Өртеніп жатқан үйдің жанынан өтіп бара жатқан ер адам анасы терезеден лақтырған сәбиді қағып алды
АҚШ-тың Даллас қаласында үй өртеніп, әйел бір жасар сәбиін құтқару үшін терезеден лақтырған. Осы кезде үйдің жанынан кездейсоқ өтіп бара жатқан ер адам сәбиді қағып алды.
Бұл туралы The Independent басылымына сілтеме жасап Stan.kzхабарлайды.
Таңғы уақытта қаладағы 3 қабатты үй өртене бастағанда, тұрғындар ұйықтап жатқан. Осы кезде сол жерден өтіп бара жатқан Байрон Кэмпбелл өртті байқапты. Ол полицейлер мен өрт сөндірушілерге қосылып, пәтерлерді аралап, қауіп туралы ескертеді.
Артынша Кэмпбелл терезелердің бірінен сәбиін ұстап тұрған әйелді көреді. 3-қабатта тұратын әйел өрт салдарынан үйінен шыға алмаған.
«Бала жылап, жөтеліп жатты. Оның өкпесіне түтін толғаны анық болды. Мен әйелден баланы маған қарай лақтыруын сұрадым. Ол айтқанымды істеді. Ал мен сәбиді қағып алып, қауіпсіз жерге апардым», – дейді Кэмпбелл.
Мұнан кейін терезелердің түбіне матрастар төселіп, үйдің алты тұрғыны төменге секірді.
Өрт салдарынан екі тұрғын мен өрт сөндіруші жеңіл жарақат алған. Ал 40-қа жуық тұрғын баспанасыз қалды.
Stan.kz