» » «COVID-19»: ҚАУІП ӘЛІ СЕЙІЛГЕН ЖОҚ

«COVID-19»: ҚАУІП ӘЛІ СЕЙІЛГЕН ЖОҚ

Жақсылықты айтсаң, көбейеді демекші, көптен бері қауіпті өңірлердің қатарынан орын алып келген аймағымыз «Жасыл аймаққа» қайта енгенін қалың оқырманға жеткізуге асықтық. Ресми ақпарат көздері індет жұқтырғандар санының азайып, Сыр еліндегі ахуалдың қайта тұрақтана бастағанын мәлімдеді. Бұл дегеніңіз, осы қалыптан таймасақ, Қызылордадағы індеттің таралуы бәсеңдеп, тіпті толастауы да мүмкін. Бірақ «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кесетінін» естен шығармайық.

Газетіміздің өткен санында көңілді бір серпілткен жақсы хабарды жариялап, ін­деттің әсерінен болған келеңсіздіктерге шолу жасаған едік. Онда біз «Қызыл аймақтан» «Сары аймаққа» өткен об­лысымыздың карантиндік талаптарды сақ­тауда өте қатаң әрі жүйелі жұмыс істегенін байқауға болатынын, Сыр халқының да бұл көрсеткіште үлесі барын және қауіптің шеңберінен ортақ тәртіпке бағыну арқылы шыға білген аймақ жұртшылығының ұжым­дық иммунитет қалыптастыруда да белсенділік танытқанын тілге тиек еттік. Енді міне, көптің тілеуімен қауіпсіз аймақтардың сапынан табылдық. Бұған дейін де облыс көлемінде вирус жұқтырған алпысқа жуық адамның ауруынан айыққаны айтылса, есептік көрсеткіш бойынша аймақтағы ко­ро­навирус жұқтырғандардың да саны күрт төмендеген. Тіркелген науқастар са­нының азаюының да себебі бар. Әсіресе ақ халаттылардың жанайқайына құлақ түріп, вирусқа қарсы вакцина қабылдаған адамдардың үлесін айта кету керек.

Жалпы вакцина егудегі негізгі мақсат та осы ұжымдық иммунитет қалыптастыру. Індетке қарсы бірден-бір күш ол вакцина екенін түсінуіміз керек. Осы тұста лезде қалай «Жасыл аймаққа ендік?» деген сұ­раққа да жауап іздеп көру керек секілді. Айталық, бүгінгі күнге дейінгі мәліметке сүйенсек, Қазақстанда бір жарым мил­лионнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырған. Екінші компонентті сал­дыр­ғандар саны алты жүз мыңнан асады. Ал вакцина облысымызда жетпіс мыңнан астам адамға егіліпті. Оның ішінде аудандардың да үлесі бар. «Жасыл аймаққа» өттік деп бөрікті аспанға атып, ерте қуанудың да жөні жоқ. Бұл – арнайы мамандардың, ақ халаттылардың халыққа айтар ескертпесі. Өйткені қауіп әлі сейілген жоқ. Әлі де дертті жұқтырғандар бар арамызда. Жазылып шықпаған науқастар да тізімде тұр. Тексеріліп жатқан, індет жұқтырғандармен қа­рым-қатынаста болғандарды да еске саламыз. Мәселен, вирус жұқ­тыр­ғандардың көбі карантиндік тәртіпті сақтамай, қауіпсіздік шараларын қа­былдамаған. Негізі бұл дерттен аман болудың ең басты жолы вакцина болса, тиісінше денсаулыққа мән беру, медициналық бетперде кию мен қолдың тазалығы және көпшіліктен оқшауланудың да әсері мол. Айналып келгенде мемлекеттің халыққа айтары – вакцинаны қабылдау арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастыруға үлес қосу, ортақ тәртіпке бағыну, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау. Босаңсуға, еркінсуге әлі ерте деген ескертулер.

Бұған дейін де айтқанымыздай, халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңызы зор екенін тағы назарға салғанның артығы жоқ. Жер-жерде қолға алынған вак­цинациялау жұмыстары нәтижесін берсе, онда вирустың таралуына тос­қауыл қоюға мүмкіндік болмақ. Тіпті «Covid-19» коронавирус ин­фек­циясына қарсы екпе егуге бай­ланысты аудандық емхананың жыл­жы­малы диагностикалық кешені ұйым­дастырылып, ауылдық жерлерде тұрғындарды вакцинациялауға кірісті. Мамыр айының үші күні Мәдениет және Мырзабай ахун ауылында басталған медицина мамандарының сапары келесі күні Еңбек, Есет батыр және Жаңадария ауылдық округтерінде, бесінші мамыр күні Аққыр, Жаңаталап, Мақпалкөлде, алтысы күні Таң, Ақсу ауылдарында жалғасты. Кестеге сәй­кес елді мекендерге сапарлаған жылжымалы диагностикалық кешен әр өңір тұрғындарына екпе егіп, дәрігерлік қызметтерін көрсетті. Айта кетейік, екпе жұмыстары кезінде ал­дымен тұрғындар қан қысымы, жүрек соғысы секілді медициналық тек­серістен өтуі қажет. Егер тұрғын ден­саулығының жарамсыздығына бай­ланысты «Д» есебінде тұратын болса, жүктіліктің ықтималдығы болса және тағы басқа да денсаулығына байланысты шағымдары болса, дер кезінде дәрігерге ескертіп, хабардар етуі тиіс. Мұндай жағдайда вакцинаны кейінге қалдыруы немесе бас тартуы мүмкін.

Ернұр БАТЫРБЕК
12 мамыр 2021 ж. 513 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930