Аймақ басшысы Арал ауданына барды
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Арал ауданына барды.
Алдымен ауданға қарасты Сексеуіл кентіне барып, жергілікті жердегі өзекті деген бірқатар мәселелермен танысты. Ондағы ел-жұртпен жүздесіп, өзара пікірлесті. Сапар барысында кенттегі құрылысы аяқталмаған теміржолшыларға арналып салынған 2 пәтерлі 38 тұрғын үйдің және 40 төсектік аурухана нысандарына барып, қазіргі жағдайын көрді. Аталған ғимараттардың құрылысын толық аяқтау үшін облыстық тиісті салалық басқармаға толық зерделеп, қажетті қаржы көлемін анықтап, ұсынуды тапсырды.
Одан соң, аймақ басшысы кенттегі № 283 орта мектебі ғимаратының алдында тұрғындармен жүздесті.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген газ, жол және құрылыс нысандарына байланысты мәселелерге қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіріп өтті.
Мұнан соң, білім ошағының ішінде аудандағы аппатты деп танылған балабақшалар және болашақта бой көтеретін мектептер құрылысының жобасымен танысты.
Бұдан кейін Арал қаласындағы аудандық мәдениет үйінде актив отырысына қатысты. Жиынға түрлі сала ардагерлері, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, имамдар, басқарма, бөлім басшыларымен қатар ауылдық жерден келген ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.
Нұрлыбек Машбекұлы, алдымен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, өзіне сенім білдірген ел-жұртына, барша аралдықтарға алғысын білдіріп, алдағы уақытта сенім үдесінен шығуға жұмыс жасайтынын жеткізді. Ауданның өзекті деген проблемалық мәселелерімен бұған дейін де таныс екенін айтқан Н.Нәлібаев, Аралдың аты аймаққа емес бүкіл әлемге мәшһүр екенін алға тартты.
«Құрметті жерлестер, қасиетті рамазан айында аймақ басшысы ретіндегі алғашқы сапарымды Арал ауданынан бастап, өздеріңізбен жүздесіп жатқаныма қуаныштымын. Ер азамат үшін еліне, оның ішінде туған жеріне қызмет ету – үлкен бақыт, зор жауапкершілік. Алаштың анасына баланған Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани жаңғыру жолында сіздердің қолдауларыңызбен, әріптестерімізбен бірге аянбай еңбек етіп, осы кезге дейінгі жинаған тәжірибемді, алған білімім мен барлық күш-жігерімді ел игілігіне арнаймын. Президент ұсынған Жаңа Қазақстан бастамасын қолдай отырып, әрбір мәселені өзектілігіне қарай кезектілігімен орнықты түрде шешімін табу үшін жұмыс жасайтын боламыз. Таңертеңнен бері бірқатар проблемалық нысандарды аралап, тұрғындармен кездестім. Елдің ахуалын, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп келеміз», – деген аймақ басшысы ауданда өзекті деген бірқатар мәселелердің бар екенін атап өтті.
Әсіресе «Көкарал» бөгетінің қазіргі жайы және САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруды барша Арал жұртшылығы үлкен үмітпен күтетіндіктен, теңіздің жағдайы Мемлекет басшысының әрдайым басты назарында екенін айтты.
Одан соң аудан әкімі Серік Сермағамбетов өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндама жасады.
Баяндама барысында аудан әкімі әр саланы талдап, ондағы жетістіктер мен өткен жылмен салыстырғандағы көрсеткіштерді жұртшылық назарына ұсынды. Сондай-ақ, алдағы негізгі міндеттерді саралап, бірінші кезекте қолға алынуы тиіс маңызды деген мәселелер жүзеге асырылу керектігін жеткізді. Олардың қатарында қала ішінде аспалы көпір салу мәселесі, аудан бойынша жаңа білім ошақтарын ашу, Сексеуіл кентін газдандыру сынды бірқатар мәселелер бар.
Өз кезегінде білім саласының ардагері, зейнеткер Н.Оспанов, Аманөткел ауылының тұрғыны Ш.Әбдіраманов және облыстық мәслихат депутаты М.Жұмашев аймақ басшысына ізгі тілектерін арнап, бірқатар ұсыныстар енгізді.
Аймақ басшысына Арал ауданының құрметті азаматы, абыз ақсақал Ш. Дәрмағамбетов Сыр өңірінің әлеуетін арттыруға арналған қарымды қызметіне сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Жиыннан соң, өткен жылы реэкспозициядан өткізілген балықшылар мұражайына ат басын бұрып, ондағы Арал теңізі тарихынан және балықшылар өмірінен сыр шертетін тарихи жәдігерлермен танысып, мұражай ауласына естелік ретінде ағаш көшеттерін отырғызды.
Мұнда аудан әкімі Серік Сермағамбетов «Балықшылар» аллеясын қайта жаңғырту, аспалы теміржол өткелі, аудан бойынша автомобиль жолдары, аудандық тарихи-өлкетану музей құрылысы, аудандық мәдениет орталығына жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстары және көп қабатты тұрғын үйлер және кәріз су жүйесі жұмыстарын таныстырды.
Аймақ басшысы бұдан кейін Қамбаш көлі жағасындағы «Аққұмшық» жағажайына барып, стенд арқылы қуаңшылықты еңсеру бағытында атқарылған жұмыстармен танысты. Қамбаш көлінің қазіргі деңгейін бағамдап, алдағы уақытта аймақта туристік салаға басымдық берудің маңыздылығына тоқталды.
Атап өтейік, осы кезге дейін жағадан 500 метрге дейін алшақтап кеткен «Қамбаш» көлінің суы «Бұрмақұлақ» арнасына бөгеліп, «Аспай» суағытқысының іске қосылу нәтижесінде қайта қалпына келді.