, жалағаштық Перизат Мешітбай, қармақшылық Нұрай Өркенбекқызына ынталандыру сыйлығы табысталды. Барлық қатысушы арнайы дипломдарға, қаржылай сыйлықтарға ие болды. Асыл өнерден рухани азық алған жалағаштықтар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.


Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ,

М.АХМЕТОВ (сурет).

29 қыркүйек 2018 ж. 1 344 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930