Алтын Орда мемлекеті
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының үлесі Ертістен батысқа қарай және Қойлық пен Хорезм шекарасынан Саксин мен Бұлғардың татар аттарының тұяғы тиген жерлерге дейінгі ұшы-қиырсыз аймақты алып жатты. Анығырақ айтсақ, Жетісудың солтүстік бөлігін және төменгі еділ бойына дейінгі жерлерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты қамтыды.
1227 жылы Шыңғысхан дүниеден өтті. Ұлы қаған өлгеннен кейін, 1235 жылы Қарақорымда өткен моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еуропаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады. Моңғол әскерлерін Шыңғысханның мұрагер немересі, Жошының екінші ұлы Бату басқаратын болды. Бату әскері 1236 жылы Камадағы бұлғарларды, мордваларды талқандап, 1237 жылы орыс мекендеріне келіп шүйлікті. Рязань, Мәскеу, Владимир түбінде кескілескен ұрыс жүрді. 1239 жылдың басында моңғол әскері Еділ өзенінің ту сыртынан орыс жеріне екінші жорыққа аттанды. Бойында Шыңғыстың қаны бар Бату соғыстың айла-тәсілдерін жақсы меңгерген мықты қолбасшы еді. Моңғолдар Перяславль қаласын, онан кейін Чернигов қаласын алып, оны өртеп күлге айналдырды. 1240 жылдың күзінде Бату Киевті талқандады. Онымен де тоқтамай, моңғолдың қалың қолы Польша, Венгрия, Чехияны және басқа да елдерді жаулап алды.
Батудың екпінді жорығының арқасында моңғолдар кең-байтақ жерге ие болды. Оның шегі батыста – Днестрге, шығыста – Ертіске, солтүстікте – Батыс Сібір ойпатына, Оңтүстікте – солтүстік Кавказға дейін жетті. Бату иеліктерінің құрамына оңтүстік-шығыста Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төменгі жағындағы жерлер енді. Оңтүстік орыс княздіктері де Батуға тәуелді болды. Осындай аса зор мемлекет шығыс деректемелерінде Көк Орда, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деп аталды. Алтын Орда қуатты да, айбарлы мемлекетке айналды. Бұл мемлекетті 1243-1255 жылдары Бату, 1255-1266 жылдары Берке, 1266-1280 жылдары Мөңке-Темір, 1280-1287 жылдары Төде Мөңке, 1287-1291 жылдары Төле-Бұқа, 1291-1312 Тоқа-Темір, 1312-1342 жылдары Өзбек, 1342-1357 жылдары Жәнібек секілді хандар басқарды және осы қағандардың тұсында Алтын Орда қуаты кемеліне келіп, билігі мейлінше күшейе түсті. Егер Жошы мен Бату Моңғолиядағы ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастап Алтын Орда хандары өздерін тәуелсізбіз деп есептеді. Ол Батыс Еуропамен, Мысырмен, Кіші Азиямен, Үндістанмен, Қытаймен сауда-саттық жүргізді, әртүрлі кәсіппен айналысып, қолөнерді дамытты. Беркенің кезінде Алтын Орда мен Египет сұлтаны Бейбарыс арасында байланыс күшейе түсті. 1262 жылы Бейбарыс Алтын Орда ханы Беркемен өзара достық қарым-қатынас орнату үшін өз елшісін жіберді. Мұнан кейін екі ел арасында әскери, сауда, діни, мәдени байланыстар орнады.
Берке хан тұсында Алтын Ордаға ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында үстем дінге айналды. 1321 жылы Өзбек хан исламды Алтын Орданың мемлекеттік діні деп жариялады. Алтын Орданың гүлденген кезеңі осы Өзбек хан (1312-1342 ж.ж.) мен оның баласы Жәнібек ханның (1342-1357 ж.ж.) билік еткен тұстары болды. Өзбек хан қалаларда медресе салдырып, мұсылмен дінінің таралуына септігін тигізді.
Алтын Орда хандығы берік мемлекеттік бірлестік бола алған жоқ. Оның әлеуметтік және мәдени даму дәрежесі әртүрлі, экономикалық негізі төмен болды. Феодалдық қатынастар дамыған сайын ішкі-сыртқы байланыстар шиеленісе түсті. 1342-1357 жылдары Алтын Орданы билеген Жәнібек хан өлгеннен кейін, Шыңғыс тұқымынан тараған билеуші топтар арасындағы хан тағына таласқан феодалдық қырқыс өріс алды. Бір кезде күшейіп дәуірлеген Алтын Орда мемлекетін іштегі алауыздық жегідей жеді. 1357-1380 жылдар арасында Алтын Орда тағында 25 хан ауысты. Оған қоса Алтын Орда қарауындағы езілген бұқара халықтың азаттық күресі өрістеді.
Әмір Темір – барлас тайпасынан шыққан Тарағай бектің баласы. Ол 1336 жылы туған. 1370 жылы Мәуереннахрды басып алып, 1405 жылға дейін 35 жыл билік құрды. Шайқастардың бірінде Темірдің екі саусағы кесіліп бір аяғы жаншылады. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып, ақсақ болып қалған. Ол Темирлан (дұрысы – Темирленг, «ленг» парсы тілінде ақсақ деген мағына береді) Ақсақ Темір атанады.
Әмір Темір өзі билік құрған жылдары Ақ Орда, Алтын Орда, Моғолстанға қарсы бірнеше жорықтар ұйымдастырады. Әмір Темірдің алғашқы басқыншылық жорықтары Ақ Ордадан басталады. Оған сылтау да табыла қалады. Ақ Орда ханы Ұрыс хан Алтын Орда астанасы Сарай қаласына қарсы жорығы кезінде өзіне көмектеспеген Жошы ұрпағы Түй Қожаны жазалайды. Түй Қожаның ұлы Тоқтамыс Мәуереннахрға, Әмір Темірге қашып барады. Ақсақ Темір Тоқтамысқа әскер беріп, Ақ Ордаға қарсы аттандырады. Бірақ Тоқтамыс жыл бойы жүрген (1374-1375) соғыстың нәтижесінде жеңіліске ұшырайды. Темір Тоқтамысқа әскер беріп қайта аттандырады. Бұл жолғы жорығы да сәтсіз аяқталады. 1375 жылы Ұрыс хан Әмір Темірге Тоқтамысты қайтаруды талап еткен елші жібереді. Сонымен қатар ол өз әскерінің Түркістан жеріне жақындап қалғанын хабарлайды. Мұны естіген Әмір Темір Тоқтамысты ертіп үшінші жорыққа аттанады. Ұрыс хан өз әскерімен Сығанақта тоқтаса, Темір әскерімен Отырар маңына орналасады. Үш ай өткенде Ұрыс хан кейін қайтып кетеді, ал Әмір Темір Ұрыс ханның ұлы Мәлік оғланның 10 мың әскерін талқандайды. 1376 жылы Ұрыс хан қайтыс болады. Артынша оның үлкен ұлы Тоқтақия да қаза болады. Бұл Ақ Орданың жеңілуіне әкеліп соғады. Әмір Темір Тоқтамысты Сауран қаласында таққа отырғызып, өзі кейін Мәуереннахрға қайтады.
1377 жылы Ұрыс ханның ұлы Темір-Мәлік Сауран түбінде болған шайқаста Тоқтамыстан жеңіліс табады. Бұл жолы да Әмір Темір Тоқтамысқа өз әскербасыларын жібереді. Нәтижесінде Тоқтамыс Ақ Орда астанасы Сығанақты басып алады. Тоқтамыс өзін Ақ Орда мемлекетінің билеушісімін деп жариялайды. 1380 жылдан бастап Тоқтамыс Алтын Ордаға қарсы бірнеше жорықтар ұйымдастырып, Сарайды, Қажы Тарханды, Қырымды, Мамай Ордасын басып алады. Осындай табысқа мастанған Тоқтамыс Әмір Темірге бағынудан бас тартады. Енді Алтын Орда үшін Әмір Темір мен Тоқтамыс арасында соғыс басталды.
1391 жылғы ұрыста Әмір Темір әскері Тоқтамыс әскерін талқандайды. Әмір Темір 1395 жылғы Тоқтамысқа қарсы екінші жорығы нәтижесінде Кавказ тауының солтүстігіндегі Терек өзені бойындағы шайқаста Тоқтамысты күйрете жеңеді. Бұл жолы ол Алтын Орданың астанасы Сарай Беркеге басып кіріп, қаланы тонап, халқын құлдыққа айдайды.
Алтын Орда тарихында «дүрбелең кезең» басталды. Осындай қат-қабат қайшылықтар мен тартыстар нәтижесінде әлсіреген Алтын Орда ХV ғасырдың ортасында ыдырап, бірнеше дербес мемлекетке бөлініп кетті. Алтын Орда, Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Сібір, Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары болып бөлінеді. Хорезм Әмір Темір мемлекетінің құрамына кірді. Сөйтіп экзогенді ішкі және эндогенді сыртқы факторлар нәтижесінде Алтын Орда мемлекеті күйреді.
Моңғол шапқыншылығы жергілікті халық пен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына орасан зор шығын әкелді. Елдің саяси және мәдени байланыстарын үзіп, шаруашылығын күйретті. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы отырықшы, қала мәдениеті мен егіншілігі гүлденген аудандары тапталды. Қалалар мен елді мекендер Отырар, Сауран, Сығанақ, Жент сияқты ірі орталықтар қиратылып, Жетісу бойындағы қалалар құрып кетті. Солай бола тұра, тарихтан белгілі мына бір жағдайларды да естен шығармағанымыз жөн. Империялар тарихына шолу мынаны дәлелдеп отыр: қарудың күшімен құрылған мемлекет жергілікті халықтың топтасуын жеделдетіп, оның өз тәуелсіздігі үшін толассыз күрес жүргізіп, ерте ме, кеш пе өз мемлекетін құруына алып келеді. Империя саясаты осыған итермелейді.
Дархан ІЛИЯСОВ,
Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің тарих және құқық пәнінің мұғалімі