ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА ЖЕТІСТІГІ МОЛ АЙМАҚ
Сейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. БАҚ өкілдеріне арналған жиында аймақ басшысы Сыр елінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде баяндады. Қырымбек Көшербаев өз сөзінде Алаштың анасына айналған бұрынғы Ақмешітті қасиетті мекенге балап, бұл өңірдің тарихи жәдігерлерге де кенде емес екенін жеткізді.
– Сыр өңірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алаштың анасына балаған, сасқанға сая, талайға пана болған қасиетті мекен. Ұлы ойшыл Қорқыт ата дүниеге келген, ежелгі шығыс өркениетінің орталығы, түркі мәдениетінің алтын көмбесі болған, адамзаттың айға ұшар арманы орындалған өміршең өлке. Еліміздің өзге де өңірлері секілді мемлекеттілігіміздің қалыптасу тарихының талай іздері сақталған аймақ. Сақтардың ордасы Шірік-Рабат, оғыздардың астанасы Жанкент, қыпшақтардың және қазақ хандығының бірінші астанасы Сығанақ – осы жердегі ежелгі мәдениеттің дәлелі болса, кеңестік дәуірде Қызылорда Қазақ республикасының астанасы болып тарихта қалды. 1925 жылы Қызылордада халқымыздың «Қазақ» деген атауы ресми бекітілді. Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы – заңдылық. Осы ретте Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы рухани сілкініске жол сілтеуші бағдар болмақ. Сыр өңірі – рухани бай мұраларымызды сақтау, оларды кеңінен насихаттау мақсатындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан бірден-бір аймақ, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы мұнан кейін бағдарламалық мақала аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен тарқатты. Жалпы саяси құжатта жүктелген міндеттер облыста мақсатты түрде орындалып жатыр деуге толық негіз бар. Өткен жылы ғана аймақта бүгінге дейін 600-ден астам іс-шара мен 79 жоба жүзеге асты. Арнайы жобалардың орындалуы барысында өңірлік жобалық офис, өңірлік комиссия мен сарапшылар кеңесі сапалы жұмыс жасады. Олардың құрамында «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен үкіметтік емес ұйымдар өкілі, қоғамдық кеңес мүшелері мен зиялы қауым өкілдері бар. Брифинг барысында Қырымбек Көшербаев олардың бағдарламалық мақаланы насихаттаудағы жұмысын жоғары бағалады.
– Олар аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар жариялап, ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, әртүрлі тақырыптық жобаларды іске асыруға белсене қатысты. Ірі форматтағы түрлі деңгейдегі кездесулерде бағдарламаның басымдықтарын насихаттауға үлес қосты. Облыстық, қалалық және аудандық ақпарат құралдарының басын біріктірген «Сыр медиа» медиа-холдингі мемлекеттік ақпараттық саясатты сапалы әрі жоғары деңгейде жүргізді, – деді ол.
Аймақ басшысы БАҚ өкілдеріне Сырдарияның сол жағалауындағы екінші қаланың құрылысын таныстырды. Дарияның арғы бетіндегі жаңа қалада әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым обьектілерінен бөлек аймақтық «Рухани жаңғыру», жастар, ІТ саябағын қамтитын жастар ресурстық орталықтары бой көтереді деп жоспарлануда. Сол жағалауда мұнан бөлек облыстық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы қаланады. Қазіргі таңда 400 орындық білім ошағының құрылысы мен қаражатын ұйымдастыру мақсатында дайындық жұмыстары жүруде. Бір сөзбен айтқанда, бағдарламалық мақалада жүктелген міндеттер білім сапасын жақсартуға да ықпал етуде. Осы тұрғыда облыста бірқатар тындырымды іс атқарылды. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да тақырыптық кафедралар ашылып, «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік ел және ұлттық дәстүр», «Өркениеттің негіздері» атты арнайы пәндер оқытылуда. «Өлкетану» оқулығын дайындауға облыс қазынасынан 25 млн теңге қаражат қаралды. Аталған оқулық бүгінде Білім және ғылым министрлігінің сараптамасынан өтіп, баспаға жіберілді. Сыр елінде әсіресе мәдени құндылықтарды сақтап, келешек ұрпаққа аманаттауға басымдық берілуде. Себебі, тарихын білмеген ұлт болашағының бұлыңғыр болатынын қызылордалықтар жақсы біледі.
Бес жыл бұрын құрылған мәдени мұра жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес жұмысы да нәтиже берді. Өткен жылдың өзінде Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұраларының алдын ала тізіміне енген болатын. Бұл қатарды Сығанақ, Жанкент, Кескен күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері мен Сауысқандық петроглифтері толықтырды. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы аясында «Қорқыт ата» кешені толық реконструкциядан өтті. Қазіргі таңда «Қорқыт ата» ескерткіші республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне еніп отыр. Жиында аймақ басшысы мұнан бөлек «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында облыста атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
– Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, Жанкент, Сортөбе, Жент, Шірік-Рабат қалашықтары, Кердері кесенесі және де Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сығанақ қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі күні олардың 3D форматындағы картасы әзірленіп жатыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша облыстан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 12, өңірлік киелі нысандар тізіміне – 35 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілді, – деді Қ.Көшербаев.
Облыста мәдени мұраларды насихаттау шаралары үздіксіз жүргізілуде. Осы мақсатта облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қасиетті Қазақстан және археология» залы ашылды. Республикада алғашқы болып тарихшылар мен өлкетанушылардың І облыстық форумы да біздің өңірде өтті. Онда «Өлкетанушылар бірлестігі» құрылып, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына сәйкес алда атқарылатын жұмыстар пысықталды. Аймақта орналасқан 12 музейде «Рухани жаңғыру» тақырыбында мұражай экспозициялары толығымен жаңартылды. Жаңартылған экспозиция өңір қонақтарына аймақтың бай тарихымен танысуға мүмкіндік береді. Ол үшін мұражай залдарында сенсорлық моноблок, мұражай залдары арқылы виртуалды экскурсияға шақыратын қондырғылар орнатылды.
Елордадағы брифингте Қырымбек Көшербаев аймақта «Туған жер» арнайы жобасын іске асыру және ілгерілету процесіне жергілікті меценаттар белсене атсалысқанын айтты. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында біріккен кәсіпорындармен, акционерлік қоғамдармен облыс әкімдігі арасында өзара келісім жасалды. Өткен жылдың өзінде меценаттар есебінен білім, мәдениет ұйымдарының ғимараттарын қайта жаңғыртуға, балаларға арналған ойын алаңдарын, аллеялар мен скверлер салуға 6 млрд-тан астам қаржы тартылды.
Жиында облыс әкімі бағдарламалық мақаланың орындалуы аймақта атқарылатын жұмыстарға тың серпін әкелгенін айтып, білім саласында жүзеге асқан жобаларға кеңінен тоқталды. Шынында, соңғы бес жылда облыста қарқын алған бірден-бір сала болса, ол – білім саласы. Шәкірттердің білім игеруіне де барлық жағдай жасалып отыр. Қазіргі таңда 452 түлек Ресей Федерациясы Үкіметінің бюджеті есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтің беделді инженерлік жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Жазда алғашқы 78 жас оқуын тәмамдап елге оралады. Ал, осы жылдан бастап М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» мамандықтары бойынша Сыр жастарына 20 грант бөледі. Сонымен қатар, Татарстан Президентімен жыл сайын 20 адамды ақпараттық және цифрлық технологиялар бойынша Иннополис университетінде оқыту туралы келісім жасалған. Тізі берсең, бұл салада жетістік көп. Өткен жылы облыс түлектерінің 97 пайызы жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түскенін айтқан аймақ басшысы мұның өзін үлкен жетістікке балады.
Брифинг соңында облыс әкімі Елбасы жүктеген міндеттерді орындауда жауапкершілікпен жұмыс жасау қажеттігін айтып, аймақта әлі де тындырымды істер жүзеге асатынын жеткізді.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, тәуелсіз еліміз үшін ең басты құндылық – тұтастық. Ал бірлік бекем болған жерде ұлттық мәдениет, ішкі-сыртқы саясат орнықты қызмет етеді. Қазақ елі тегінде бар тектіліктің, қанында бар қасиеттің, ұрпақтан ұрпаққа жалғасар ұлттық идеологияның алтын тамырына сызат түсірмей, әлем алдындағы абыройын сақтап отыр. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін халық ерекше құрметтейді. Олай болса, біз жұрт болып жұмылып, ел болып бірігіп, Елбасының алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға тиіспіз, – деді ол.
Баспасөз мәслихаты барысында аймақ басшысы БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалына жауап берді.
Нұржамила Алмасқызы.