» » Алтын Орда және қазақ даласы

Алтын Орда және қазақ даласы

Ел Президенті Қ.К. Тоқаев Алтын Орданың тарихтағы орнын қазақ мемлекеттігінің бастауы деп біледі. Қасиетті Ұлытауға барған сапарында «Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек» деген еді.

Иә, Алтын Орда тарихы алып империяның тарихы ғана емес, ол біздің мемлекеттігіміздің де бастауы. Сонымен...
...Шыңғыс хан Онон мен Орхоннан шығып қара дауыл құйындай Қытайды шауып, ат басын 1218 жылы Қазақ даласына бұрды. Олар Қытайдың зеңбіректерін, отқаруларын, қабырға құлатқыштарын ала келді. Енді олар бұрынғыдан да күшті армия құрды.
Моңғол әскерлері әркімнің діні өзіне деп ұрандайтын. Бұл ішкі тайталасты туғызды. Өз билеушілеріне наразы халық Шыңғысхан жасағына аса қарсылық та білдірмегендей еді.

Ұлан байтақ қазақ даласы Шыңғысхан үшін таптырмайтын қоныс болды. Малға да, адамға да, жасаққа да жайлы.
Жетісуды шапқан Шыңғысхан әскері Сырдария мен Хорезмге қарай бет алды. Өйткені Отырарда болған қанды қырғын Шыңғысханға тыныштық бермеді.

Хорезм шахтың Отырардағы сенімді билеушісі 500 түйеден тұратын моңғолдың керуенін тоқтатып, 450 керуеншіні өлтірді, – деп жазылды бұл туралы 1943 жылы шыққан «История Казахстана» атты кітапта. Иә, тарихи дерек осылай дейді.
1219-1221 жылдар арасында Шыңғысхан армиясы тұтастай Орта Азия мен Хорезмді жаулап алды.
Қазақтың ұланғайыр даласын қалай басқару керек? Міне, осы сұрақтар Шыңғысханды қатты мазалады. Өзен-көлі де, теңізі де, жайылымы мен егістері де бар жерді басқару оңай емес. Сондықтан да ол Қазақ даласын өз ұлдарына үлестіріп бергенді жөн көрді.
Шыңғысхан үлкен ұлы Жошыға негізінде қазақ даласын тұтастай билеуге, ал Шағатайға Жетісудың Оңтүстік өлкесі мен Зеравшан жағын берді. Екі ұлдың үстінде Шыңғысханның өзі тұрды.

«Екі қошқардың басы бір қазанға симайды» деген қазақ мақалы шындыққа ұласты. Жошы мен Шағатай бір-біріне бағынудан қалды. Әсіресе, Шыңғысхан өлген соң ағайынды екеудің арасы бітіспес жауыздыққа ұласты.
ХІІІ ғасырдың ортасына қарай біркелкі моңғол билігі шытынап, іргесі сөгілді. Оған 1246 жылғы құрылтай себеп болды. Ұлы қаған болып Шыңғысханның немересі Күйік хан ақ киізге көтерілді.

Бұл билікті бөліп жіберді. Жас қағанға Жошының ұлы Батый бағынғысы келмеді.
Және ол Көкорда, Ақорда деп атала бастады. Шығыс деректерінде Көкорда деп аталса, Еуропа мен Орыс деректерінде Ақорда, кейін Алтын Орда деп атала бастады. Ол туралы дерек 1564 жылы жазылған «Қазан хандығының тарихы» атты кітапта айтылады.
Алтын Орда деп неге аталған? Бұл туралы нақты дерек жоқ. Кейбір аңыз әңгімелерде Өзбек хан таққа отырған соң шетелдің елшілері мен саудагерлерін алтындатқан шатырда қабылдаған. Содан кейін Алтын Орда аталып кеткен көрінеді. Қалай болғанда да Алтын Орда Дешті Қыпшақ даласы мен Русьте үлкен саяси-экономикалық рөл атқарды.
1255 жылы Батый дүние салды. Ол кезде Батый бар болғаны 48 жаста еді. Ол моңғол әдет-ғұрпы бойынша шамандардың қатысуымен жерленді. Таққа аурушаң Сартақ отырып екі жылдай хан тағына иелік етті. Сартаққа ұлы хан Мөңкенің өзі бата берді. Гильум Рубрук пен Парсы тарихшысы Джузжанидің деректеріне қарағанда ол христиан дінін қабылдаған. Бірақ оған қарамастан алты әйел алады. Таққа мұрагерлер қажет еді.
Жошының үшінші ұлы Батыйдың інісі Берке хан таққа отырды. Бұл кезде ол темір үзетін жаста еді. Елу бестер шамасында. Ол көзі қарақты, ел басқарудың жаңа жүйесін қалыптастырды. Қағандыққа қарайтын Ресей жерінде салықты реттеу үшін санақ жүргізді. Бұл 1257 жылдарды қамтиды. Салық жинаушылар басқақ деп аталды. Олардың арасында татарлар да, моңғолдар да, қыпшақтар да, орыстар да болды. Олар хан қызметкерлері болатын.
Берке Ислам дінін қабылдап, оның таратушысы да болды.

1259 жылы Моңғол империясының астанасы Қарақорымда ұлы Мөңке хан дүние салды. Енді билік үшін, тақ үшін жанталас тіпті күшейді. Таққа Құбылай мен Арықбұға таласты. Екеуі де Шыңғысханның төртінші ұлы Толыйдың ұлдары еді.
Күрес 1264 жылы Құбылайдың пайдасына шешілді. Бірақ Берке хан ұлының есімі жазылған тиынды шығаруды тоқтатты. Осылай Алтын Орда «Ұлы қағанның ұлысынан» біржола бөлініп шықты.
Персия мен Қосөзен бойында енді тәуелсіз Хұлагу ұлысы пайда болды. Орта Азияда Шағатай ұлысы құрылды. Оның астанасы Самарқанд болды.

Алтын Орда өзінің географиялық жағынан ұлан­ғайыр өлкені қамтыды. Оның бір шеті Венгрия мен солтүстігінде Орыс князьдіктерімен шектесті. Қара теңіздің жағалауларымен Дунай бастауымен бүгінгі Сочиге дейін Қырымды қосқанда Алтын Орда ұлысына кіретін.
Алтын Орда мен Хұлагу хандығы Кавказды иемдену үшін жанталаса күресті. Ал шығысында Алтын Орда Об пенен Енисей бастаулары бойына иелік етті.
Басы бірікпеген Шыңғысхан тұқымдары ақыр соңында алып империяны бөліп бөліп алды да, бір-бірімен аяусыз күрес жүргізді.
ХІV ғасырдың басында Өзбек хан тақты иеленіп, Алтын Орда қайта біруысқа жинала бастады. 1312-1340 жылдар Алтын Орданың дәуірлеген шағы болды. Ірі-ірі қалалар салынды. Оның алғашқы астанасы Ұлы Бұлғар елді мекені болды. Осы жерде Алтын Орданың тиындары құйылды.
Қыш, металлургия, былғары, құрылыс, сүйек өңдеу, зергерлік бұйымдар жасалып, сауда орталығына айналды. Өзен портына жан-жақтан сауда кемелері келіп жатты. Ол «Аға базар» деп аталды. Бұл жерде ішкі және Орта Шығыстан, Батыс Еуропадан сауда кемелері толассыз келіп жатты.
Мұнда сан түрлі ұлттар тұрды. Діндері бөлек болды. Мұсылман мешіттері мен христиан шіркеулері қатар тұрды. Осы жолдың авторы сол тарихи орында болып, көне және қазіргі жағдайын оқырманға жеткізе кеткісі келеді. Сол кен орындары мен металлургиялық пештердің қалдықтары әлі де бар екен. Сол жерде үлкен этнографиялық қалашық салынған.
Айта кетелік, Батый хан Орталық Еуропаны шауып келген соң, Еділ (Волга) бойындағы Ақтөбе деген жерге келіп тоқтайды. Бұл бүгінгі Астрахань қаласынан 120 шақырымдай жерде. Сол жерде өзеннің биік жар қабағына тұрып Батый ұлан асыр далаға көз салады. «Мен бұдан кең даланы, бұдан артық жазықты, жайылымды, мұндай сәф ауасы бар жерді көрген емеспін. Болды. Енді осында тұратын боламыз» дейді. Осылай өзен «Болды», орысша бұрмалап «Балда» деп аталып кетеді.
Қала Сарай Ал-Махруса (Құдай қолдаған сарай) немесе Сарай-Бату деп аталады.
ХV ғасырдың басында бұл қалада 75 мыңға жуық адам тұрса керек. Дәл сол кезде Париж бен Римде 25-30 мың ғана адам тұрғаны тарихтан белгілі.
Қалада мешіттер, медреселер, моншалар мен жабық базарлар, керуен сарайлар салынды.
1282 жылы Ал-Махруса сарайында тиын құйыла бастады.
Бұл Еділ бойындағы гүлденген қала болды. 1438 жылы Тараздан келген саудагер мынандай дерек қалдырыпты.
Хорезм асып келген саудагер 21 мың динарға сауда жасап 50 пайыз пайда тауыпты. Оған Сарай-Батудан жібек, атлас, мауыт сатып алады. Ол Батыс пен Шығысты жалғастырып тұрған ірі қала болыпты.
Бірақ қала тағдыры адамдардың тағдыры сияқты аянышты болады екен. 1588 жылы Федор Иоаннович патша Алтын Орданы қиратып, мешіттер мен медреселерін, сауда палата орындарының күлін көкке ұшыру және бөлек Астрахань қаласын салу жөнінде жарлыққа қол қояды. Ал ХVІІІ ғасырда ұлы Петр – І Сарай Бату қаласының орнында селитра зауытын салуды жүзеге асырады.
Ф.В. Баллод пен П. Рыков ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында Сарай-Батый қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Оны «Еділ бойының Помпеясы» деп атайды.
Сонымен археологиялық жұмыстар нені көрсетті? Ірі-ірі сарайлардың орны, олар ыстық ауамен жылытылған. Хауз, одан әріректе биікте тұрған тақ алтынмен апталған түскиіз қалдықтары шыққан.
Екі күндік жолда хан қорымы бар екен. Онда Алтын Орданың хандары немесе сұлтандарының төрелелері жерленген. Жергілікті халықтың айтуынша Өзбек хан осында жерленіпті. 1395 жылы Ақсақ Темір қаланы шапқанымен оны қиратпаған. Оның сыры Өзбек хан қорымымен байланысты болуы да мүмкін.
ХІІІ ғасырдың соңында бүгінгі Астраханьнан 12 шақырым жерде Ас-Тархан қаласы салынған. Ол да Алтын Орда қаласы. Бірақ ол астана мәртебесін алмаған.Ірі сауда орталығы. Еділдің оң жағалауындағы биік жерде орналасқан. Тарихта аты қалды. Араб саяхатшысы Ибн-Батута XIV ғасырдың 30-шы жылдарында осында болып «Үлкен базарлары бар сәулетті қалалардың бірі» деп дерек қалдырыпты.
1396 жылы Темір лашкерлері Ас-Тарханды тонап, оны өртеп жіберген. Бірақ Иософата Барбора атты Венециандық дипломаттың жазғанында Ас-Тарханның күлталқаны шыққан қала екен деп жазады. (Барборо и Канторини о России к истории итало-российских связей в ХVІ веке. Ленинград. Наука. 1971. 157 с.).
ХІІІ ғасырдың аяғында Берке хан Алтын Орданың тағы бір қаласын салды. Ол Сарай-Берке (Сарай әл-Жедад - жаңа сарай) деп аталды. Бұл жөнінде әртүрлі дерек бар. Бір тарихшылар Сарай-Беркені Өзбек ханның атымен, ал кейбіреулері Жәнібек ханның атымен байланыстырады. ХІV ғасырдың басында, 40-жылдарда Жәнібек ханның тиындары соғылғаны тарихи ақиқат. Бұл күнде Ресейдің Волгоград қаласынан 55 шақырым жердегі Ақтөбе өзенінің сол жағалауындағы қаланың қираған қалдықтарын әлі де көруге болады.
Араб саяхатшысы Ибн-Баттута 1333 жылы Сарай-Беркеде болғанын төмендегіше сипаттайды: «Сарай жазық жерде орналасқан, әдемі базарлары бар, кең көшелі, адамдары көп, дамыған сұлу қалалардың бірі. Бірде атқа мініп қала ақсақалдарының бірімен оның аумағын білу үшін арнайы аралауға шықтық. Біз қаланың бір шетінде тұратын едік. Содан таңертең шығып, екінші шетіне түс ауа жеттік... Ылғи үйлер мен үйлер. Бір бос орын, не бау-бақ көрмедік». (Сонда 157б.)
Сол деректерді оқысаңыз таң қаласыз. Үйлердің көпшілігі өрнектелген, су құбырлары мен жылу жүйесі болған. Көпшілігі кірпіштен салынған.
Қала шетінде бау-бақтармен көмкерілген ақсүйектер мен байлардың сарайлары бар. Әлемнің әртарабынан саудагер, көпестердің бірі келіп, бірі кетіп жатады. Ресейден Еділдік Болгарлардан тон, морж тұмсықтары, былғары, нан, жүн, ал Балтық бойынан моншақ, Еуропадан, Мысыр мен Сириядан Генуияның, Қырым мен Тавриядағы колониялары арқылы шарап пен әйнек, мауыт(сукно), қару-жарақтар мен әшекей бұйымдар келіп жатты. Кавказдан самшит, Орта Азия мен Қытайдан мата, мақта өнімдері, жібек маталар, фарфор, Арабиядан тәттілер мен әшекей бұйымдар келеді екен.
Профессор Ф.В.Баллод Сарай-Беркенің көлемі 48 шаршы шақырым деп бағалапты.
ХІV-ХV ғасырлардағы орта ғасырлық географиялық карталарда Еділдің екі жағалауында басқа да бірнеше қалалардың болғандығы көрсетіледі.
1375 жылғы Каталон картасында Бельджимане деген қала тұр. Мұны араб жағрафияшысы Абудари де көрсетеді. Бұл бүгінгі Саратов облысында тұр. Ол су қала деген ұғымды білдіреді.
Су қаланың батысында Укек деген қала болған. Ол 1333-1334 жылдары салынған шағын қала. Жоғарыда айтқан Ибн-Баттута Укек туралы былай деп жазба қалдырған. «Біз Укек қаласына қарай бет алдық... Ол орташа қала. Бірақ әдемі құрылыстары бар.»
Укек тұрғындары Ислам дінін ұстанған екен. Бірақ археологиялық қазбалар мұнда христиандар да тұрғанын айғақтайтын кресттер кездестірген. Укекте 1395 жылы Ақсақ Темірдің қаһарына ұшырап жермен жексен болған.
Кама бойында да Алтын Орда қалалары бой көтерген. Жүкетау, Краснохуторское, Павловское, Тишанское, Дурновское, Глазуновское, Құмылшы, Сытникова, Азак секілді қалалардың барлығы Алтын Орда дәуірінің ескерткіштері.
Бұл – Алтын Орданың тек шапқыншылықпен айналыспай, үлкен өркениет қалыптастырғанының айғағы. Осылай ұлы дала бойында әкімшілік-сауда орталықтары құрылған. Сауда-саттықпен бірге қолөнері, әдебиет пен мәдениет, сәулет өнері дамиды. Медреселер арқылы білімді ұрпақ орнықты. Әлемдік керуен жолдары арқылы да, су көздері арқылы да керуендер ағылып келіп жатты. Батый хан дәуірінен бастап Алтын Ордада пошта байланысы да орнықты. Бұл деректер Джувейни мен Рашид-ад-дин сынды тарихшылардың еңбектерінде бар.
Пошта бекеттері ең әуелі Қарақорым мен Бежинді жалғастырған. Рашид-ад-диннің дерегі бойынша әрбір бес фарсах, яғни 25-30 шақырым сайын 37 ям, яғни бекет болған. Онда мыңға жуық адам тұрған. Олар бекеттерді, жүргінші, елшілер мен сауда керуендерін қорғаған. Лау аттары дайындалған.
Патшалық Орыс мемлекеті татар, моңғол билеген заманды бұрмалауға мүдделілік танытқан. Кеңес Одағы кезінде де бұл үрдіс жалғасын тапты. 1944 жылы ВКП(б) орталық комитетінің арнайы қаулысы шыққан. Осылай, Алтын Орда дәуірін зерттеуге, оқытуға тыйым салынады.
Қазақ даласы Алтын Орда тұсында құлдырауға ұшырамапты. Өйткені бұл кезде моңғол шапқыншылығына қарағанда, бұл өлкелер экономикалық жағынан орнықты, мәдени-рухани жағынан жоғары деңгейдегі халық болатын. «Қырым, Приазов өлкесі, Аму-Дария мен Сыр-Дарияның төменгі жағы өрлеу үстінде болды. Алтын Орданың Сарай-Берке, Сарайшық, Сығанақ, Үргеніш, Кафа (Феодосия), Астрахань және басқа да қалалары болды». (История Казахстана. Издание 1943 года.).
Иә, ХІV ғасырдың аяғына қарай Дешті Қыпшақ даласының Шағатай ұлысына қарайтын оңтүстік өңірінде феодалдық патриархалдық жағдай қалыптасты. Шыңғысхан тұқымы негізінен билікке ие бола алмай қалды. Моғолстан бой көтерді. Оны Полатшы Әмір құрды. Бірақ халықтың санасында қалыптасқан салттан аса алмай, сұлтан Тоғлық Темірді хан көтерді. Бұл кезеңде Моғолстан күрт көтерілді. Бірақ халықтың басы ортақ мақсатқа жұмыла алмады.
1362 жылы Моғолстанда тағы да тақ үшін күрес өршіді. Өзбек хан өлгеннен кейін әр ұлыс өзін тәуелсіз, еркін сезінді. 1362-1380 жылдар аралығында Алтын Орданың он төрт ханы ауысқан екен. Жоғарыда айтқанымыздай Алтын Ордадан Ақ Орданың бөлініп шығуы болашақ қазақ хандығын құруға жол салды. Сығанақ қаласын астана еткен Ақ Орда да үлкен саяси сындарлы сыннан өтті. ХІV ғасырда Алтын Орда ханы Тоқты дүние салды. Сасы Бұқа Алтын Орданың өкілі ретінде Ақ Орданы биледі. Одан соң таққа оның баласы Ерзен отырды. (1320-1345). Ол біршама табыстарға қол жеткізді. Көптеген медреселер ашылды, мешіттер бой көтерді, сәулеткерлік дамыды.
Тарихи деректерге қарағанда Ерзен өлген соң өзара тартыс тіпті күшейіп кеткен. 1350-1364 жылдары сегіз ханның бәрі де дүниеден өз өлімімен өтпеген.
1346-1350 жылдары Алтын Ордаға оба індеті келді. Бұл Қытайдан келген індет болатын. Дешт-Қыпшақты індет жайлады. Әрі ол Қырым мен Еділ Бұлғарларына жойқын өлім алып келді.
Ескі славян тіліндегі Орыс жылнамасына назар аударалық: «Бысть от бога на люди подо восточною страною, на город Орнач (Үргенш –У.Қ.) и на Хазьторкань (Астрахань – У.Қ) и на Сарай и на Бездеж ( Бельджамин – Еділдегі қала – У.Қ) и прочие грады в странах их, бысть – мор силен на Бесерманы (мұсылмандар – У.Қ) и на Фрязы и на Черкасы и на всех иамо живущих, яко не бе кому их погребати».
Сонда өлілерді көмуге тірілер табылмаған ғой. Сол дерек бойынша бір ғана Қырымда 80 мың адам опат болған.
Бұл Алтын Орданың ықпалының төмендеуіне және ыдырауына басталған жол болатын.
Орыс ханның таққа отыруы ішкі бүлікке тыныштық алып келді. Ол Алтын Орданы қайта жаңғыртуға күш салды. Ақ Орда мен Алтын Орда бір мәмілеге келді. Бірақ ішкі қыжыл мүлдем басылмаған еді. Әмірдің бір ұлы Тоқтамыш Орыс ханға бағынудан бас тартты. Сөйтіп Мавреннахрдың билеушісі Темірге барып қосылды. 1377 жылы Орыс хан өлгеннен кейін Тоқтамыш Сығанақты билеп қана қоймай Алтын Орданы өз билігінің шегіне кіргізді. Бірақ Мавреннахрда Барлас руынан шыққан Әмір Темір билікке келді. Ол Самарқандты астана жасады.
Ол әскери басшылығы биік, жауға шапқанда алдыңғы шепте жүретін қолбасшылық мінезімен әскердің рухын көтереді. Сырдарияның отырықшы өлкелерін өзіне бағындыру арқылы ол әскерлердің азық-түлік мәселесін шешті. Осылай Сыр-Дария мен Әму-Дарияның шекарасынан асып көзін Персияға, Солтүстік Индияға, Кіші Азия мен Кавказ жаққа тікті.
Әмір Темір 1391 жылы Алтын Орда ханы Тоқтамышты күйрете жеңді. Енді қазақ даласын тұтастай басқаруға ниеттенді. Әмір Темір хан түбімен ғана емес, діни өзгерістер арқылы халық жүрегіне жол іздеді. Қираған Ашпар қаласын қалпына келтірді. Түркістанда атақты Қожа-Ахмет Яссауи мешітін салдырды.
Күш жиып, кәсіби лашкер шебін жасақтаған Әмір Темір 1395 жылы Алтын Орданың айбыны - Сарай-Беркені басып алды. Жоғарыда жазылғандай ол Сарай- Беркені жермен жексен етпеді, өртемеді де. Осылай өзінің үстемдігін дәлелдеді. Әрі Алтын Орданың бұрынғы үстемдігін жойды.
1405 жылы Әмір Темір дүниеден өтті. 1425 жылы Темірдің немересі Ұлық-бек ғалым Моғолстанды жауламақ болды. Бірақ кескілескен күресте Моғолстан өзінің тәуелсіздігін сақтап қалды. Таққа Есен-Бұғы отырды. Алтын Орданың ыдырауына орай Ұлы далада Өзбек және Ноғай хандығы құрылды. Бұдан кейін олардың ішінде тақ таласы басталды. Өзбек хандығына Сұлтан Орда Ишен мен Шыңғысханның немерелері Шейбани ханның тұқымы күреске шықты. 1428 жылы Шейбани тұқымы Әбілхайыр хан таққа отырды.
Жәнібек хан мен Керей хан олардан қашып Моғолстанға келді. Олар жаңа Қазақ хандығының туын көтерді. Алтын Орда елдің әлеуетін де өсірді және жаңа мемлекеттер құрылуының бастауы болды.
Иә, осылай қазақ хандығы құрылды. Қазақ мемлекет­тігінің қиын да қастерлі жолы басталды.

Уәлихан Қалижанов,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
ҰҒА академигі
02 маусым 2020 ж. 486 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930