МАРАЛ ИШАН

Марал ишанның әкесі Құрман Абылай ханның молдасы болған көрінеді. Бір жорықта Абылай хан екі жүз жасағымен жаудың қолына түсіп, өмірлеріне қауіп төнеді. Алайда қалмақ қоңтайшысының әйелі қазақ қызы екен. Қанына тартқан ол бұлардың өмірлеріне араша болады. Сол қазақ қызынан екі қыз бала туады екен. Ол кезде ер бала болса да, қыз бала болса да перзентінің келешегін болжау ғұрыпқа айналыпты. Әлгі қалмақ қоңтайшысынан туған екі қыз баланың бірі сәби күнінде кіші дәретке отырғанда ашық-шашық отырады екен де, екінші қыз дәретке отырғанда мүлдем білдірмейтін көрінеді. Соны байқаған шешесі: «Алдыңғы қыздан батыр туады, ал, екінші қыздан діндар адам туады», – дейді екен. Бірде сол қазақ әйел күйеуіне (қоңтайшыға) «Кейін сенің ұрпағыңа осы Абылай ханның пайдасы тиеді. Тұтқыннан босатып, екі жүз жасақпен еліне қайтар және мына бойжетіп отырған екі қызыңды да бер!» – депті. Қоңтайшы әйелінің айтқанын қылып, екі қызды да Абылайға қосып, басына азаттық береді. Қайтып келе жатқанда Абылайға інісі: «Мына, батыр туатын қызды өзің ал да, ал, мына діндар туатын қызды дін ұстанған адамға бер», – деп ақыл қосады. Абылай қыздың бірін өзіне жар етіп, енді бірін Құрманға қосады. Расымен, сол Құрманнан Марал ишан туады.
Құрман сонау Арқада өліп, Марал әкесіз жетім қалады. Бір күндері бала Маралдың түсіне Жам тауындағы Жалаңаяқ әулие еніп: «Маған кел, ілім үйретемін», – деп аян береді. Содан Марал шешесі екеуі жаяулап жолға шығады. Сыр өңірінде, Тереңөзектің тұсында Қаңлы руынан шыққан Құланбай деген ишан болыпты. Ол да сол Жам тауындағы Жалаңаяқ әулиеден ілім алған діндар адам екен. Марал шешесі екеуі сол Құланбай ишанға келеді. Шешесі Құланбайдың сауынын сауып, Марал қозысын бағады. Жеті-сегіз жасар Маралға қозының төріне төсек салып береді екен. Бірде Құланбай түнде дәрет алауға далаға шықса қозы қамаған албардан жарқыраған нұр көрінеді. Барса, өзінің қозысын бағып жүрген баланың кіндігінен жап-жарық сәуле аспанға шапшып тұрғанын көреді. Баланың түп тегінің бар екенін байқаған Құланбай Маралға өзінің қызын қосып, некесін қияды. Сосын қасына екі қосшы беріп, Тәжікстандағы Жам тауында тұратын Жалаңаяқ әулиеге апарып тапсырады. Жалаңаяқ әулиеден ілім алып жүрген жүз шәкірті бар екен. Марал жүз бірінші шәкірті болып қосылады. Әулие Маралдың қасиетін әу бастан-ақ біледі. Бірақ жаңадан барған соң басқа шәкірттер мұны шетқақпайлай береді. Бір күні ұстазы табалдырыққа Құран кітабын көмеді. Үзілістен соң балалар дәрісханаға әлгі Құранның үстін баса-көктеп келіп орындарына жайғасады. Марал табалдырыққа келіп кілт тоқтайды. Босағада тұрып қалған шәкіртінен әулие: «Сен неге кірмейсің?», – деп сұрайды. Сонда Марал: «Мына жерде менің ілімім жатыр ғой, үстінен қалай басып өтемін?!» – деп, табалдырыққа көмілген Құранды қазып алып, ұстазына апарып береді. Басқа шәкірттер осы кезде қатарларына жаңадан қосылған Маралдың бұл қасиетіне таңырқайды. Алайда олар оны шеттетуін тоқтатпайды. Бірде шәкіттерге беретін тамақ түгесіліп, бір тай өгізді сойдырып түгел етін үлкен тай қазанға салдырады. Ет пісуге таяу қалғанда ұстазы шәкірттеріне: «Мына қазанның ішінен маған асық жілікті алып беріңдерші», – дейді. Алайда бүлкілдеп қайнап жатқан қазаннан аталған сүйекті алып беруге топтанған шәкірттердің жүректері дауаламайды. Сонда араларынан Марал суырылып шығып, білегін түріп жіберіп қайнап жатқан қазаннан асық жілікті алып береді. Өздері куә болған осы ғаламат оқиғадан кейін ғана басқа шәкірттер Маралға тиісуін доғарып, оны құрмет тұта бастайды.
Күндердің күнінде астында есік пен төрдей ақ боз аты бар, ақ сақалды, ақ киімді бір үлкен кісі Жалаңаяқ әулиеге келеді. Ол кісі әулиеге өзінің ғайып-ерен, қырық шілтенінің біреуі шетінеп кеткенін, соның орнына шілтендікке бір шәкіртін сұрай келгенін жеткізеді. Ал оның ақ боз атын ұстап тұру үшін қасиетті кісі болуы керек екен. Жалаңаяқ әулиенің шәкірттерін әлгі ақ боз ат маңына жуытпайды. Бір кезде Марал барып жалынан сипап, шылбырын ұстағанда, ат тыпыр етпестен тұра қалады. Сонда әлгі кісі «Маған осы балаңды шілтендікке бер!», – дейді. Сонда әулие: «Жоқ, мен ол баланы саған бере алмаймын. Мына екі саусақтың арасынан қара: анау сиыр сауып жылап отырған әйел осы баланың тілеуін тілеп отырған шешесі. Бұл ұрпақ шашу керек, ұрпағы керемет болады», – дейді. Сонымен Марал Жам тауында қалып, әлгі ақ боз атты кісі жөніне жүріп кетеді.
Бірде Жалаңаяқ әулие шәкірттерінен: «Менің дәрет суымды қайсысың жылытып, дайындап отырасыңдар?» – деп сұрайды. Сонда Марал «Мен дайындаймын», – дейді. Марал жез құманды қолтығына қысып отырып жылытады екен. Бірде қолтығына қысып отырған салқын су құйылған құманды ұстазына бергенде ұстазының қолы күйіп қалыпты. Сонда Жалаңаяқ әулие Маралға: «Пуштуң, үйің күйсін!», – дейді. Сәлден соң өзінің ағат айтып қойған сөзіне өкінген әулие қайтадан Маралға: «Ай, балам-ай, сенің ұрпағың болмайтын болды-ау, әлгі сөзді қайтарып маған айт!», – дегенде, Марал «Жоқ, ұстазым, мен сізге олай айта алмаймын!» – дейді. Жалаңаяқ әулие де қоймай, шәкіртінен әлгі сөзді өзіне қайтарып алыпты.
Сонымен Марал сол Жам тауындағы Жалаңаяқ әулиеде он үш жыл оқып, ілім алып, еліне қайтады. Жолай бір байдың ауылына келіп қонады. Бай бұның білімдар адам екенін байқап, сыбағалы асын беріп, құрметтеп күтеді. Сөз арасында үй иесі өзінің басындағы мұңын да сөз етеді. Әлгі байдың келіні жылда құрсақ көтеріп, айы-күні жетіп босанады екен. Бірақ, бала шыққан бойда жоғалып кете беретін көрінеді. Мұны естіген Марал, ана құрсағынан шыққан баланы шақалақ күйінде пері алып кетіп жүргенін түсінеді. Сол жолы айы-күні жақындап отырған келіншекті аңдып отырып, періні матап ұстап алып, баланы аман алып қалады. Бай Маралға разы болып өзінің кер жорғасын мінгізіп, сый-сияпат жасайды. Марал байдың мінгізген кер жорғасын өзінің ұстазына сыйламақ болып, күншілік жолды елемей, келген жолымен кері қайтады. Жалаңаяқ әулие шәкіртінің тақымына тиген сыйын алмайды. Бірақ разы көңілмен батасын беріп шығарып салады.
Елге келген соң Марал баяғы некелескен Құланбайдың қызымен отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Одан Қалқай ишан туады. Қалқай ишан да қасиет қонған кісі болған. Бірде Қалқай ишан Көкшедегі Шыңғыс төренің үйіне қонады. Бұлар қонған түні Шыңғыстың әйелі босанып ұл туады. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады», – деп қуанған Шыңғыс төре «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп Қалқайдан баласының атын қоюды өтініпті. Қалқай ишан азан шақырып шақалақтың құлағына: «Бұл баланың аты Мұхаммед Қанапия болсын», – деп айқайлапты және ол баланың есімін жарты әлем білетін ғұлама болатынын да айтыпты. Баласының болашағын жақсыға жорыған Қалқайға Шыңғыс төре үш жүзге олжа салып жүрген кер жорғасын атайды. Бірақ үйден аттанарда Шыңғыс Қалқайға тек күміс теңге мен қалы кілем беріп, кер жорғасын қимай қалады. Сонда Қалқай: «Әй, Шыңғыс, бекер олай істедің, енді ана баланың өмірі қысқа болатын болды ғой», – деп жүріп кетіпті. Сол бала небары жиырма сегіз жасында жұлдыздай ағып түскен, атын әлем таныған ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов екен.
Марал ишан Кенесарының Наурызбайына да қыз берген деседі. Маралдың кенже баласы ерке шолжаң, тентекқұс болыпты. Мінезді болған соң Кенесары мен Наурызбайдың жасағында жүреді екен. Бірде сол бала Наурызбайдың атының шабынан қолындағы таяғымен түртіп кеп қалғанда, ат алға қарай шапшып секіріп, үстінде бейқам отырған Қамза деген баласы аттан шалқалап құлап қала жаздапты. Ашуы келген Қамза қылышын ала ұмтылады. Сонда Марал қылышқа жалаң қолын тосып, «Ай, тентек балам-ай, бекер істедің, ол адамға мейірімі келмейтін төре ғой» – депті. Кейін Марал ишан Наурызбайдан қызын қайтып алып, жасағынан шыққан деген әңгімелер айтылады.
Осы Марал ишан өзі Арқада туғанымен Қармақшы жерінен мәңгілік тұрақ тапқан.
(Белгілі шежіреші Өміртай Кемелұлының айтуы бойынша жа­зылды).

Қуат АДИС
09 маусым 2020 ж. 525 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930