Әлихан Смайылов: Фермерлер сұранысы жоғары дәнді дақылдардың егістік алқаптарын ұлғайтуы тиіс
Үкімет көктемгі егісті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдады. ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды.
ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдері баяндама жасады, деп хабарлайды ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі.
Үкімет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу маңызды міндеттердің бірі, өйткені бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзекті мәселе екенін атап өтті.
«Қазір бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс күн санап артып келеді. Сұранысқа сай оның бағасы да қымбаттап барады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімінің ішкі тұтынуын да, экспорттық әлеуетін де қамтамасыз ету – аса маңызды мәселе», – деді Ә.Смайылов. Мәселен, жалпы егіс алаңы 23,1 млн гектарды құрайды, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 125 мың гектарға артық. «Фермерлер басымырақ қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, сұранысы жоғары дәнді дақылдардың егістік алқаптарын ұлғайтуы тиіс. Бұл ретте, өнімді көп беретін және экспортқа шығатын дақылдарды егуге айрықша көңіл бөлу керек», – деді Министрлер кабинетінің басшысы.
Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, биыл барлығы 658,7 мың тонна минералды тыңайтқыш қосу жоспарланған, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 32,2 мың тоннаға артық. Пестицидтерді субсидиялау бағдарламасы бойынша 2022 жылға 31,7 млрд теңге қарастырылған, бұл егіс алқаптарының өңделуін 100%-ға қамтамасыз етеді.
Премьер-министр тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу құнының 50%-ін субсидиялау әрі қарай жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ тұқым сатып алу, қайта өңдеуге тапсырылатын дақылдар өндіру, су беру бойынша көрсетілетін қызмет құнын субсидиялау да былтырғы шамада сақталатын болады.
Техникаларды жаңарту үшін Үкімет кредиттер мен лизинг үшін инвестициялық субсидиялау және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көлемін ұлғайтады.
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық аясында Ә.Смайылов бірқатар нақты тапсырма берді.
Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар дақылдар мен жем-шөптің қажетті көлемін себе отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыру тапсырылды. Сондай-ақ минералдық тыңайтқыштарды өндірушілермен алдымен ішкі нарықты қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды.
Экология министрлігі мен әкімдіктерге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жаз бойы сумен қамтамасыз ету тапсырылды.