Жамбылдағы жарылыс: Өрт сөндіруге аттанған бірнеше қызметкер жоғалып кетті
Жамбыл облысында әскери бөлім қоймасындағы жарылыс кезінде өрт сөндіруге аттанған Төтенше жағдайлар қызметінің бірнеше маманы жоғалып кетті , деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Байланысқа шықпаған бірнеше қызметкерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", - деді төтенше жағдай министрі Юрий Ильин брифингте.
Бұған дейін ТЖ министрлігі жарылыс пен өрт салдарынан 90-ға жуық адам зардап шеккенін хабарлады. Оның 49-ы – ТЖ департаментінің қызметкерлері.
Қазіргі уақытта ауруханада 28 адам жатыр. Олардың барлығы дерлік әскери бөлімнің қызметшілері. Медициналық көмек көрсету шараларына Тараз гарнизонының әскери госпиталі де тартылды.
Айта кетейік, кеше сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жарылыс болды. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланды. Жарылыс салдарынан 88 адам зардап шегіп, 5 әскери қаза тапты. 6 адамның жағдайы ауыр деп бағалануда.