АУДАН ӘКІМІ АСЫЛБЕК ШАМЕНОВТЫҢ 4 МАУСЫМ – МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті ағайын!
Баршаңызды 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен құттықтаймын!
Кез келген елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын басты құндылықтары бар. Ол – елдің шекарасы, астанасы және мемлекеттік рәміздері.
Мемлекет мәртебесін айқындайтын негізгі құндылықтар мен ұстанымдар тарих толқынында шыңдалып, уақыт тезіне төтеп беретін дәрежеге көтерілу арқылы қалыптасатыны белгілі. Бұл ретте мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Гимн бір сәтте ғайыптан пайда болмай, сан ғасырларды артта қалдырып, бекіді. Олар – мемлекеттің кешегісін, бүгінін және ертеңін көрсететін айшыққа айналды.
Тәуелсіздіктің арқасында еліміздің әлемдік аренадағы беделі артты. Көк Ту астында берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміз, Гимнімізбен жетістігіміз дүниежүзіне танылуда.
Құрметті жерлестер!
Жалағаш ауданы бойынша Мемлекеттік рәміздердің насихатталуы, қолданылуы және сол арқылы азаматтарға патриоттық тәрбие беру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.
Биылғы жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде Жалағаш кентіндегі Дәуімбай елді мекенінде аудандық бюджеттен 69 млн. 510 мың теңге қаржы бөлініп, Рәміздер аллеясын салу жоспарлануда. Рәміздер аллеясы 30 тамыз – Конституция күніне орай ел игілігіне пайдалануға берілмек.
Бұл аллея жастардың патриоттық тұрғыда тәрбиеленіп, отансүйгіштік қасиетті бойларына сіңіруіне негіз болады деген сенімдеміз.
Қадірлі ағайын!
Елтаңба мен Көк Туға, Гимнге тағзым - тарихқа тағзым, оларға құрмет – елге құрмет. Өйткені, мемлекеттік белгілеріміз – елдің құты, ырыс-қасиеті.
Тәуелсіздігіміздің айбары саналатын Мемлекеттік Рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін.
Еліміз аман, жеріміз тыныш, көк аспанда Көк Байрағымыз желбірей берсін!