ТӨЛ ТЕҢГЕ – ҚАРЖЫЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ СИМВОЛЫ

Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. Осы атаулы күн қарсаңында аудан әкімі Асылбек Шаменов аудандағы қаржы саласының қызметкерлерін қабылдады.
– Мемлекеттік рәміздермен қатар тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі – төл валютамыз. Осыдан тура 27 жыл бұрын 15 қараша күні төл теңгені қолымызға ұстап, Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын шынайы сезінген едік. Ол экономика тоқырап, өндірістер жабылған, тіпті қарапайым адамдардың жалақысына дейін сыртқы факторларға тәуелді болған аса күрделі кезең болатын. Алайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде еліміз уақыт сынынан сүрінбей өтіп, төл теңгеміз тәуелсіздіктің айшықты символдарының біріне айналды. Халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Әлемдік дағдарысқа лайықты төтеп беретін мызғымас қуатын дәлелдеді.
Содан бері ауданымызда экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар үздіксіз жүргізіліп, нәтижесінде экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері артты. Аудандық бюджеттің салықтық түсімдері жылдан-жылға ұлғайып, бюджет кірісінің өсуіне ықпал етіп отыр. Атап айтқанда, 2010 жылы аудан бюджеті 4 млрд 112 млн теңгені құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 12,1 млрд теңгені құрап отыр. Осындай жетістікке жетуімізге тәжірибелі, жоғары білікті мамандар еңбек ететін ауданымыздың қаржы саласы қызметкерлерінің еңбегі зор екенін атап өткен жөн.
Міне, осы атаулы күні аудандағы барша қаржы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, ел экономикасының дамуына күш-жігерін жұмсап келе жатқан сіздерге алғысымды білдіремін, – деді Асылбек Өмірбекұлы.
Мерекелік жиын соңында аудан басшысы бірқатар қаржы саласының қызметкерлерін марапаттап, облыс әкімі орынбасарының және аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды.
Қуат АХЕТОВ