«БАСПАНА» ҰЙЫМЫ ҚҰРЫЛДЫ

Ұлттық банктің еншілес ұйымы «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ осы бағдарламаның операторы болмақ. Қатысушы банктерге критерийлер белгіленіп, олардың тізімі оператормен келісім-шарт жасалған соң жарияланады. Бүгінде бас-аяғы 11 банктің ипотекалық несиелеуге қатысатыны белгілі болып отыр. Банктер қарыз алушылардан оны бергені және қызмет көрсеткені үшін комиссия алмайды.
Қазір Ұлттық банктің мобильді қосымшасында «7-20-25» деген жаңа бөлім ашылып, онда бағдарламаға қатысты барлық сауалдарға тез арада жауап берілуде. Айта кетейік, «7-20-25» бұған дейінгі және қазіргі мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардан ауқымдылығымен ерекшеленеді. Төменгі мөлшері 7 пайыз, алғашқы салым 20 пайыз, ал несие уақыты 25 жылға дейін белгіленген бағдарлама мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды.
Бағдарламаға еңбек және кәсіпкерлік табысы бар, меншігінде үйі жоқ Қазақстан Республикасының кез келген азаматының қатысуға мүмкіндігі бар. Сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалалары үшін – 25 млн теңге, басқа өңірлер үшін 15 млн теңге болмақ. Айтпақшы, сатып алынатын жылжымайтын мүлік кепілге қойылады. Кепілмен қамтамасыз ету құны тәуелсіз бағалаушы мен банк айқындаған құнның, тұрғын үйді сатып алу жөніндегі мәміле бағасының ең аз мөлшері бойынша тағайындалады. Кепіл мүлікті және қарыз алушының өмірін сақтандыру міндетті емес. Қажет болған кезде банк кепіл мүлкін және қарыз алушының өмірін сақтандыруды өз есебінен жүзеге асырады.
Н.ҚАЗБЕКОВ.