» » Гүлшара Әбдіқалықова: Індетті жеңудің бірден бір жолы – жаппай вакцинациялау

Гүлшара Әбдіқалықова: Індетті жеңудің бірден бір жолы – жаппай вакцинациялау

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова онлайн форматта коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі облыстық жедел штаб отырысын өткізді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова, салалық жауапты департамент басшылары мен Қызылорда қаласы және аудан әкімдері селекторлық байланыс арқылы қатысты.

Аймақ басшысы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың күн өткен сайын күрделеніп бара жатқанын тілге тиек етіп, вакцинациялау мен ревакцинациялауды күшейту қажеттігін қаперге салды.

Қазіргі таңда облыс «қызыл» аймақта. Күннен-күнге эпидемиологиялық жағдай күрделенуде. Соңғы аптада тәулігіне 300-ден астам жағдай тіркелуде.
Әлемде және елімізде жаңа «дельта», оған қоса «омикрон» штаммы таралып жатыр. Жағдай өте ауыр. Сондықтан індетті жеңудің бірден бір жолы – жаппай вакцинациялау жұмыстарын жалғастыру маңызды.
Қазіргі таңда облыста I компоненті бойынша 418 154, II компонент бойынша 392 943 тұрғынға екпе салынды. Ал 30 213 тұрғын ревакцинациядан өтті.
Бүгінге ахуал күрделенуде, аймақта балалар арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында екпе алуға қабілетті жасөспірімдерді вакцинациялау қарқынын күшейту керек. Ал, Шиелі және Жаңақорған аудандарда тұрғындар арасында вакцинациялау жұмыстары баяу жүруде. Сондықтан індетті тоқтату үшін екпе салу қарқынын үдету қажет, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиында Әлия Әбдіқайымова өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталды. Осы кезеңге дейін коронавирус инфекциясы анықталған жағдайлардың 58 пайызы скринингтік тексеру барысында, 2 пайызы сырттан тасымалдану арқылы, қалған 20 пайызы қарым-қатынас арқылы жұқтырып, анықталған. Яғни, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда ауруды жұқтыру көрсеткіші 20 есеге өскен. Жауапты департамент анықталған жағдайлардың дені тұмау тәріздес, клиникалық белгілері байқалмайтын деректердің көптеп тіркелетінін алға тартты.

Мұнан соң, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов аймақтағы кәсіпкерлерлік нысандарында «Ашық» қосымшасының пайдалануын кеңейту бойынша негізгі жұмыстарды тізбектеді. Қазір түсіндірме жұмыстары жалғасуда. Айта кетейік, ҚР Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес «Ашық» қосымшасымен жұмыс жасайтын кәсіпкерлік нысандар тек жасыл статусты тұрғындарды кіргізу қажет. Бүгінге облыста 3851 нысан аталған қосымшамен жұмыс жасауда.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов вакцинациялау қарқыны мен аймақтағы ахуалды баяндап берді. Жыл басынан бері облыста 1800-ден астам азамат індет жұқтырған. Ірі ошақ Қызылорда қаласында. Сондай-ақ, аудандар бөлінісінде Шиелі мен Жаңақорғанда ауру жұқтырғандар саны көптеп тіркелуде.

Вирустың өршуіне байланысты аймақ басшысы инфекциялық стационарлардағы төсек-орын санын көбейту қажеттігін атап өтті. Бүгінде емделушілер үшін 535 төсек-орын әзірленген. Қажеттілікке қарай оның санын 3200-ге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, 142 мобильді топ үй жағдайында қызмет көрсетуде. Ал, емханаларда 21 ахуалдық орталық жұмыс істеуде.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова оқушылар арасында індеттің таралу жиілігіне байланысты оқу процесіне қажетті ұсынысын жеткізді. Яғни, қала маңындағы бала саны 600-ден жоғары мектептерде қашықтықтан оқыту форматына, ауылдық жерлерде дәстүрлі форматта оқыту, сондай-ақ, қашықтан оқитын мектептердегі 1-2 сынып оқушыларын дәстүрлі форматта оқыту ұсынылды.
Жедел штаб отырысын қорытындылаған аймақ басшысы жауапты салалық басқарма мен департамент басшыларына, қала және аудан әкімдеріне нақты тапсырма жүктеді. Мәселен, науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды шұғыл түрде анықтап, аурудың таралуына жол бермеу міндеттелді. Мониторинг топтардың жұмысын жандандырып, тұрғындар арасында ревакцинациялау жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау, білім басқармалары санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті әрбір қала, аудан бойынша КВИ-ге қарсы вакцинация жүргізу жөніндегі іс-шараларды үйлестіретін кураторлар тағайындап, коронавирусқа қарсы жасөспірімдерді вакцинациялауды жүргізу жөніндегі іс-шара жоспары әзірлеуі тиіс.

Жиында берілген тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменоваға жүктелді.


17 қаңтар 2022 ж. 216 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930