ЖЫРШЫ ДУМАН

Қасиетті Жалағаш топырағы жыраулар мен күміс көмей әншілерге кенде болмаған. Олар атадан балаға мұра болып келе жатқан жыр-термелерімізді кейінгі ұрпаққа табыстай білді. Бүгінгі күні бабадан қалған қасиетті өнерді дәріптеп, Сыр сүлейлерінің шығармалары мен өсиет-термелерді нақышына келтіріп жырлайтын жыраулар қатарында жас өнерпаз Думан Ахметов те бар.

Жас жыраудың есімі аудан жұтшылығына етене таныс. Оның туған жері – киелі Аққолқа топырағы. Бұл шағын ауылдан республикаға белгілі бірнеше ақын-жыраулар шықты. Думанның әкесі Әділхан Құлтасов та көмейінен жыр төгілген белгілі термеші. Әкеден балаға дарыған текті өнердің құдіреті Думанды да айналып өтпепті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ бойда бар өнерімен көпшілікті тамсандыра білді. Аймақтық, ауданда ұйымдастырылған байқауларда бақ сынап, бас жүлделерді қанжығасына байлады. Осылайша оның есімі өнер сүйер қауымға тез танылып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Мектепті тәмамдаған соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Музыка-педагогика» факултетіне оқуға түсіп, оны 2015 жылы үздік аяқтады. Ол кезде мұндай өнер иесі ауданға да қажет болатын. Мұны ескерген өнер жанашырлары жас маманға өңірге келіп, мәдениет саласының дамуына атсалысуға шақырды. Ұсынысты қабыл алған жас жырау сол кезеңнен бастап Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде жырау, термеші болып қызмет атқарып келеді.
– Ата-бабаларымыз сөз өнеріне, оның ішінде гауһар тастай асыл, өсиет терме, жырларымызға ерекше мән берген. Халық жыр, өсиет-терме айтатындарды жыршы атаған. Олар өз жанынан қисса-дастандар шығармаса да ауыз әдебиеті нұсқаларын, ақын-шайырлар мұрасын жырлаған. Ал апталап, айлап жырлайтын айтулы жыршыларды да халық жырау деп атайды. Менің мақсатым – ата-бабамыздан мирас болып қалған жыраулық дәстүрді насихаттап, алдағы уақытта жастарды өнерге тәрбиелеу. Жалпы, жырау өз жанынан жыр шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі ғой. Сондықтан, халық алдында жырлаған термелер өз нақышында орындалса, көпшілік ұйып тыңдаса біз үшін оның өзі бір бақыт, – дейді жас жырау.
Белгілі жырау Алмас Алматов айтқандай, расымен текті өнер кез келген адамға қонбайды. Оның киесі де, иесі де болады. Жыраулық өнердің де қыр-сыры жетерлік. Ұзақ дастанды әп-сәтте жаттап алу үшін мықты зерде қажет. Осындай текті өнерді бойына дарытқан Думанның жеткен жетістіктері де аз емес. Ол бүгінгі таңда Сыр сүлейлерінің мол мұрасын насихаттауға зор үлес қосқаны үшін республикалық, облыстық жыр-термешілер байқауының жеңімпазы атанып, өнер фестивалдерінің бас жүлделерін жеңіп алды. Талай мәрте аудан абыройын асқақтатқан жас жырау өңірдің жас көшбасшысы да атанып үлгерді.
Жыршы Д.Ахметовтің актерлық қабілеті де бар. Түрлі қойылымдарда басты кейіпкерлердің рөлін сомдайды. Мерекелік және мәдени көпшілік іс-шараларға белсене араласып, жыр сүйер қауымның құлақ құршын қандырар жыр-маржандарды нақышына келтіре орындап, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүр.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Маханбет АХМЕТОВ (сурет).


19 мамыр 2018 ж. 2 445 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930