Қызылорда облысында әлеуметтік жағдайы төмен 11 мыңға жуық отбасы бар
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайларды алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары, салалық басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері онлайн режимде қатысты.
Отырыста 2021-2022 жылғы жылу беру маусымында көмірқышқыл газы мен табиғи газға улану жағдайларының алдын алу мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы биылғы жылу беру маусымында тұрғын үйлерде 205 өрт оқиғасы тіркеліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға өскендігін атап өтіп, алапат өрт жағдайларын алдын алу үшін бірлескен жұмыстарды күшейту қажеттігін қаперге салды.
Бүгінде облыс аумағында әлеуметтік жағдайы төмен 11 мыңға жуық отбасы тіркелген. Оның ішінде қатты отынмен жылытылатын пештерді пайдаланатын 7 691 отбасы бар. Бұған дейін облыс бюджетінен бөлінген 4,1 млн. теңгеге 3 750 отбасына көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғылар орнатылған.
Жиында төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бауыржан Ізбасаров маусымдық кезеңде орын алатын оқиғаларды алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды тізбеледі. Сондай-ақ, орын алған жағдайлардың басым бөлігі тұрғындардың қарапайым өрт қауіпсіздік шараларын сақтамауынан, тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, балаларды қараусыз қалдыру, электр желілерінің қысқаша тұйықталу салдарынан туындайтынын жеткізді.
Биылғы жылу беру маусымында 126337 тұрғын үй секторының ауласына бақылау жүргізіліп, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша үгіт-насихат жұмыстары жасалған. Тұрғындармен 223 рет кездесу ұйымдастырылып, ZOOM платформасы арқылы 42 онлайн сабақ өткізілген.
Анықталған жағдайларды саралаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова маңызды мәселенің бірі газ балондарынан болатын жарылыс салдарын зерттеп, алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрді іске асыру қажеттігін қатаң тапсырды.
Комиссия отырысында өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Жанмұрат Балғабаев, облыстық жұмылдыру даыйындығы басқармасының басшысы Медет Усаин, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағамбетов үйлерге көмірқышқыл газын анықтайтын құрылғылар орнату, газ құю бекеттерінде газ жарылу жағдайларын талдап берді.
Өз кезегінде облыс әкімі тиісті сала басшыларына газ құю бекеттеріндегі талаптарды бұзу деректерін анықтау үшін рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруды, тұрмыстық газ баллондарды автогаз бекеттерінде толтырудың қауіптілігін түсіндіру туралы арнайы медиажоспар әзірлеп, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын күшейту қажеттігін қаперге салды.
Күн тәртібіндегі мәселелерді саралаған аймақ басшысы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне, облыс аумағындағы әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен 97 отбасының жарамсыз жылыту пештерін жөндеу немесе қайта салу, 42 отбасының тозығы жеткен электр желілерін өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келтіруді тапсырды.
Сонымен бірге облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы, Қызылорда қаласы және аудандар әкімдерімен бірлесіп, тұрмыстық газ баллондары мен газбен жабдықтау жүйесін қауіпсіз пайдалану бойынша қажетті шараларды қабылдауды міндеттеді. Ал, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысына жыл соңына дейін тұрғын үйлерге табиғи газды анықтайтын құрылғыларды орнату бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды жүктеді.