Назарбаев Трамппен жүргізген келіссөздің қорытындысы бойынша БАҚ үшін брифинг өткізді
![](/uploads/posts/2018-01/1516171527_1516160624_1.jpg)
Қазақстан Президенті брифинг барысында Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны үшін Дональд Трампқа ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы келіссөздердің нәтижелеріне оң баға бере отырып, Қазақстан мен АҚШ-тың өзара қарым-қатынастарын одан әрі нығайту мәселелеріне тоқталды.
«Менің сапарымның нәтижесінде Қазақстан-Америка қатынастарын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру жөнінде шешім шығаратынымызға сенімдімін. Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа дәуірін бастайтын тиісті бірлескен саяси мәлімдеме қабылдадық», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен «5+1» форматындағы ынтымақтастығын нығайтуға қызығушылық танытатынын айтты.
Қазақстан Президенті халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, қазіргі заманның сын-қатерлері мен қауіптерін бірлесе еңсеру ісінде Астана мен Вашингтонның өзара тиімді ынтымақтастығын атап өтті.
«Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады және қазір Ауғанстанда жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әскерінің Ауғанстанда болуы тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Ауғанстанға Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмекті атап өтті.