» » МАҚПАЛКӨЛДЕГІ МЕКТЕП ЖӨНДЕЛУДЕ

МАҚПАЛКӨЛДЕГІ МЕКТЕП ЖӨНДЕЛУДЕ

Биыл ауданда «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында бірнеше жоба қаржыландырылған болатын. Бүгінде олардың алды жүзеге асып, әлеуметтің әлеуетін көтеруді көздеген мемлекеттік бағдарлама жемісін беруде. Әсіресе халықтың қажетіне жарайтын әлеуметтік нысандарды қалпына келтіруде аталған бағдарлама үлкен маңызға ие. Ауылдық елді мекендердегі тозығы жеткен мектеп ғимараттарын қайта қалпына келтіру жұмыстарының қарқын алуы сөзімізді қуаттай түсері анық.

Мақпалкөл ауылдық округіндегі білім ошағы – «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өтіп жатқан нысанның бірі. Қоғам қайраткері атындағы мектеп ғимаратына 30 жылдан астам уақыттың ішінде мұндай жөндеу жұмыстары жүрмеген. Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл аталған білім ошағына күрделі жөндеу жүретін болып, бюджеттен қажетті қаржы қаралды.
Сәуір айының соңында конкрус қорытын­дысымен жеңімпаз деп танылған «Real Stroy Invest» ЖШС өткен айда мектеп құрылысын бастап кетті. Мердігер мекеме бұйыртса, жаңа маусымда оқушылардың сапалы ғимаратта еш кедергісіз білім алуына жағдай жасамақ.
Жалпы құны 171 млн 898,3 мың теңгені құрайтын бұл жоба тамыз айының екінші онкүндігінде аяқталмақ. Мемлекеттік бағдар­ламамен қолға алынған бұл бастаманың өзіндік маңызы бар. Мәселен, жобаны жүзеге асырушы мердігер мекеме тек құрылыстың сапасына жауап берумен шектелмейді. Мұны­мен қоса ол жұмысшылардың 50 пайыздан астамын жергілікті жерден алуға міндетті. Бұл бағдарлама бір жағынан әлеуметтік нысанды қалпына келтірсе, келесі кезекте жұмыссыздықты азайтуға да өз үлесін қосары анық. Қазіргі таңда құрылыс басындағы 70-ке жуық адамның 40-қа жуығы – жалағаштық.
Мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыс­тары қарқынды жүруде. Қазіргі таңда мұндағы құрыш қолды құрылысшылар көне нысан­ның есік-терезелері мен ша­тырын түсіріп, ішкі сылақ жұмыстарына кіріскен. Жақында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова да құрылыс алаңына барып, жұмыс барысында сапаға барынша мән беру қажеттігін айтқан болатын.
Жалпы Жалағашта соңғы жылдары білім саласына ерекше қолдау бар. Ауылдық елді мекендердегі бірнеше мектеп ғимаратының мәселесі жергілікті биліктің қолдауымен өз шешімін тауып жатыр. Осыған дейін М.Шәменов ауылындағы білім ошағы апатты жағдайда екені айтылған еді. Қазіргі таңда аталған ауылда жалпы құны 689 млн 427 мың теңгені құрайтын 140 орындық жаңа мектептің құрылысы жүруде. Ал Еңбек ауылындағы білім ошағы осыдан 3-4 жыл бұрын күрделі жөндеуден өтсе, аудан орталығынан шалғай жатқан Аққыр ауылындағы №188 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары да қолға алынды. Ауыл мектебінің көне ғимаратын жаңалауға қазынадан 200 млн теңгеге жуық қаржы қаралған.
Бір қуантарлығы, ауданда бұл салаға қаншалықты қолдау болса, нәтижесі де өз деңгейінде байқалып келеді. Мәселен, жалағаштық түлектер бірнеше жыл қатарынан ҰБТ қорытындысы бойынша облыста көш бастап, өзге аудандардан оқ бойы озық тұрды. Тестілеудің бұл түрінен өткен жылғы нәтижеміз де жаман болған жоқ. Ал биыл ауданда 271 оқушы мектеп бітірсе, оның 232-сі ҰБТ-да бақ сынауға бел буып отыр. Бұйыртса, алдыңғы толқын қалыптастырған оң нәтижені биылғы түлектер де жалғайды деп үміттенеміз.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ


11 маусым 2020 ж. 439 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930