Бір мезетте 10 мың литр қымыз пісті
Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында бір мезетте 10 000 литр қымыз пісіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қарағанды облысында Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы және С.Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған үлкен той өтті. Аталған мерекелік іс шара аясында қазақтың ұлттық ойындары - аударыспақ, топ бәйге, қазақ күресі және ақындар мүшайрасы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ, киіз үйлер тігіліп, ұлан-асыр той өткен "Тойтөбе" атты алаңда бір мезетте 1000 күбіге 10 000 литр қазақтың бал қымызын пісіп, Гиннестің рекордтар кітабына енгізді.
Сонымен қатар, атаулы мерейтой соңы эстрада жұлдыздары ән шырқаған гала-концертпен қорытындыланды.