» » Елордада сәбиді құтқаруға қатысқан Сағи Жылқышиев төсбелгімен марапатталды

Елордада сәбиді құтқаруға қатысқан Сағи Жылқышиев төсбелгімен марапатталды

Төтенше жағдайлар министрі елордада терезеден салбырап тұрған сәбиді құтқаруға қатысқан Сағи Жылқышиевті төсбелгімен марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Марапаттау рәсімі бүгін Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде өтті. Сағи Жылқышиев 8-қабаттағы терезеден құлағалы тұрған балдырғанды құтқарған Сәбит Шонтақбаевқа көмек көрсеткен.

С. Жылқышиевке көрсеткен ерлігі үшін ҚР ТЖ министрінің бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі, алғыс хат пен қолсағат тапсырылды.

Еске салайық, 11 мамыр күні Сәбит досымен бірге таңертең жұмысқа бара жатқан кезде адамдардың шоғырланған тобын және 8-қабат деңгейінде айғайлап тұрған баланы көрген. Олар дереу подъезге жүгіріп кіріп, көршілер арқылы 7-қабатқа көтерілген. Сәбит пен Сағи құтқару шараларына бірден кіріскен. Себебі әрбір секунд маңызды болды. Сәбит терезе арқылы сыртқа шыққан. Ал Сағи бір қолымен досының аяғын, екінші қолымен терезені ұстап тұрды.

«Біз айқайларды естіп, ілініп тұрған баланы көрдік. Ойымыз тек баланы құтқару болды, ойланбастан жүгірдік», деп атап өтті Сағи Жылқышиев.

13 мамыр 2022 ж. 86 0