» » ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗГІ ҚУАТЫ – КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ

ЭКОНОМИКАНЫҢ НЕГІЗГІ ҚУАТЫ – КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ

Жер бетін жайлаған жұқпалы індет әлем елдерінің экономикасын күйретіп кетті. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап коронавирус инфекциясының таралуына байланысты біздің елімізде де төтенше жағдай жарияланды. Кәсіпкерлердің жұмысына шектеу қойылып, аталған сала тұралап қалды. Бұл жағдай өз кезегінде еліміздің экономикасына да кері әсерін тигізді. Өйткені экономиканың бір бүйірін бүтіндеп тұрған – кәсіпкерлік саласы.

Өткен жұмада аудан әкімі Асылбек Шаменов жергілікті кәсіпкерлермен кезде­сіп, аталған салада атқарылып жатқан жұ­мыс­тарды саралап және өзекті мәселелер төңірегінде пікірлесіп, кәсіп иелерінің ұсыныс-тілектерін тыңдады.
– Мемлекет басшысы қыркүйек айын­дағы Жолдауында дәл қазір шағын және орта бизнес күрделі кезеңде тұрғанын, пандемияның зардабы осы салаға ауыр тигенін атап өтті. Алайда экономиканың шеккен зардабын еңсеру үшін еліміз бойынша 700 мыңнан астам кәсіпкерге са­лық жеңілдіктері беріліп, төлем мерзімдері кейінге шегерілді. Біздің ауданымызда да 650 субъектіге, яғни несие алушылардың 30 пайызына жеңілдік жасалды. Дағдарыс жағдайына қарамастан биыл ауданымыздың 140 кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік бағ­дар­ламаға қатысу арқылы жеңілдетілген пайызбен 3,3 млрд теңге қаражат алып, кәсіптерін жүргізіп отыр. Бұл да кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау, – деді Асылбек Өмірбекұлы.
Расында, кәсіпкерлік саласы осындай қиын кезеңде үлкен қолдауды қажет етеді. Өз кезегінде кәсіп иелері де аянып қалған жоқ, ел ішіндегі эпидемиологиялық ахуал күрделенгенде ерікті жастармен және жеке тұлғалармен бірлесіп, медицина саласына 19 млн теңге көлемінде көмек көрсеткенін де айтып өтуіміз керек. Сонымен бірге кешегі қатаң талапқа көшкен карантин кезінде медицина қызметкерлеріне қосымша жалақы ретінде 2 млн теңге және оқшаулау орталығында жатқан дәрігерлерге азық-түлік және сұранысқа сәйкес басқа да қажетті заттарды жеткізіп берген де осы кәсіпкерлер болатын. Одан бөлек, шағын және орта биз­нес өкілдері кент ішінің көркеюіне де өз үлестерін қосып келеді.
– Қалыптасқан ахуал салдарынан кә­сіп­керлік субъектілері және көптеген тұрғындар тұрақты жұмыстары мен табыс­тарынан айы­рылды. Пандемия кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қа­­жетті қорын қалыптастыру мен бағасын тұ­рақтандыру мақсатында Жалағаш кен­тіндегі 5 кәсіпкермен меморандумға қол қойылды, – деді аудан басшысы.
Одан соң аудандық кәсіпкерлік, өнер­кәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғабит Ерболұлы аудан бойынша кәсіпкерлік са­ла­сында атқарылып жатқан жұмыстар және кәсіпкерлікті қолдау бағытында мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер ту­ралы хабарлама жасады. Ғабит Ерболұлы өз хабарламасында мемлекет тарапынан берілетін несиелердің шарттарына тоқталып, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды баяндады және ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына ықпалды жо­балармен таныстырды.
Сала басшысының айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытындағы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 140 жоба 3 млрд 355,1 млн теңгеге қаржы­ландырылып, 178 адам жұмыспен қам­тылған.
– Ауданның кәсіпкерлік саласын да­мыту, жергілікті өнім шығарылымын арттыру және қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында облыс әкімдігімен бірлесіп, 2023 жылға дейін ауданға қажетті жобалардың тізімі әзірленіп, бекітілді. Бұл жобаларды іске асырудағы мақсат – ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру, салық базасын кеңейту, жұмыссыздық деңгейін төмендету. Мемлекет басшысы шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін ұлғайтуды, өнім шығарылым көлемін арттыруды тапсырған болатын. Соған сәйкес, біз ірі кәсіпорындар аясында ілеспе кәсіпорындарды ашып, жаңа өндіріс көздерін дамытуымыз керек. Қазірде аудан экономикасының негізгі қуат көзі – суармалы егін, көкөніс, бақша шаруашылығы. Жыл сайын күріш өнімдері шетелдік нарыққа экспортталуда. Ау­да­нымыздан экспортталған тауар қайт­а өңделіп, бірнеше есе бағада өзі­мізге импортталады. Сондықтан импорт кө­лемін барынша қысқарту бағы­тында жаңа өндіріс көздерін ашып, әрта­рап­тандыруға көңіл бөлгеніміз жөн. Аймағымызда кептірілген нан өндірісі, печенье өндірісі, чипсы өндірісі, шоколад бұйымдары өндірісі және квас, алкоголь өндірісі бойынша цехтар желісі және маргарин өндіру, дәмдеуіштермен приправалар өндіру, картофель фри өндіру, картофель ұнын өндіру, бақша дақылдарын өңдеу цехтары жоқ. Біз осы өндірістерді қолға алсақ, шикізат түрлері ауданымыздан табылады. Аталған өндіріс ошақтарын іске асыру бағытында мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген пайызбен екінші деңгейлі банктер немесе қаржы ұйымдары арқылы қаржыландыруға, қажеттілігіне қарай сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуге және қажетті жер телімімен де қамтамасыз етуге аудан әкімдігі тарапынан қолдау көр­сетіледі, – деді Ғабит Ерболұлы.
Кездесу барысында кәсіпкерлер көкейінде жүрген сауалдарына тұщымды жауап алып, өз идеяларын ортаға салды және алдағы уақытта саланы дамыту бағытында бірлесіп жұмыс атқа­ратындарын жеткізді. Жиынды қоры­тындылаған Асылбек Өмірбекұлы кәсіп­керлік саласы аудан экономикасының қан тамыры екенін және бизнесті жүргізу үшін кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалу керектігін айта келіп, кәсіпкерліктің даму жолында кездесетін қандай да бір мәселелер болса, шешілуіне ықпал етіп, әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Жиын соңында бірқатар ардагер кәсіпкерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Қуат АХЕТОВ


13 қазан 2020 ж. 177 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930