Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын ашты
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын ресми түрде ашты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Іс-шара Astana Finance Days форумы аясында ұйымдастырылып отыр. Онда экономика мен қаржы салаларының маңызды мәселелері талқыға салынады.
Ашылу рәсімінде қаржы орталығында жұмыс істейтін халықаралық 50 компанияның өкілі шықты. Олар орталықтың қызметіне сәттілік тіледі.
Кейін Елбасы гонгты соғып, «Астана» халықаралық қаржы орталығын ресми түрде ашты.
«Барлықтарыңызды құттықтаймын. Енді халықаралық қаржы орталық өз жұмысын бастады. Барлық қатысушыларға шын жүректен алғысымды білдіремін. Ертең біз Астананың 20 жылдығын атап өтеміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев орталықтың салтанатты ашылу рәсімінде.
«Астана» ХҚО-ның ашылу рәсімін 50-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері тамашалап отыр. Олардың арасында Абу-Даби әмірлігінің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Əл Нахаян, Татарстан президенті Рустам Минниханов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов бар.
Халықаралық қаржы орталығы «ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағында орналасады. Орталық Қазақстанның қаржы инфрақұрылымын дамытуды көздейді. Әлемдік стандарттарға негізделген орталықтың ең басты қызметі Орталық Азия аймағына қосымша капитал тарту.
Дәурен ЕРБОЛАТ
Baq.kz