Әлем: вакциналау қарқыны қандай?
Әлем елдері қазір қауіпті індеттен арылып, жыл бойы дағдарысқа ұшыраған экономиканы қалпына келтіру шараларына жаппай бет бұра бастады. Бірақ әлемдік ақпарат құралдарынан мәлім болып отырғанындай, мәселе әлі де күрделі. Сарапшылар экономиканың қалпына келуін халықты жаппай егу шараларымен байланыстырады. Бұл – негізінен қазіргі тұралаған халыққа қызмет көрсету салаларының, орта және шағын бизнес, жол, әуе қатынас салаларының жұмысын өркендетуге бастайтын бірден-бір жол. Сол мәлімет көздерінде айтылғанындай, әзірге егу шаралары Еуроодақта, Ресейде, Қытайда және АҚШ-та біршама қарқын ала бастаған сыңайлы.
Дегенмен, қауіпті дерт вакцинасы бірқатар елдерде теріс жағдайдың орын алуына әкеп соғуда. Бұл негізінен әр елде шығарылған вакцинаның әсері әртүрлі болуынан туындауда. Кеше ғана Еуроодақ елдеріне алдырылған американдық вакцинаның қолданған сәттен адамдарда қан ұю синдромы басталғанын алаңдаушылықпен хабарлаған деректер түсе бастады. Ә дегеннен Еуроодақ астанасы Брюссельде бұған тиісті шара көру қажеттігі айтылып, препаратты егу шаралары тоқтатылды.
Жалпы әлемде вакцинацияға қатысты пікірлер де біркелкі емес. Айталық Ресейдің «Спутник V» вакцинасы туралы алдымен жағымсыз пікірлер көп айтылған болатын. Осындай теріс насихатқа қарамастан, Еуроодақтың бірқатар мемлекеттері ресейлік дәріге көптеп тапсырыс бере бастады. Тіпті 1,5 млрд халқы бар Үндістан вакцинаны өз елінде өндіруге лицензия алды. Қазір «Спутник V» вакцинасы тиімділігін көрсетті. Тіпті үлкен саясатта Ресейге «өкпесі қара қазандай» деген елдердің өзі оны алуға мүдделілік таныта бастады.
Ақпарат көздерінің соңғы мәліметтеріне қарағанда АҚШ пен Қытай егу жөнінен әлемде көш бастап келеді. Израиль мен Біріккен Араб Әмірлігі алғашқылардың қатарында егу шараларын бастап кетті. Әрбір 100 адамға шаққанда егілгендердің саны жөнінен АҚШ пен Қытай алда келе жатқанын атап өткіміз келеді. АҚШ-та қазірдің өзінде 45 млн адам егілді. Қытайдың көрсеткіші – 40 млн-нан астам. Мұнда алдағы екі ай шешуші кезең болатын түрі бар. Осы аралықта халықтың үштен біріне жуығын егу шараларымен қамту – мемлекеттің басты міндеті. Бірақ сарапшылардың пікірінше, аталған міндеттің орындалуы оңайға соқпайтын түрі бар. Себебі елде 1,5 млрд халық тұрады. Бұл орайда Еуроодақ елдерінің амбициясы да жоғары. Одақ елдері қазірдің өзінде 20 млн адамды егу шараларымен қамтыды. Данияның, Литваның, Испанияның, Польшаның, Италияның алғашқы көрсеткіштері бөтен емес. Ұлыбритания мен Үндістан алдағы екі айда жақсы көрсеткіштерді игеруді межелеп отыр.
Алайда әлемде қауіпті дерттің таралу қаупі әлі жоғалатын сыңайы байқалмайды. Соңғы күндері Түркияда қауырт жағдай қалыптасты. Осыған орай қоғамдық тамақтандыру, басқа да көпшілік орындарда болуға тыйым салынды. Түркиямен көп ел әуе қатынасын үзді. Осының барлығы өз кезегінде экономикаға қатты салқынын тигізуде. Түркияның негізгі бюджет табысы болып саналатын туризм, осыған қатысты қызмет салалары тоқырауға ұшырады.
Көрші Ресейде вакциналау шаралары біршама қарқынды басталды. Өңірлерде қабылдау орындары өсе түсуде. Өз кезегінде олардың өткізу сыйымдылығы артуда.
Әлем экономикасын талдап отырған Бүкіләлемдік Банк, Халықаралық валюта қоры әзірге оптимистік көзқарас білдіруге асықпайды. Себебі әлем халықтарын вакциналау шаралары енді ғана басталды. Өткен жылы әлемдік ішкі жалпы өнімнің 6 процентке төмендеуін қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт керек. Осы тұрғыдан алғанда екпіні әзірге басыла қоймаған коронавирустың залалын жою кем дегенде екі жылға созылатын сыңайы байқалады. Сол себептен халықаралық қаржы ұйымдары үзілді-кесілді болжам айтуға асықпайды.