САТЫП АЛҒАН ДИПЛОМНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?
Қазір – нарық заманы. Кез келген нәрсені қалтаңда ақшаң болса сатып алуға болады. Бірақ ақшаға сатып алынбайтын құндылықтарды бар. Өйткені олардың құны ешқандай бағамен өлшенбейді. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа жолыққанша мен де осылай ойладым.
Өткенде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі университеттерге талдау жүргізгенде оқуға 100 адам түсіп, 800 адам бітіріп шығатынын айтқан болатын. Яғни бұл – 700-дей адам жалған құжатпен жүр деген сөз. Министр бұл олқылықтың алдын алу, жою мақсатында алдағы уақытта қазақстандық ЖОО түлектеріне диплом қағаз түрінде емес, электронды түрде берілетінін де жеткізді. Даудың басы мынау. Әлеуметтік желіде «Барлық оқу орындарындағы дипломдарды ғана емес, басқа да білім дәрежесін білдіретін құжаттарды дайындап, сатамыз» деген желеумен танылған бірнеше сайт бар. Олар бұрындары жабылады дегенмен, әлі іс нәтижесін бермепті. Сайтқа кіре қалсаңыз оң жақ бұрыштан онлайн менеджер «Сәлеметсіз бе? Сізге қандай көмек көрсете аламыз? Дипломның қай түрі керек? Қай оқу орнынан?» деген сұрақ жаудыра кетеді. Бұл компания сізге ЖОО, колледж, техникум дипломдарымен бірге мектеп бітірді деген аттестат, сертификат, анықтамаларды жылдам жасап береміз деп жарнамалап қойған екен. Бір қызығы, сұраған құжатыңыз он күнде қолыңызда болады. Тіпті компания түпнұсқадан еш айырмашылығы жоқ екеніне кепілдік бере алады. Тек құжаттың жалғандығы жұмыс орныңыздан оқу орныңызға тікелей хабарласқан жағдайда ғана анықталуы мүмкін. Бірақ қазір дипломның жалған, түпнұсқа екендігіне ешкім бас қатырып жатпайды. Құжат өткізсеңіз болды. Сайтта дипломның дәрежесіне қарай бағасы да нақты көрсетілген. 100-250 мыңның арасында қаржыңыз болса, дипломның қалаған түрі, қалаған оқу орныңыздан дайындап береді. Ал 500 мың мен бір миллион теңгеңіз болса, нағыз түпнұсқасы қалтада дей беріңіз.
Біз қарап көрген сайт орыс тілінде болғанымен, олар сізге қазақстандық оқу орындары беретін құжаттардың көшірмесін түпнұсқадан айнымайтындай қылып жасап береді. Сонда осы уақытқа дейін қанша адам осы компанияға жүгінді екен? Қанша маман жалған дипломмен тайраңдап жүр десеңізші?! Қаншасы сауаты болмаса да төрт-бес жыл көз майын тауысып оқып, еңбектенген жастардың орнында жүр деген ой келеді. Дегенмен өтіріктің өрге жүзбейтіні белгілі. Ресми ақпарат бойынша жалған дипломмен жұмысқа орналасқандардың әшкере болғаны да бар екен. Бірақ көбі айыппұл төлеумен немесе жұмыстан кетумен шектеліпті.
Сонда нарық заманы екен деп, құны өлшенбейтін құндылықтарды, тіпті білімді де сатып ала салатын күйге жеткеніміз бе? Осы тұста Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Біз blockchain электронды дипломдарын (жүйесінде) шығарамыз. Екіншіден, біз тарихи ақпаратты цифрландырамыз. Шамамен, 1970 жылға дейін жетуді көздеп отырмыз. Бұл процесте біз көптеген мәселеге тап болдық. Мәселен, біршама диплом шығарғандай болып едік, іске келгенде біз олардың іздерін еш жерден таба алмаймыз», – деді. Саланың цифрланғаны дұрыс-ақ. Бірақ бір ғана электронды жүйе тұрмақ, дүниежүзілік қорғанышы мықты банктердің өзін бұғаттан босатып, қарымталап жүрген алаяқтар ше? Оларға қалай тұсау салмақпыз?
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ