Тоқаев: Қазақстанға жаңа Салық саясаты қажет
Қасым-Жомарт Тоқаев тиімді салық саясаты туралы айта келіп, барлығына түсінікті болатын жоба қажет екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Президент 2020 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірісі 34,6 млрд доллар (14,6 трлн теңге) болғанын және бұл ІЖӨ-нің 20 пайызы екенін атап өтті.
“Аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу үшін бұл жеткіліксіз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі 40-50 пайызға дейін жетеді. Тіпті, біздің жақын көршілеріміздің өзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары.
Мәселен, Украинада — 31%, Ресейде — 35,4%, Қырғызстанда — 31%. Соңғы 10 жылда елдің ІЖӨ-дегі салықтың үлесі 9,9 пайыздан, 7,3 пайызға дейін төмендеп кеткен. Міне, сол себепті Ұлттық қордан бөлінетін трансфер де тым көбейіп кеткен. 2019 жылдан 2021 жылға дейін 12 трлн теңге, яғни 30 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған, — деді ол.
Мемлекет басшысы жаңа салық саясаты қажеттігін баса айтты.
“Салықты адал жолмен төлеу тиімді және қарапайым болатындай етіп жасау керек. Бизнес, әсіресе, ірі бизнес, ашық емес серіктестерге төзбеушілік танытуы керек. Өз кезегінде көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту үшін жауапкершілікті мемлекеттен ешкім ысырып ала алмайды. Бұл – бюджет үшін үлкен ресурс. Сонымен қатар адал жолмен салық төлеушілерді қолдау, оларды адал емес бәсекелестіктен қорғау маңызды. Бұл жқмысты кедендік шекарадан бастау керек. Мен тапсырма бердім, нақты және жедел нәтижелер күтемін.
Ол астыртын қитұрқы әрекеттерге жол бермейтін, бизнеске де, Үкіметке де ашық, түсінікті саясат болуы керек, – деді Тоқаев.