Қымыз – қырық ауруға ем немесе саумал іздеп сабылған жұрттың сұранысын қалай өтейміз?
Елде үйір-үйір жылқысы бар туысым екі-үш бие сауып отырған шеткі ауылдастан саумал сатып ішеді.
Қорасынан көктемде қырық бұзау өрген жамағайынның үйіндегі жеңгей қағаз қораптағы сүтті шайға қатып отыр. Барды ұқсатуға не кедергі?! Әсілі, адамда қызығушылық болмаса, істеген істің бәрі құр ма деп те қаласың.
Төмендегі мақала осы ойдың жетегінен сүйретіле шығып, ақыр соңы қаламды ұзағырақ сілтеуге себеп болып еді.Кешегі індет кезінде басқа облысты қайдам, қызылордалықтың көбі саумал мен қымыз іздеп кетті. Жұрттың бәрі «ақшаның бәрі осында екен» деп гуілдесті. Іле-шала құлынды биенің бағасы өсіп, әйтеуір, өз үйінен қымыз сатушылардың қатары лезде артқаны бар. Қымыз қымбаттады. Қымбатын қайдам, оның аяғы таптырмай кетті ғой. Осындайда әттең-ай дестік. Неге?
Облыста қымыз өндіретін цех болып, қауырсын ыдыста қаптап тұрса, дүкенге соққан қаймана қазақтың қолы жетсе ғой деп армандағанымыз рас.
Жылқы сүті жарнаманы қажет етпейді
Ветеринария ғылымдарының кандидаты, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының облыстық филиал меңгерушісі Дәулет Ибрагимовты арнайы іздеп барғанмын.
Айтпақшы, кейіпкеріміз төрт жылдан бері бие байлап, саумал ішіп жүр. Одан бөлек, жұрт ақшасына сатып алып жатыр. Шымкент қаласындағы бұрыннан қымыз баптап жүрген дос-жараннан әдісін үйреніп, аз уақыт болса да дәріс алған ауылшаруашылық маманы білгенін біздің басылым оқырманымен бөлісуді теріс көрмеді.
– Қымыз дайындауға бап керек, әрине. Дәл қазіргі уақытта киікоты деген шөп пісіп тұр. Мына біздің Жаңақорғандағы таулы өлкеде кездеседі. Сол шөпті Қазығұрт жақтан алдырып, үйренгенім бойынша үлкен қымыз құятын ыдысты ыстадым. Бұрынғылар пайдаланған ағаш күбі не саба жоқ. Киікотымен ыстамас бұрын әлгі ыдысымның ішін қойдың құйрық майымен сылап дайындағанмын. Осылайша көргенім мен естігенімді қатар алып, қолдан келгенше қымыз баптап жүрмін. Әзірге қымызың жаман деген ешкім жоқ, – дейді Дәулет аға.
Қымыз дайындаудың бейнеті көп. Әйтсе де, облысқа келген қонақтарды күтушілер Дәулет аға дайындаған қымызды жағалайды.– Байып кетейін деп істемедім бұл кәсіпті. Өзімнің жылқыға деген құмарлығым шығар. Әйтпесе, саумал сауып, сауда қылайын демедік. Әу баста бағаны 800 теңгеге қойғанбыз. Ал кешегі індет кезінде саумалдың литрі 1200 теңгеге дейін барды. Шынын айту керек, бағаны өрескел өсіргендер көп. Кейбірі жем-шөп бағасын ауырлады. Өзім үйдегі жеңгеңе мықтап тапсырдым. Баға өспесін дедім. Ар жағындағы халықтың алғысы да маған жетеді, – дейді ол.
Коронавирус кеселі басталып, ушыққан сәтте халық медицинадан гөрі өз бетінше ем іздегені рас. Ақпарат түрліше тарап, ас содасы, пияз бен сарымсақ, құйрық май мен қымыз, соңында саумалдың жарнамасы жер жарды. Шұбат, зімбір, лимон, тіпті адыраспан түтіні де қалыс қалмады бұдан.
– Саумалға жарнама керек емес. Оның денсаулыққа пайдасы жайлы халық онсыз да өте жақсы біледі. Мен бір-ақ мысал айтайын. Анам ішкі құрылысы ауырып, нақтысы өті толып, мазасы қашып жүрген уақыт. Ұдайы қалта-қалта дәрі алдыртып, қыруар қаржыға емдетіп жүрдік. Мен саумал ішуге кеңес беріп, біртіндеп іше бастады. Төртінші күн дегенде запыран құсты. Содан бері тамақ алысы жақсарып кетті. Екінші мысал, көрші кәріс ұлтынан жасы үлкен апа бар еді. Ол ішектің жаман ауруына шалдыққан. Тіпті, Кореяға барып емделіп, пышаққа да түсіп келді. Дәрісін қабылдап жүріп, саумалды да іше бастады. Енді бір кезекте қайта тексерілуге барады. Сөйтсе, кәріс дәрігерлер сұраған көрінеді. «Не істедің?», «Қандай ем қолдандың?» дегендей ғой. Бұл кісі саумалды айтқан. Сөйтсе, олар саумалдан айырылмауға кеңес беріпті, – деп ынталана сөйледі ендігіде Дәулет Ибрагимов.
Кейіпкеріміздің айтуынша, жылқы сүтінде ағзаға керек дәрумен көп. Әрі олар өте күшті болып келеді. Өкпе ауруын жазатын қымыздың асқазан-ішек жолдары, бауыр мен өт қызметіне пайдасы орасан. Тері аурулары мен жүйке жүйесін тыныштандыратын қасиеті бар.
– Кеше ауру қозғанда барлығы саумал іздеп кетті. Дәрі ретінде іздеді бұны. Кез келген адам ауырғанда иммунитет қоры түгесіледі. Негізі бұл саумал дегеніміз бірден аурумен күреспейді. Тек біздің иммундық қорымызды көбейтеді. Дұрыс түсіндірдім бе, егер сіз ауырған жағдайда саумал не қымыз ішкен кезде сіздегі жетіспеуші витаминді толықтырады. Сол кезде сіздің ағзаңыз еш дәрі-дәрмектің көмегінсіз, ұдайы аурумен өзі күресе береді. Жылқы сүтінің бойында 28 түрлі дәрумен бар екен. Саумал мен қымыздың, шұбат, жалпы, ағарғанның құдіреттілігі осында, – деді ғылым кандидаты.
Айтпақшы түйе сүтін қайнатып ішкен дұрыс. Өйткені, бруцеллез, қазақша атауы сарып деп аталады, сол кездеседі. Ал жылқы малы бұған төзімді. Маман пікірі осындай.
Бір бие бір отбасыны асырайды
Дәулет ағаның қолында қазір бәйге аттарынан бөлек, «Владимир атты ірі тұқымды, он жастан асқан бие бар. Жылқы болғанда да қазақыдан мүлде бөлек, аты айтып тұрғандай, нағыз жүк тартатындай сом денелі жануар. Сауып отырған биесі де осы көрінеді.
– Бұл – Мәскеуден келген жылқы. Тұқымын, көріп отырғаныңдай, ірі. Жергілікті биелерге қарағанда сүтті көбірек береді. Жалпы, осы тұқымды кезінде соғыста қару-жарақ тиеген арбаны тартуға пайдаланған. Қазақы жылқының ішінде, мысалы, жабы не Мұғалжар жылқысында да сүттілері кездеседі. Тек оның бір айырмашылығы, біздікілер тым асау. Қолға ұстап, саууға үйрету қиын. Осы жұмысты көбейтеді. Ал мыналар жуас әрі саууға тез көндігеді, – дейді ол.
Қымыздың қымбаттауы да қарапайым елге қиын. Білуімізше, баға көтерілудің бір себебі – күріш жемнің қабы 2000 теңгеге барған. 40 келілік бір қап бидайың төрт, төрт жарым мың теңге. Жоңышқаның бумасы 600-700. Екі жыл бұрынғы бағаға қарағанда екі есе өскен. Бұның бәрі жылқы ұстап, бие байлағандардың әмиянына жақсылап әсерін береді.
– Бие 700 грамнан бастап тұқымына қарай литрден асырып бере алады. Мысалы, менің бием күніге бес мың теңге тапты делік. Екі мың теңгесін өзі жейді. Қалған мың жарым теңге – азық-түлік. Соңғы мың жарым жем-шөп тасымалы мен басқа да ұсақ түйектер. Негізі, әр отбасы жылқы ұстап, бие байласа, қиындығына төзсе, шынымен оларға артық жұмыс іздеп қажеті жоқ. Бір құлынды бие бір отбасыны асырайды. Саумал мен қымыз қазақ барда жерде қалмайтыны анық, – дейді атқұмар ағамыз.
Киесінен қорықсақ екен…
Ғылым кандидатының айтуынша, негізі жылқы малы ақпаннан бастап мамырға дейін төлдей береді. Құлыны жерге түскеннан бастап әбден буыны бекігенше емген дұрыс. Бұл – екі ай бие мен құлынды айырмайсың деген сөз.
Мерзімі біткеннен кейін үйретілген биені күніне бес мезгіл сауып іше бересіз. Құлындаған байталға бір-екі аптадан соң қайта айғыр түседі. Мінезді биелер кездессе, үш айдан кейін саудырмай қоюы мүмкін. Кейбірі ішіндегі құлын қозғалғанша саудыра береді.
– Осы шілдеде қымыз ішуге болмайды деген де әңгіме бар, – дедім мен де естігенімді алға тартып.
– Бұл енді жаңсақ пікір, – деді Дәукең маңдайын сүртіп. – Шілдеде қауын-қарбыз пісіп, соның жарнамасын алға тартып жүргендердің сөзі. Қымызды жыл он екі ай іш. Саған дәрі де керегі жоқ, ауру да жоламайды. Негізі бізде, ашығын айту керек. Қымызды баптап, ұсынып жүргендер жоқтың қасы. Сауылған жылқы сүті мен сияқты бие байлайтындардың үйінен саумал күйінде бірден сатылып кетеді. Бейнеттің ең оңайы да сол. Көрші облыстарда баптайды. Қарағанды, Шымкент сияқты қалаларда мамандар да бар. Ат баптап, қымыз дайындайтындар өз ісін сүйсе ғана, соның бейнетіне төзбей ме?!Әр жануардың киесі барын бұрыннан білетінбіз. Ал осы жылқы жайында сөз қозғағанда Дәулет ағамыз көзбен көргенін жеткізді.
– Менде бір боз бие болды. Балалар түсіне қарап «Аққоян» деп атады. Ырғыздан алдырғанмын. Бойы тапал, бірақ сүтті болды. Сонысымен қоймай тым асау еді. Бәйбішені жолатпай, өзім күнде алысумен, онымен қоймай байлап қойып сауатынмын. Бір сауында екі литрге дейін сүт берді. Бергенімен қоймай, шелекті бұтына қыса-мыса майыстырып, ақыры сүтті төкті. Биені сауғанда бір қолдап қана сауып, бір қолыңмен шелекті ұстайтының белгілі ғой. Пендешілік қой. Сүт төгілгесін қатты ашумен сол жердегі күрекпен қаттырақ нұқып жібергенімді білем. Сөйттім-дағы да кетіп калдым.Мына қызықты қарашы. Жылқы малының қасиеті ғой. Мында мен ашуланып жүрсем, анда ол ренжіпті. Алдындағы шөпке де қарамайды, жемді де жемейді. Суға тұмсығын малмай қойды. Сенесің бе, екі күнге дейін алдын түртпестен солай тұрды. Тұнжырап тұрған жылқы малының күйін көрсеңіз.
Екі күннен соң, іштей өзімді басып, одан кешірім сұрадым. «Аққоян, сен мені кешір, білем, мен кінәлімін. Сен де өз айыбыңды түсінші. Енді ренжітпеймін сені». Дәл осылай жалынан сипап, адаммен сөйлескендей дауыстап айттым. Көбісіне айтсам күледі, бірақ, сол кезде биенің ренжігенінің өзі маған біраз сабақ болды. Әлгі сөздерден кейін екі күн нәр татпаған Аққоян іштей мені кешіргендей, алдындағы шөпке бас қойды…
Мұнан түсінгеніміз, малды ешқашан ұруға болмайды. Әсіресе, сауып отырған малды. Қазақ мұндайда сүті қашады деп ырымдаушы еді. Жасынан жылқышының көмекшісі болып, бірте-бірте мал шаруашылығы саласында мемлекеттік қызметке дейін атқарған атқұмар жан жылқы мен қымыз қасиеті жайлы айтудан жалықпайды. Әрі түске дейін бақсаң, түстен кейін иесінің тілеуін бірге тілейтін текті жануар жайлы біздің халықта әңгіме көп қой.
Қымыз десе, қызарып қаламыз
Енді салалық басқармалар берген статистикалық мәліметтерді сөйлетсек. Жалпы біздегі шаруашылықтың барлық санатындағы сүт өндірісі былтыр 95 мың литрге жуықтаған. Биылғы есеп бойынша бірінші тамызға дейін 48464 литр сүт өндіріліпті. Бұның ішінде сиыр да, түйе мен бие де, ешкінің сүті де бар.
Осы ауыл шаруашылығы басқармасының көрсетіп отырған есебі бойынша бие сүті, яғни қымыз бен саумалыңыз былтыр бір тоннадан зорға асыпты. Ал жеке адамдар сауып отырған бие сүті бұл есепке кірмейді. Егер кірсе, бірнеше тонна қымыз сапыратынымыз айдан анық. Ал жылқы санын нақты керек етсеңіз, 157489 бас. Бұл да сенімсіздеу. Әйтпесе, бір ауылдық округте 200 бас жылқы деп көрсетілсе, сол ауылда кейбірінің 500-600 бас жылқысы бар. Ал сондағы жылқылы ағайынның малы бұл есепке неге кірмей қалған деп сіз де күмәнданасыз.
Енді аймақтағы сүт өндірісі бойынша кейбір жобаларға назар салсақ. «РЗА» АҚ-ға қарасты кәсіпорын өз аясын үлкейтпекші. «1200 басқа арналған ірі қара мал өсіру мен сүт өңдеу зауытын кеңейту» жобасы келесі жылы іске қосылады. Жылына үш жарым мың тонна сүт өнімдерін өндіретін зауыт ішкі нарыққа жұмыс істейді.
Екінші «Qazaq Camel» ЖШС Арал қаласынан түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындайтын зауыт құрылысын әлдеқашан бастады. Дайындалған өнім жоспар бойынша Қытай асады. Бұл да келесі жылы іске қосылады деген болжам бар.
Соңғы ірі жобалардың бірі – 1200 басқа арналған сүт-тауар фермасы. Шиелі ауданында салынып жатқан ферма жылына 8 мың тоннадан астам сиыр сүтін өңдеуге қабілетті көрінеді. 2022 жылы іске қосылады деп мәлімет берген облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы аталған ферманың өнімі тек ішкі нарыққа бағытталатынын айтады.
Кәсіпкерлік және туризм басқармасы ұсынған мына мәліметте облыс бойынша мал шаруашылығы саласында жұмыс жасайтын 847 шаруа қожалығы бар. Бірақ, олардың негізгі қызмет ету бағыттары арнайы сүт өнімдерін өндіру қызметі ретінде тіркелмеген. Сүт өндіру мал шаруашылығының қосалқы қызметі ретінде ғана қаралған және өндірілген сүт өнімдерінің басым көпшілігі жекелеген сауда дүкендері арқылы сатылады.
Бұл аймақта сүт өндіруші ірі кәсіпорындар мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Мысалы, «РЗА-Агро» ЖШС-ның «Дәмді» сүті ішкі нарықпен қоса сыртқы нарықты да қамтуда. Қармақшы ауданында «Нұрмағанбет» ЖШС да осы бағытта істейді. Жаңақорған ауданында жеке кәсіпкер «Әбділла» сүт өнімі мен жүгеріні пайдалана отырып, «Кәусар» жүгері сусынын өндіріп келеді. Айтпақшы, Шиелідегі «Ару Ана» түйе сүтін өңдеу цехының жұмысын ұмытпауымыз керек. Бұл цех түйе сүтінен шұбат, йогурт, өндіреді. Мұнан өзге осы жануар сүтінен балмұздақ, құрт та дайындайды. Шыққан өнім көрші аудандар мен Алматы, Ақтөбе және облыс орталығына сатылып жатыр.
Байқасаңыз, құрметті оқырман, мал саны ауыз толтырып айтардай, жылдан-жылға артып келгенімен, оның өнімін толыққанды өзімізде игеру жүзеге аспай келеді. Әр жерден киіз үй тігіп, қымыз сапырып, шұбат құйып сататын ұсақ сауда орындарынан бөлек, жекелеген адамдар бірінің естуімен бірі қабылдап, саумал саудасын жүргізіп тұр.
Жоғарыда мүйізді ірі қара мен түйе сүтіне қатысты ірілі-ұсақты жобалар барын байқадыңыз. Ал жылқыға келгенде жағдай белгілі. Қымыз өндіретін шағын зауыт не цех болмаған соң, өзгелер алдында қызарақтайтынымыз рас енді.
Ержан ҚОЖАС