» » Қазақстанның әлем мойындаған рекордтары

Қазақстанның әлем мойындаған рекордтары

Түрлі түсті ғажайыпқа толы доп дидарлы дөңгеленген дүниеде әр ұлтты өзгеден ерекшелеп тұратын өзіне тән сын-сипаты, салт-санасы болады. Өзіміз өз болып, дархан даламыздың шет-шетін шегендеп дербес ел болғалы әлемге атымызды әйгілеген небір үлкен жетістіктеріміз баршылық. Мұның ішінде төрткүл дүние түгел таңдай қағатын, ешкім шәк келтіре алмайтын ең-ең ғажап жетістіктеріміз тайға таңба басқандай Гиннесс рекордтар кітабында айшықталды. Бұл қатарда басқадан бөлек, өзгелер қайталай алмайтын өзіндік ұлттық рекордтарымыз бар. Бұл жайында egemen.kz жазды.

Теңізге тіке шыға алмайтын теңдессіз ел

Бағымызға нәсіп болып бұйырған байтақ жеріміз бен бай дәстүріміз «Нағыз қазақ осы, міне, танып қой» деп ауыз толтырып айтарлықтай толайым табысымызға арқау болды. Осы орайда Гиннесс рекордтар кітабындағы жетістіктерімізді жіпке тізгендей тарқатпас бұрын алдымен Қазақстанның ел ретіндегі өз рекордын атап өткен жөн.
Дүниежүзінің картасынан ойып тұрып орын алған тоғызыншы территория – Қазақстанның иен даласы әлемдегі ең беделді кітапқа да енуіне себеп болды. Біздің еліміз Гиннессте «теңізге тіке шығар жолы жоқ құрлықтағы ең үлкен мемлекет» болып тіркелген.
Айрықша аэробикалық жаттығу

Бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде бірнеше адам біркелкі жасайтын түрлі қимыл-қозғалыс флешмоб ретінде трендке айналып тұр. Осы үрдісті жиырма жылдай бұрын бастаған біздің елдің ұландары тағы бір рекордты тіркеген екен.
2003 жылдың 27-ші қыркүйегінде Қазақстанда саламатты өмір салтын насихаттау үшін өткізілген аэробикалық жаттығу рекордтар кітабына енді. Елдің барлық өңірінде бір мезетте 4 млн 845 мың 98 адам радиодан берілген әуен арқылы қимылдаған шара «әлемдегі ең көп адам қатысқан аэробикалық жаттығу» ретінде танылды.
Ең ірі шатыр

Алып мөлдір шыныдан жасалған «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірген. 2010 жылы 6 шілдеде ашылған ғимараттың биіктігі – 150 метр.

Бұл сәулет туындысы – бір шатырдың астында әлем деңгейіндегі сауда, ойын-сауықты біріктірген бірегей орталық. Нысан күн сәулесін өткізетін мөлдір шыныдан және полимерлі жабынмен бекітілген болат темір арқаннан құрастырылған. Арнайы химиялық құрам шатырдың кеңістігін температураның ауытқуынан қорғап, нысан ішіндегі микроклиматты сақтап тұрады. Осы және өзге де технологиялардың арқасында «Хан Шатыр» әлемдегі он эко-ғимараттың қатарына енді.

Оңтүстік полюске ең тез жеткен қазақтар

Көшіп-қонып тіршілік еткен ширақ халқымыздың болмысы қандай сапарға болсын бейім келеді. Мұның бір дәлелі – 2011 жылы желтоқсанда Қазақ географиялық қоғамы 108 сағатта 2 308 шақырымды еңсеріп, Оңтүстік полюске алғашқы автомобиль экспедициясын ұйымдастыруы болды.

Бір қызығы, қазақстандықтар бұл сапарға ғылыми зерттеу үшін аттанған екен. Бір жылдан кейін Гиннесс кітабының комиссары арнайы сертификат тапсырып, ойламаған жерден бұл саяхат рекорд деп танылыпты. Осылайша, «Оңтүстік полюске құрлық арқылы жеткен ең тез орташа жылдамдықтағы сапар» рекорды да – біздің, еншімізде.
23 наурыз 2022 ж. 149 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930