Жағдайы бар адамдар пітір садақаны қалай бергені дұрыс?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақа беру тәртібін түсіндірді.
Бас мүфтидің орынбасары Ершат қажы Оңғардың айтуынша, биыл пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасы негізінде анықталды.
«Қазақстан мұсылмадары діни басқармасы әр өңірдің бас имамына хат жолдап, сол өңірдегі бағаны білді. Сосын ортақ бағаны шығарды. Бір келі ұн 210 теңге болды. Ал шариғат бойынша пітір садақаның мөлшері екі келі ұнның бағасына тең. Ол – 420 теңге», – деді Оңғар орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бұл – пітір садақаның ең төменгі мөлшері. Сондықтан жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіздің немесе құрманың бағасымен бере алады.
«Егер бай-қуатты және жағдайы жақсы адамдар болса, мейіздің бағасымен берсе болады. Қазіргі кезде екі келі мейіздің бағасы 3 580 теңгені құрайды. Сондай-ақ, 4 келі құрманың құнымен беруге болады. Оның бағасы – 7 300 теңге. Міне, бай-қуатты азаматтар пітір садақаны осылай бере алады», – деп атап өтті Оңғар.
Айта кетейік, 2021 жылы қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал 13 мамыр Ораза айттың бірінші күні болады.