МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕТІН БОЛАДЫ
Бірнеше айдан бері дүниежүзі дүрбелеңге түсуде. Сонау Қытайдың Ухань қаласында алғаш рет тіркелген коронавирус індеті жүздеген елде таралып, қаншама адамның өмірін қиды, сегіз жүз мыңға жуық науқас осы дертпен күресуде. Өкінішке орай қауіпті вирус біздің елді деп айналып өтпеді.
Елордада алғаш рет тіркеліп, қазір бірнеше облысқа жетті, жұқтырғандар саны күннен күнге артуда. Осыған орай ел ішінде төтенше жағдай жарияланды. Қазір халықтың алаңдаулы күйде екенін жасыра алмаймыз. Осы ретте бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, барлық өңірде карантинді күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы "Бүгінде еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне үш ай бойы қосымша үстеме ақы төленеді. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық" деп, бүкіл адамзатты алаңдатқан дертпен бетпе бет келіп, денсаулығы сыр берген әр науқас үшін аса жауапкершілікпен жұмыс жасап жүрген медицина саласының қызметкерлерінің табандылығын ерекше атап өтті. Бұдан бөлек, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілетінін, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін он пайызға индексациялауды, шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдау шараларын арттыруды тапсырды. Ел Президентінің мәлімдемесінде айтылған мәселелердің бәрі қазақстандықтар үшін дәл қазіргі сәтте үлкен көмек деп ойлаймын. Білім саласына келетін болсақ, бүгінде оқушылар түгелдей демалысқа жіберілді. Онлайн түрде тапсырмаларды беріп жатырмыз. Енді қашықтан оқыту формуласына көшуге әзірлік жұмыстары жасалуда.
Бұл әлемге таралып жатқан дертпен күресу оңай болмай тұр. Қазақстандықтардың, әсіресе ата-аналардың міндеті балаларға аса жауапкершілікпен қарау, сақтық шараларын күшейту болып отыр. Тіпті баланың қол жууына, тазалық, жеке бас гигиенасын сақтауына мән беру қажет. Сонымен бірге сабақ үлгеріміне назар аударған жөн. Қашықтан оқытуға ілесіп, үйден болса да мектеп бағдарламасынан қол үзіп қалмас үшін сабағын қайталатып оқыту керек. Бүгінгідей қиын жағдайда ел болып бірігу, дәрігерлер айтқан сақтану шараларын қатаң ұстану аса маңызды.
Нұрсұлу ТОРАҚБАЕВА,
№203 орта мектептің мұғалімі