2021 жылы халықтың әл-ауқаты қандай күйде болмақ?
Жалпы, 2021 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсімнің қарқыны 3,7–4,0 процент болады деген болжам бар. Алайда отандық экономистедің барлығы бірдей осы жорамалмен келісіп отырған жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Өсім болмаса да, жандану басталады
GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, ұлттық банк оптимистік болжам жасап отыр. Бірақ, шын мәнінде, 4 проценттік өсімге жету оңай емес. Себебі пандемия әлі аяқталған жоқ. Биыл да оның салдарымен күресу шаралары жалғасады.«Енді, өзім де пессимист болғым келмейді. Осы жылға оптимистік болжам да айтқан дұрыс шығар. Өз басым 2021 жылы экономикамызда өсім болмаса да, жандану процесі басталады деп ойлаймын. Алайда қауіп-қатерлер аз емес», – дейді Халық.Мәселен, коронирустың жаңа штаммы шыққаннан кейін Еуропа елдері қайтадан шекараны жабуға кірісті. Осы мәселе ушыға берсе, мұнайдың бағасы төмендейді. Теңге де әлсірейді. Бұдан бөлек, Қазақстанда экспорт пен импорттың айырмасы теріс болып тұр.
«Мәселен, былтыр экспорт мен импорттың айырмасы минусқа кетіп қалды. Осы жағдай биылғы жылы да жалғасады деген болжамдар бар. Әрине, ол теңгенің бағамына кері әсерін тигізеді», – деп атап көрсетті Халық.
Теңге бағамы не болмақ
Ал экономист Айдархан Құсайынов биыл экономикалық өсім байқалса да, халықтың басым бөлігі жұмыс істейтін салаларда стагнация болады деп санайды.«Иә, мұнай мен металдың әлемдік бағасы көтерілуі мүмкін. Көлік қатынасы жанданса, экономикалық өсім болады. Алайда қызмет көрсету мен бөлшек сауда сияқты сегмент, яғни, халықтың басым бөлігі жұмыс істейтін салаларда стагнация болады деп ойлаймын. Ал карантиндік шаралар болса, жағдай одан да қатты ушығып кетеді, кәдімгідей саяси-әлеуметтік дағдарыс болады», – дейді Құсайынов.Сарапшының айтуынша, шектеу шаралары болмаса да, экономика өте баяу қалпына келеді. Ал теңгенің бағамы ұлттық банктің саясаты мен ұстанымына байланысты болады.
«Қазірдің өзінде ай сайын ұлттық қордан валютаның 20-40 проценті сатылып тұрады. Оған қоса, биыл ұлттық компаниялар өз валютасын сатуға міндеттелді. Ондай шара соңғы 20 жылда болмаған сияқты. Алдағы уақытта теңгені 410-450 арасында ұстап тұруға тырысады. Бірақ анығын айту қиын. Егер ұлттық банк әдеттегідей «теңгені еркін айналымға жібереміз» десе, онда доллардың бағамы 500-ден асып кетуі мүмкін. Ал ондай мәлімдеме болмаса, 410-450 теңгенің аралығында қала береді», – деп атап көрсетті Құсайынов.
Санкция әсері сайлаудан кейін сезіледі
Consulting Group компаниясының директоры, экономист Марат Қайырленов биыл ел экономикасы біртіндеп өссе де, халықтың табысы қалпына келмейді деп отыр. Себебі оған біраз уақыт керек. Сосын экономикалық өсімнің қарқыны да әлдеқайда төмен болады.«Меніңше, 3 проценттің шамасында болады. Оған бірнеше себеп бар. Негізгі фактор – Ресейге қарсы санкциялар. Осы жолы тежейтін емес, зиян келтіретін санциялар болады дейді. Соның бәрі ресейлік рубльге кері әсерін тигізеді. Әрине, бізді де айналып өтпейді», – дейді Қайырленов.Сарапшының ойынша, алдағы мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына дейін көп өзгеріс болмайды. Ал осы саяси науқан аяқталғасын санкциялардың әсері сезіле бастайды.
«Былтыр халықты табысы күрт түсіп кетті. Инвестициялар да сырттан көп келмейді. Импорттың көлемі азайды. Соған қарамастан, жылдың соңында теңге біршама күшейді. Енді, ұлттық банктің рұқсатымен ғой… Дегенмен, Ресейге қарсы санкциялардың әсері күшейе түседі», – деп атап көрсетті Қайырленов.Осы орайда экономист 2014 жылғы дағдарысты еске алды. Сол кезде ресейлік рубль қатты арзандап, қазақстандықтар көрші елдің нарығына лап берді. Көлік пен техниканы тасыды. Содан теңгенің бағамы өзгерді.
«Бұдан бөлек, мұнайдың бағасын да ескеру керек. Қазір бір баррельдің құны 50 доллардың шамасында, жаман емес. Дегенмен, әлемдік мұнай нарығына Иран оралса, сосын коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмысы тежелген жағдайда қиындау болады, мұнайдың бағасы қатты өспейді», – дейді Қайырленов.