Біртанов бюджет қаражатын жымқырмаған болып шықты

«Тергеу аяқталды. Тергеу аяқталуына бес күн қалғанда күдік «жымқырудан» «өкілеттікті асыра пайдалануға» ауыстырылды. Жалпы тергеу денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысын бюджет қаражатын жымқыру күдігі бойынша 2020 жылдың мамырында басталғанын еске салғым келеді. Алайда ақырында ешқандай жымқыру фактісі жоқ екені анықталды. Оны кейіннен қаржы мониторингі агенттігі де мойындады. Бірақ Біртанов та, қорғаушысы ретінде біз де ешқандай қылмыс, жымқыру жоқ екенін қайта-қайта айтып келдік. Сонда қаржы мониторингі агенттігі жымқыру фактісі бар деген мәлімдеме арқылы халықты алдап отырғаны ма?», – деді Дмитрий Куряченко.
Ол анықталмаған «жымқыру» қылмысы үшін Біртановты тергеу изоляторында ұстағанын, кейіннен сегіз ай үйқамақта отыруға рұқсат еткенін мәлімдеді. Экс-министр қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бойынша тағылған айыпты да мойындап отырған жоқ.
«Менің қорғауымдағы Біртанов тағылған айыпты мойындамайды. Тергеу әділетсіз өтті әрі көптеген заң бұзушылыққа жол берілді. Мұның барлығы сотта дәлелденеді», – деді адвокат.
Келесі сот отырысы қашан өтетіні әзірше белгісіз. Заңгердің айтуынша, қазір іспен танысу сатысы басталып жатыр.
Еске сала кетейік, 8 шілдеде Елжан Біртанов пен денсаулық сақтау министрінің бұрынғы орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғаны белгілі болды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, оларға қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бойынша айып тағылып отыр.
Сонымен қатар Біртанов 2020 жылдың маусымында санитарлық авиация тікұшағын жеке мақсатта пайдалану фактісі бойынша қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталуда.