» » ОРТАЙМАСЫН ҚАЗАҒЫМНЫҢ ҚАЗАНЫ

ОРТАЙМАСЫН ҚАЗАҒЫМНЫҢ ҚАЗАНЫ

Жыл басы жақындағанда әрбір үйде келер жылғы тоқшылық пен ырыстың арқауы, құт-берекенің бастауы ретінде ақ дастарқан бетіне міндетті түрде наурыз көже қойылады. Иә, ұлыстың ұлы күнін дәстүрлі наурыз көжесіз елестету мүмкін емес.
Бұл күні әр шаңырақта қазан оттан түспей, ұлттық тағамдар әзірленіп, бауырсақ пісіріліп, дастарқан аққа толып, наурыз көже дайындалады. Жалпы түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті болғандықтан, наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Қазақ халқы да әу бастан қасиетті сандарға, ырымға ерекше мән бергендіктен, дәстүрлі тағамды әзірлеуде міндетті түрде жеті дәм қосып, дайындалуына аса мән береді. Жеті түрлі тағамнан жасап, молшылық болсын, тоқшылық әкелсін, береке-бірлік пен бақ таймасын деп ниет етеді.
Көженің дайындалуында ерекше мән бар. Су – тіршілік көзі болғандықтан, наурыз көженің негізі су болып табылады. Мұның астарында өмір өзендей мөлдір, ұрпақ судай асып-тасысын деген жақсы ой жатса керек-ті. Сонымен бірге, қазақ дастарқанының берекесі, төл асы ет, оның ішінде де соғымнан сақталған сүр етін қосады және ас мол болсын деген ырыммен арпа қосады. Арпаның емдік қасиетін жақсы білген халық оны тойымды әрі көптеген дертке шипа деген. Арпамен қоса тары, күріш сияқты дәнді-дақылдар қосылып, бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын деп, осы дәмдермен қатар айран немесе ақ құяды. Түптеп келгенде наурыз көжеге қосылатын жеті дәм де адам денсаулығына пайдалы саналып, сүттей ұйып, ауызымыз ақтан кетпей молшылықта болайық деген тілекте әзірлейді.
Әрине, дәстүрлі тағамды дайындауда мынандай жеті түрлі тағам қосылуы қажет деген қағида жоқ. Әркім қолындағы барын, мүмкіндігіне қарай әзірлейді. Қазіргі кезде көкөніс, жемістер қосатындар да бар. Бастысы, дәм саны жетеу болып, дәмі тіл үйіріп, қазанымыз асқа, дастарқанымыз нанға толса – ырыс та, береке де осы болар.
Үлкендердің айтуынша, осы күнге жеткен ұлыстың ұлы күнінің дәстүрлі тағамы – наурыз көжені тойып жеген адам жыл бойы тоқшылықта жүреді дейді. Сонымен қатар, қазандар наурыз көжеге толып, тұрғындар бір-біріне қонақ болып, жыл басын бірлік пен татулықта қарсы алайық деп ниеттенген. Әйел адамдар өздерімен бірге ыдыс ала жүріп, өзгенің көжесінен өз қазанындағы көжеге құйып, дәм-тұзымыз жарасып, ынтымақ-бірлігіміз артып, көже секілді мидай араласып, дәмді қатынаста болып, ырысымыз жұғысты болсын деген үлкен ұғымды сақтаған. Қарап отырсақ, наурыз көженің де дайындалуында, оның ішілуі мен таратылуында да үлкен халықтық мән жатыр. Ендеше, қазанымыз ортаймасын, Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!

Н.АЛМАС,
М.АХМЕТОВ (сурет).


21 наурыз 2018 ж. 1 386 0