» » ТІРЕКТІ АУЫЛДА ҚОС НЫСАН ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ

ТІРЕКТІ АУЫЛДА ҚОС НЫСАН ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ

Өткен бейсенбі күні Мәдениет ауылында қос бірдей жаңа нысан көпшілікке есігін айқара ашты. Заманауи­ үлгіде салынған «Спорттық сауықтыру кешені» мен «ауылдық Мәдениет үйі» ғимаратының ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, сәулетті нысандарды ел игілігіне пайдалануға берді.
Әуелі аймақ басшысы жалпы құны 187 млн. теңгеге салынған ауылдық спорт кешеніне аялдады. Бұл күнді асыға күткен ауыл тұрғындары мен жас спортшылар мұндай теңдесі жоқ заманауи нысан үлкен спортшы болуды армандайтын жас өрендерге мол тарту болғанын айтып, өз ризашылықтарын жеткізді. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев ел игілігіне беріліп отырған нысанның ашылу салтанатымен құттықтап, ауылдан әлі талай спорт саңлақтары шығатынына сенім білдірді.
– Бүгін Мәдениет ауылында ерекше қуанышты сәт. Себебі Елбасының сарабдал саясатының іске асырылып жатқанының куәгері болып отырмыз. Бөлінген тиісті қаржыға «Спорттық сауықтыру кешені» мен «Мәдениет үйінің» есігі ел игілігіне ашылғалы тұр. Шілде айында ауылдағы балабақша да іске қосылады. Бұл ауылдың болашағы жарқын. Елбасы Н.Ә.Назарбаев салауатты өмір салтын ұстану – жарқын өмір сүру кепілі екенін ұдайы айтып келеді. Ол үшін жастардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасауымыз керек. Міне, мына спорт кешені бұдан былай жастардың игілігіне айналады. Олай болса, осы спорт кешенінде тәрбиеленген ұл-қыздарымыздың елімізді әлемге танытатындығына сенемін. Білекті де, білімді жастарымыз көбейе берсін. Бүгінгі қуаныштарыңыз тағы да құтты болсын, – деді облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі аудан орталығы мен Мәдениет ауылын жалғайтын тас жолды да жаңартуға тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Енді, көп кешікпей тіректі ауылға апарар күре жол мәселесі де оң шешімін таппақ.
Республикаға белгілі өнер жұлдыздары мен спорт саңлақтары шыққан ауылдың тұрғындары жаңа ғима­ратты аймақ басшысымен бірге аралап көрді. Ал жас спортшылар болса, кең залда шынығып, кезекті жаттығуларын бастап кетті.
Мұнан соң, мәртебелі меймандар жаңадан бой көтерген ауылдық мәдениет үйінде болды. Сыйымдылығы 150 орындық нысан құрылысын «СК и Монтаж – Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жалпы құны – 187,9 млн теңгені құрайды. Ашылу рәсімінде сөз алған аймақ басшысы мәдениет ауылында мәдениет үйі болу керек екендігін айтып, бір айдың ішінде бір емес бірнеше әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандары іске қосылып жатқанын жеткізді.
– Елбасының салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз еліміз еңсесін тіктеп, ертеңгі күнге нық сеніммен алға басып келеді. Халықтың, соның ішінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, сапалы қызмет көрсету, жаңа нысандар салу үнемі назарда. Сонымен бірге, мәдени шараларға да көп қолдау жасалып келеді. Елді мекендерде соңғы 2-3 жылдың өзінде 20-ға жуық мәдениет ошақтары бой көтерді. Соның ішінде әрине, тіректі елді-мекендерге көп көңіл бөлінеді. Мәдениет ауылы да сол тіректі ауылдардың қатарында. Сондықтан болашаққа үлкен сеніммен, үмітпен қарауға болады. Жастар өздерінің жетістіктерімен біздерді қуанта берсін. Қуаныштарыңыз құтты болсын, ауылда жақсы жаңалықтар көбейе берсін. Әрқашан осындай жақсы, қуанышты сәттерде жүздесейік, – деді аймақ басшысы.
Шара барысында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерділда Рахметұлы облыс әкіміне және құрылысты жүргізген мердігерлерге ауыл халқының атынан алғыс білдірді.

Н.ҚАЗБЕКОВ,
М.АХМЕТОВ (сурет).

02 шілде 2018 ж. 1 008 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930