Індетке қарсы күрес
Озық деген айтулы да дамыған мемлекеттердің өздері COVID-19-дың алдында дәрменсіз күй кешуде. Біздің елімізге де келіп жеткен бұл індетті жұқтырған қазақстандықтардың санап артуда.
Сыр елінде де осы дертке шалдыққан тұрғындардың қатары күн санап өршіп барады. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінгі күні облыста расталған жағдай 600-ден асыпты. Оның ішінде COVID-19-ды жұқтырып үлгірген жалағаштықтардың саны 16-ға жетіпті.
Қазірдің өзінде сала мамандары күнделікті рейд жұмыстарын ұйымдастырып, тұрғындар арасында карантин режимін сақтауды, санитарлық тазалық талаптарын орындауды айтып келеді. Ауданның өзінде коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында адам көп шоғырланатын жерлер мен әлеуметтік нысандарға күнделікті залалсыздандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. «Мұның бәрі сіз бен біздің қауіпсіздігіміз үшін жасалып отырған шаралар екенін үққанымыз жөн» дейді аудан тұрғындары.
– Қазақта «сақтықта қорлық жоқ» деген жақсы сөз бар. Сондықтан әзірге жиын-тойды доғарып, үйде болғанымыз жөн. Бұл аурудан сақтанудың ең төте жолы – оны таратпау. Қалай десек те бұл – халық басына төнген қауіп. Арасында алып-қашпа қауесет, «анау олай депті» деген өсек-аяңға, «Ол олай емес, бұлай екен» деген алыпқашпа әңгімеге илану, оны өзге кісілерге тарату да жазықсыз жандардың ғұмырына балта шабумен бірдей. Сондықтан қалай болғанда да медицина мамандарының кеңесіне құлақ асып, барынша сақтық шараларын ұстанып жүргеніміз абзал. Солай жасағанда ғана жақындарымызды індеттен аман сақтай аламыз, – дейді ардагер-ұстаз Дина Нұржанқызы.
Осы індетті таратпау және жою мақсатында ауданда залалсыздандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп, күнделікті адам көп жиналатын орталық базар мен сауда орындары, дәріханалар және тағы сол сияқты бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар дезинфекцияланып, ғимараттардың айналасы арнайы ерітіндімен залалсыздандырылып отыр.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Шектеу және карантиндік шараларды күшейту туралы» №15 қаулысына сәйкес ауданда ұжымдық, жанұялық (туылған күн, үйлену тойы, құдалық, ас беру басқа да дәстүр мен әдет-ғұрып шаралары т.б.) барлық жиындарға тыйым салынған. Соған сәйкес коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында құрылған мобильді топ мүшелері рейд жұмыстарын тұрақты ұйымдастырылуда. Рейд барысында олар күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимнің қатаң сақталуын бақылап келеді.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ