Ұстаз ұлағаты ұрпаққа үлгі
Білім саласында үздіксіз қызмет еткен, ұстаздық жолда қанша шәкіртті шыңдап, өміріне бағыт-бағдар берген, талайды білім нәрімен сусындатып, қоғамға пайдалы азамат қалыптастырған әр жанның орны бөлек, есімі ерекше аталмақ. Жер бетіндегі ең ұлы мамандықты таңдаған және осы жолда аянбай тер төккен ұстаздар қауымына адамзаттың алғысы шексіз, құрметі бөлек. Білім беру ісінде өзіндік өрелі орнын қалыптастырған, сол арқылы елінің есінде мәңгі қалған жандардың қатарында Күләйхан Баймұратова бар.
Аптаның сәрсенбісінде Жаңадария ауылында ауылдық клубтың ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері, қолөнер шебері Күләйхан Аманқызын еске алуға арналған «Қолөнер – сырлы өнер» атты аудандық қолөнер шеберлерінің байқауы өтті. Байқауға Қызылорда қаласындағы №235 орта мектептің технология пәнінің мұғалімі Майра Айтпанова, Жаңадария ауылындағы №203 орта мектептің мұғалімі Қалжан Бақтыбаева, Жаңадария ауылдық клубының қызметкері Бақыт Жаңабергенова қазылық етті. Ауданға қарасты он үш ауылдық округтің қолөнер шеберлерінің басын қосқан байқауда аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Ерданұлы сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Қазақ халқының қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, оны қастерлеуге, үлгі тұтуға, жастардың ой-өрісін дамытуға, ізденісін арттырып, қиял мен төзімді талап ететін қолөнердің сырын насихаттауға бағытталған бүгінгі шараның маңызы зор. Күләйхан апайдың білім саласындағы қаншама жылдық еңбегі елдің есінде. Алғашқы еңбек жолын Аққұм ауылындағы №38 орта мектепте мұғалімдіктен бастап, Жаңадария ауылдық балабақшасында меңгеруші, Жаңадария ауылындағы №203 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Зейнетке шыққан соң халықтың рухани байлығын арттыру мен ынтымағын сақтауда, тәуелсіз мемлекетіміздің білім саласының дамуына, қоғамдық, мәдени іс-шараларға белсене қатыса отырып, ауыл әйелдерінің мәртебесін көтеруде еңбек еткен. Ауылдағы іскер әйелдерге қолдау көрсету мақсатында қоғамдық негізде құрылған Жаңадария ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, ауылдық іскер әйелдер клубының жетекшісі қызметтерінде болды. Ұстаздық еткен жылдарында қанша шәкіртті еңбекке баулыды, білім нәрімен сусындатты. Әрқайсының өмірден өз орнын табуына, үлкен өмірге қанат қағуына күш салды. Өмірге жеті бала әкеліп, «Алтын алқа» иегері атанды. Осындай өмірі өнегемен өрілген аяулы жан қолөнер шебері де еді, – деді аудан әкімінің орынбасары Ж.Еспенбет.
Шара барысында білікті ұстаздың көзін көрген, қызметтес болған әріптестері, білім саласының ардагерлері, зейнеткер Сапабек Тұрмаханов, Жақсыбай Тұрғанов, Марита Оспановалар оның шынайылығын, ақжарқын мінезін еске алып, өткеннен сыр шертті. Сонан соң қатысушылардың қолөнер бұйымдары қазылар алқасына таныстырылып, үздік деп танылған жеңімпаздар дәрежелік дипломмен, түрлі сыйлықпен марапатталды. Ересектер арасында бас жүлдені Ақсу ауылының тұрғыны Гүлбахрам Алиева, І орынды аққұмдық Ақбаян Нұрматова, ІІ орынды жаңадариялық Айдана Мәмбет, ІІІ орынды далдабайлық Динара Тілеуімбетова, қаракеткендік Мейрамкүл Исаева, Еңбек ауылынан келген Күлдархан Жұмағұлова иеленді. Ал балалар арасында үздік қолөнерші атанған Т.Жүргенов ауылының қатысушысы Аружан Сүйеубай І орын алса, аққырлық Сая Арықбай ІІ орын, мәдениеттік Шаттық Күзербай ІІІ орын иеленді. Бұдан бөлек қалған қатысушыларға қазылар алқасының шешімімен арнайы алғыс хат табысталды.
Расында, бұл қолөнер сонау заманнан бізге жетті. Арада қанша дәуір өтсе де өз құндылығын жоғалтпады. Өйткені қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеленіп тұратын мәдениеті, өнері, болмысы бар. Әсемдігі мен түрлі оюлары алыстан көз тартып, жарқырап, жасанып тұратын құрақ көрпешелер мен текеметтің өзі керемет. Осыдан-ақ байырғы қазақ халқының қарапайым тұрмыстық бұйымдарының өзі үлкен еңбекпен жасалғанын көреміз. Жаңадариялықтардың жадында өзіндік парасатты болмысымен, адамгершілік қасиетімен білікті ұстаз ретінде сақталып қалған аяулы жанды еске алуға арналған кеште Күләйхан апайдың көзі тірісінде жасаған қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ