» » Гүлшара Әбдіқалықова: Биыл да дариядағы су деңгейі төмен болады

Гүлшара Әбдіқалықова: Биыл да дариядағы су деңгейі төмен болады

Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелерді ашық талқылау мақсатында «Шопан Ата» Қазақстан Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының бастамасымен шаруалардың ортақ мәселесі талқыланды. Жиында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы, қауымдастық төрағасы Алмасбек Садырбаевпен бірге егін егу, мал шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер бойынша фермерлерді жеке-жеке тыңдап, ұсыныс-пікірлерін ескерді.

Басқосу барысында Сырдария өзені деңгейінің төмен түсуі салдарынан туындайтын проблемалар, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау мен несиелендіру, мал азығының қымбаттауы мен жер мәселесі, көктемгі егін жұмыстарына дайындық барысы жан-жақты талқыланды.
Әрбір мәселенің өзектілігіне қарай облыс әкімі қала және аудан әкімдерінің орынбасаларлары мен салалық басқарма және департамент басшыларына тікелей тапсырма беріп, әрбір ұсыныстың зерделенетінін жеткізді. Сондай-ақ, бірқатар мәселелердің мемлекетаралық деңгейде көтерілгенін айтып, шауаралардан түсіністік пен шыдамдылық танытуды сұрады.

«Ауыл шаруашылығына қажетті судың жеткілікті көлемде келмеуіне байланысты соңғы 3 жылда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бұл мәселе кері әсерін тигізуде. Мамандар биыл да дариядағы су деңгейінің төмен болатынын ескертуде. Бұл мәселені шешуде кешенді шаралар қабылданып жатыр. Апта басында Президентке қуаңшылық, жер мен жем-шөп бағасына қатысты мәселелерді баяндадым. Сондықтан сырбойылықтарды түсіністік танытуға шақырамын. Бүгін саладағы қиындықтармен бетпе-бет келіп отырған шаруалардың үніне құлақ түріп, арыз-шағымдарыңыз бен ұсыныс-тілектеріңізді тыңдап, олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Мәселелер белгіленген тәртіп пен заң аясында шешіледі», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

50-ге жуық шаруаны тыңдаған аймақ басшысы әкімдік тарапынан агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған іс-шаралардың кезең-кезеңімен жүргізілетінін қаперге салды. Мәселен, облыс аумағындағы 400-ден астам құдықты тазалауға жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Аудандарда шабындық және жайылымдық жерлердің картасы жасалып жатыр. Сондай-ақ, өңір басшысы орын алған жағдайды ескере отырып, егістің көлемін белгілеп алу ұсынысын жеткізді. Айта кетейік, аймаққа келетін су көлемінің төмен болуы мемлекетаралық деңгейде қаралуда. Мемлекет басшысы бұл мәселе бойынша Өзбекстан президентімен бірқатар келіссөздер жүргізген болатын. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов та үкіметаралық деңгейде вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстарын пысықтады.

Ал, «Шопан Ата» Қазақстан Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев бірнеше ұсыныстарды ортаға салды. Атап айтқанда, өңірлердегі Су шаруашылығы мекемелері жанынан суды пайдалану саясаты бойынша қоғамдық кеңес құру, ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жердің 10 пайызын жастардың жобаларына бөлу, субсидияны орта және шағын шаруа қожалықтарына үлестіру, ветеринария саласына реформа жүргізуді ұсынды. Сонымен бірге, салаға жаңа леп әкеліп, малшы мәртебесін көтеру бастамасын айтты.

Жиын соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сындарлы диалог орнату арқылы ортақ мәселелерді бірлесіп шешетіндігін айтып, наурыз айында аудандардағы егіс алқаптарына барып, шаруалармен бірге ортақ мәселелерді бірлесіп қарайтынын жеткізді.

25 ақпан 2022 ж. 115 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930