ҰСТАЗДАР ҮМІТІ АҚТАЛАР КҮН ЖАҚЫН
Елде төтенше жағдай енгізілгелі тура 1,5 ай уақыт өтті. Жоспарланған талай тірліктің тұралағаны рас. Дүние дидарын түгел шарпыған кесел біздің аймақты да айналып өткен жоқ. Ресми мәліметке сенсек, аты жаман індеттің құрығына сырбойылық 182 адам ілінсе, 100-ден астам науқас дертінен айыққан.
Жасыратын несі бар?! Әу баста коронавирус инфекциясы анықталғанда сансырап қалған саланың бірі – білім саласы. Былай қарасақ, 30 жылдың ішінде 15-ке тарта министр ауысып, реформадан көз ашпаған министрліктің төтенше жағдай кезінде абдырауы заңдылық секілді. Дегенмен, бас мұғалім Асхат Аймағамбетов кеш те болса, бұл қиындықтан шығар жолды тапты. Қазір қашықтан оқу бір ізге түсті. Жағдай қалыпқа келді. Әйткенмен, бұл білім саласындағы түйткілдер түбегейлі шешілді дегенді білдірмейді.
Жалағаштықтар мақтанатын екі сала болса, соның бірі – аудандағы білім сапасы. Бұл ретте тәрбие мен білімді ұштастырған ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Мұғалімдердің еселі еңбегі жалағаштық түлектердің жетістікке жетуіне жол ашты. Мәселен, 2018 жылы ҰБТ-ға аудан көлемінде 246 түлек қатысып, орташа балл 87,4-ті құрады. Бұл көрсеткіш өзге аудандармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Сөйтіп, облыс көлемінде аудандар арасына үздік атанды. Өткен жылғы көрсеткіш те көңіл көншітерліктей. Былтыр тестілеу нәтижесімен облыс бойынша аудандар арасында екінші орынға жайғасты. Білім бәсекесіне қатысқан 203 түлектің 183-і мемлекеттік грантты жеңіп алды. Мектеп бітірушілердің 52-сі «Серпін» бағдарламасы бойынша тағы да мемлекеттік гранттармен оқу орындарына түсті. Бұл мемлекет тарапынан аталған салаға көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесі екіні анық. Биыл да жалағашқтық түлектер табандылық танытып, тағы да топ жарады деп сенеміз. Бірақ «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім атамыз айтқандай, биылғы ҰБТ-ның өткізілу форматында бұрынғыдан айтарлықтай айырмашылық болайын деп тұр.
Төтенше жағдай режиміне көшкелі көпшіліктің көкейінде күдік көбейді. Әсіресе, білім ордасын тамамдағалы тұрған түлектердің көңілі күпті. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу мен мемлекеттік емтихан қалай өткізіледі? Нендей өзгерістер болуы мүмкін? Түйткілді тақырып төңірегінде тарқатсақ...
Бүгінге дейін 9-11 сынып бітірушілері аттестат алу үшін мемлекеттік емтихан тапсырып келді. Қалыптасқан ахуалға байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі 9 (10) сынып оқушылары үшін қорытынды аттестаттау емтихандарын, ал 11 (12) сынып оқушылары үшін мемлекеттік қорытынды аттестаттау емтихандарын өткізбеу туралы шешім шығарды.
– Мемлекеттік емтихан болмайды. Ағымдағы бағалар негізінде жылдық баға шығарылады. Бұл баға аттестатқа қойылады. Біздің 11-сынып оқушылары аттестаттарын осылай алады. Көптеген елдер қорытынды емтиханнан биыл бас тартты, біз де осындай шешім қабылдадық, – дейді бас педагог Асхат Аймағамбетов.
Ал Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу мерзімі өзгеріссіз қалды. Түлектер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылған дайындық тестілерін тегін пайдалана алады. Әр пән бойынша тестілеудің 70 нұсқасы ұсынылған. «Қолданыстағы ережеге сәйкес, ҰБТ өткізіледі. Мерзім өзгерген жағдайда, ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланады. ҰБТ-ны балалардың қауіпсіздігіне 100 пайыз сенімді болған жағдайда ғана өткіземіз» делінген Ұлттық тестілеу орталығының хабарламасында.
Бұған байланысты ҚР Білім және ғылым министрі де ҰБТ тапсыру мерзімін өзгертуге ешқандай негіз жоқ екенін айтып отыр. Пандемия жағдайы маусым аяғына дейін дұрысталса, дәстүрлі режимде өткізіледі.
– ҰБТ – оқушылар үшін маңызды қадам. Оларға тиісті көмек беріп, қол ұшын созуымыз керек. Бұрын орталықтарға, мектепке барып дайындалатын еді. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Ұлттық тестілеу орталығы 70 нұсқаны өз сайтына енгізді. Балалар сол нұсқалармен әбден дайындалып, тағы керек десе, жаңа нұсқаларды ақысыз беруге дайынбыз, – деді Білім және ғылым министрі.
Осыған дейін ұстаздарын жерге қаратпаған жалағаштық түлектер биыл да оң нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенеміз. Жалпы өткен ҰБТ мен салыстырсақ, бұл да қазіргі мектеп оқуышыларының қашықтан оқуы секілді. Ешқандай айырмашылық жоқ. «Алдағы 11 жылдық жиған білімнің қорытындысы қалай болады» деп алаңдауға да еш негіз жоқ. Электронды түрде дайындық жұмыстарын жүргізуге жауапты министрлік бар жағдайды жасап отыр.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ