Ел ішінде қиындық туындамайды
Әлемдегі ахуал қиын болып тұр. Әлемді жайлаған қауіпті жұқпалы індет біздің елімізге де келді. Мұндай жағдайда адамзат баласы қауіпсіздік шараларына аса мән бергені жөн. Бұл жайында дүние жүзі дабыл қағып, сәт сайын ескерту жасап жатыр. Сондықтан біз ел болып осы қиындықты еңсеруге тиіспіз. Жұқпалы дертпен күресудің ең тиімді жолы – үйден шықпай, санитарлық сақтық шараларын қатаң сақтау.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты бүгін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына мәлімдеме жасады. Президент өз мәлімдемесінде әлем бойынша індеттің тез таралып келе жатқанын, әйтсе де Қазақстанда төтенше жағдайлар жарияланып, вирустың таралуына тосқауыл қойылғанын тілге тиек етті. Мамандардың айтуынша, қазір елдегі ахуал жіті бақылауда. Сондай-ақ Мемлекет Басшысы дәл қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде карантин күшейтілгенін жеткізді және қазақстандықтарды осындай сындарлы сәтте мемлекетке қолдау көрсетіп, барынша сабыр сақтап, дүрбелең тудырмауға шақырды. Бастысы, Президент індетке шалдыққан адамдарға және тұрғындарға қажетті көмек көрсетілетінін айтып көңілімізді бірлеп қойды. Айта кетуіміз керек, ел басына күн туған осындай қиын сәтте ауыр салмақ дәрігерлерге түсетіні белгілі. Сондықтан Қ.Тоқаев өз мәлімдемесінде пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүрген медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру үшін оларға үш ай бойы қосымша қаржылай қолдау көрсетілетінін айтқанда шын қуандық. Өйткені бұны тек дәрігерлерге ғана көрсетіліп жатқан көмек емес, халықты індеттен сақтаудың бір жолы деп түсінгеніміз дұрыс.
Төтенше жағдай режимінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болатынын айтқан Мемлекет Басшысы осындай қиын кезеңде азаматтарға және бизнеске қолдау көрсету мақсатында мемлекет тарапынан 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 3 млн-ға жуық азаматтарға көмек көрсетілетінін жеткізді. Сонымен бірге 800 мыңнан астам адамға тегін азық-түлік берілетінін және сол секілді тұрғындарға медициналық көмек көрсетіліп, шағын және орта бизнес өкілдері уақытша салықтан босатылып, сауда, көлік қызметі, қонақ үй, туризм және басқа да салаларға осындай қолдау болады деді. Бұның өзі көңілге медеу. Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін де қазынадан 70 млрд теңге, одан бөлек көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 млрд теңге бөлініп, жанар майдың нарықтық бағасы 15 пайызға арзандайтын болды. Бұл дегеніңіз көктемгі егіс те өз уақытында басталып, жылдағы жұмыс өз ауанымен жалғаса береді деген сөз. Ендеше, бізге көп даурыға берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Қаңқу сөздер, жалған ақпараттар арқылы ел арасын дүрліктіре бермей, осындай қысылтаяң кезде мемлекетке, билікке халық болып үлкен қолдау көрсеткеніміз жөн. Сонда ғана өңмендеп тұрған індеттің бетін қайтарамыз.
Б.КӨШТАЕВ,
кент ардагерлері кеңесінің төрағасы.
кент ардагерлері кеңесінің төрағасы.