» » Төрткүл дүниеге төрелік айтқан тарихи сәт

Төрткүл дүниеге төрелік айтқан тарихи сәт

Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі пікірталас өтті.
Бұл шараға әлемдік ақпарат құралдары жіті назар аударып, Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет көтерілген тақырыптың маңызы жөнінде, осы мәселеге ұйытқы болған Қазақстанның бастамалары туралы шартарапқа тікелей хабар таратты. Жиынды ашқан Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібін белгіледі. Бұдан соң Мемлекет басшысы отырысқа қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерришке, Польша Республикасының Президенті Анджей Дудаға және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше басқа да елдердің делегация басшыларына ризашылық білдірді.
«Президент Дуданы Польшаның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтаймын. Сонымен бірге Кот-д’Ивуар, Кувейт, Перу және Экваторлық Гвинеяны да биыл Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуымен құттықтаймын. Жаһандық ұйымның осы маңызды органы аясында ынтымақтастық пен ықпалдастық танытып, бірлесе жемісті жұмыс істейміз деп үміттенемін», деді Елбасы.
Н.Назарбаев бекітілген күн тәртібіне сәйкес, сөзді БҰҰ-ның Бас хатшысы А.Гутерришке берді. Ұйымның басшысы Қазақстан Президентіне осындай жоғары деңгейлі жиынға қатысқаны үшін алғыс айтты және атқарған елеулі еңбектерін жоғары бағалады.
«Қазақстан әрдайым ядролық қарудан азат әлем құруды және оны таратпау мәселесін қолдап келеді. Осы мәселеде көрегендік танытқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды айтамын. Кеңес 1992 жылы жаппай қырып-жою қаруларының халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке зияны жөнінде қарар қабылдаған болатын», деді А.Гутерриш.
Бас хатшы қазіргі таңда әлемде жаппай қырып-жою қаруларынан келетін қауіп-қатерге тоқталды. Сенім шараларының маңыздылығын атай отырып, Қазақстанның бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
А.Гутерриштің баяндамасынан кейін Мемлекет басшысы Кеңес мүшелеріне арнап мәлімдеме жасады. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және төрағалық қызметін әлемдік қоғамдастықтың елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білетінін жеткізді.
«Орталық Азияның бұл мәртебелі қызметтегі бірінші мемлекеті ретінде біз өңіріміздегі халықтардың Дүниежүзілік ұйымның осы маңызды «үніне» айналдық. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі бірінші жылы өтті. Біз Кеңестің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысу барысында барынша белсенді, конструктивті және әділ болуға тырыстық. Ауғанстан/Талибан, ИЛИМ/ДАИШ, Әл-Каида және Сомали/Эритрей жөніндегі комитеттерді басқара отырып, олардың жемісті қызмет етуіне өз үлесімізді қосып келеміз», деді Мемлекет басшысы.
Қауіпсіз әрі әділетті әлемге бірлесе қол жеткізу керек Елбасы ізгі құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бірлесе қол жеткізу керек екенін атап көрсетті. «Бұл істе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетіні де сөзсіз. Адамзат XXI ғасырда жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем құру үшін лайықты жолдан өте алады деп сенемін. Ұжымдық іс-қимылдан қуат алған әлемдік қоғамдастықтың сенімі, ерік-жігері мен ақыл-парасаты планетамыздың жаһандық апатқа ұшырауына жол бермейді деп сенемін. Кеңестің барлық мүше-мемлекеттеріне берік ынтымақтастығы үшін ризашылығымды білдіремін», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі жиын Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы кезіндегі негізгі шара. Отырыс жаһандық күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыптардың біріне арналып отыр.
«Бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу жолындағы сенім шаралары шиеленістің алдын алу мен маңызды жаһандық проблемаларды шешуде негізгі рөл ойнайды. Мен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясының мінберінен Азиядағы қауіпсіздік пен сенім шаралары жөніндегі өңірлік құрылым құру жөнінде ұсыныс айтқан болатынмын. Тынымсыз дипломатиялық жұмыстың нәтижесінде бұл механизм құрылды. Қазіргі таңда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі өңірдегі 26 мемлекетті біріктіріп, жемісті жұмыс істеуде», деген Мемлекет басшысы ширек ғасырдан кейін БҰҰ ғимаратында Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан атынан сөз сөйлеп тұрғанын әңгімеге қосты.
Өзара сенімді арттыру – аса өзекті Елбасы жекелеген елдер арасында да, жаһандық деңгейде де өзара сенімді арттыру мәселесінің әлі де күрделі екенін және оның күннен-күнге өзекті бола түскенін жеткізді. Сенім шаралары жаһандық қауіпсіздікті қолдаудың, бүкіл планета көлемінде бейбітшілікті нығайтудың аса маңызды элементі ретінде күн тәртібінен түспеуі тиіс. Президент Н.Назарбаев оның себептерін жан-жақты түсіндіріп берді.
«Сенім шаралары бүкіл адамзатқа жаңа жойқын соғыс қатері төнген XX ғасырдың екінші жартысында жаппай жойылу қаупінің алдын алу кезінде өзін-өзі ақтады. БҰҰ Жарғысында «Біздің басты міндетіміз ‒ келер ұрпақты соғыс өртінен құтқару» деп жазылған. БҰҰ жүйесіндегі ширек ғасыр ішінде менің елім қарқынды даму жолынан өтті. Ядролық арсенал бойынша әлемдегі төртінші елден таратпау жөніндегі қозғалыстың көшбасшысына айналды. Ядролық қарудан және ядролық держава мәртебесінен бас тарту біздің саналы әрі шынайы таңдауымыз және Қазақстанның барша халқы қолдап, әлемдік қоғамдастық лайықты бағасын берген ерікті қадамымыз болды», деді Н.Назарбаев.
Қазіргі таңда Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелі халықаралық келісімдердің қатысушысына айналды. Еліміз ядролық қаруы жоқ мемлекет ретіндегі мәртебемізді заңды түрде бекітті. Елбасы екінші бағыт ретінде өзара сенім ахуалы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыруға септігін тигізе алатынын атап көрсетті. МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкінің ашылуы ‒ осы ынтымақтастықтың жарқын мысалы әрі оның жүзеге асуының көрінісі. Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға осылайша кезекті үлес қосты.
Солтүстік Кореяны біздің жолмен жүруге шақырамыз
«Үшіншіден, Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болар еді. Біз тәуелсіз ел болып, мемлекетімізді нығайттық. Ядролық қарудан бас тартып және ядролық державалардан шабуыл жасамау кепілдігін алдық. Осы ретте Солтүстік Корея басшылығын біздің жолымызбен жүруге шақырамыз», деді Президент.
Мемлекет басшысы ғылыми-технологиялық прогрестің қазіргі мүмкіндіктері және жаһанданудың шынайы болмысы жаппай қырып-жою қаруларын таратпау міндетін адамзаттың аман сақталып қалу мәселесіне айналдырып отырғанын мәлімдеді. «Жаппай қырып-жою қарулары бар елдердің көбеюі, ядролық, химиялық, биологиялық және радиологиялық қарудың деструктивті күштердің қолына түсу қаупін тудырады. Ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бүгінгі құқықтық база XX ғасыр соңында «ядролық державалар клубының» кеңеюіне тосқауыл бола алмады. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа негізделген баршамызға қажет таратпау режімін нығайту терең менталды өзгерістер мен көпжақты жаңа саяси шешімдерді талап етеді деп ойлаймын», деген Елбасы таратпау саласындағы сенімді нығайта түсу үшін бірқатар шаралар атқаруды ұсынды.
«Бірінші. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын. КХДР-дың әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, бұл Шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын (санкция шараларын қоса алғанда) айқындайтын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы қарарын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», деп атап өтті Н.Назарбаев.
Екінші шара ретінде жаппай қырып-жою қаруларын иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керектігін жеткізді. Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жекелеген қарарларында бекітудің маңыздылығын айтты. Жаппай қырып-жою қаруларын иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретінде атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге ядролық державалардың беретін кепілдігін заң жүзінде міндеттейтін жүйені дамытуға да тоқталды.
«Жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңарту процесінің сәтті немесе сәтсіз болуы әлемдік қоғамдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты. Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді өткеннің үлесіне қалдыру керек. Дәл осы тұста мемлекеттер арасындағы сенім аса қажет. Мен соғысқа қарсы жалпыәлемдік шаралар туралы көзқарасымды «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесімде білдірдім. Бұл құжатта БҰҰ-ның 100 жылдығы қарсаңында ядролық қарудан азат әлем құруға жағдай жасайтын іс-қимылдарды ұсынған едім», деді Елбасы.
Ұсынылған төртінші бағыт ‒ халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару. Іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспар соның жарқын мысалы болмақ. Мемлекет басшысы Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәміле қаруды таратпау саласындағы көпжақты дипломатияның табысты болатынын мәлімдеді. Мұндай күрделі мәселелерді келіссөздер арқылы шешудің тәжірибе жүзіндегі мысалына айналып, оған Қазақстан да өз үлесін қосты.
Бұдан кейін Елбасы кейбір қатысушылар тарапынан өз міндеттемелерін жүзеге асыруда туындаған қиындықтарға қарамастан, іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспардың одан әрі табысты іске асуына сенім білдірді және бұл мәселені АҚШ Президентімен талқылағанын айтты. Осындай конструктивті тәсілді Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын реттеуде де қолдануға болатынын жеткізді.
«Корея түбегіндегі қазіргі оқиғалар терең қарама-қайшылықтың бар екенін білдіреді. Осыған орай мүдделі тараптарды Солтүстік Корея мәселесін неғұрлым жылдам әрі конструктивті жолмен шешуге шақырамыз. Сенім ахуалын қалыптастырудың және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуының маңызды шарты ретінде «ядролық бестіктің» КХДР-дың қауіпсіздігіне кепілдік беруін жақтаймыз. Мүдделі тараптар қажет еткен жағдайда, Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын», деп мәлімдеді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы сенім шаралары Таяу Шығыс үшін де өзекті болып отырғанына тоқталды. Сириядағы шиеленіс аймақтан алыс жатқан өңірлерге де зиянын тигізуде. Өзара сенімнің Женева келіссөздерін толықтырып, Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге қолдан келгенше үлес қосып келе жатқан Астана алаңындағы диалогқа негіз болғанын осы жерде ерекше атап өткен жөн.
Ядролық қарудан азат аймақ құру маңызды «Жаппай қырып-жою қаруларының таралуымен күрес жүргізудегі тиімді құралдың бірі ‒ ядролық қарудан азат аймақтар құру. Сондай-ақ бұл ұжымдық сенім білдірудің үлгісі болып табылады. Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құруға күш-жігер жұмсауды жалғастыруды маңызды деп санаймын. Мүдделі тараптарды жұмысты жаңғыртуға шақырамын және кейбір елдер арасындағы түсініспеушіліктер жақын арада шешімін табады деп үміттенемін», деді Президент.
Мемлекет басшысы бүгінде ғылыми жетістіктерді пайдаланып, жанталаса қаруланудың жаңа толқынының туындау қаупі төңірегінде сөз қозғады. Елбасының айтуынша, халықаралық қоғамдастық жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейтуге тиіс. Сенім шаралары ғарыш кеңістігін милитаризациялаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстаным қалыптастыру барысында да керек болады.
«Әлемдік ядролық державалар арасындағы өзара түсіністік пен сенім жағдайында ғана көптеген қақтығыстың алдын алып, тиімді реттеуге болатыны бүгінгі күннің шындығына айналды. Ядролық апатты болдырмау үшін оларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктелген. Әсіресе ірі ядролық державалар ядросыз әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қырып-жою қаруларын қысқартудың үлгісін көрсетуі қажет. Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс, олар ештеңеге ықпал ете алмайды дегенді білдірмейді», деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.
Отырыс тақырыбы бүкіл әлем үшін өзекті Негізгі баяндамадан кейін сөз кезегі жиынға қатысушыларға берілді. Польша Президенті Анджей Дуда өте маңызды тақырыпта жоғары деңгейде пікірталас ұйымдастырған Қазақстанға алғыс айтты.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет ядролық қарудан бас тарту туралы шешімін жариялағанда, мұны мемлекет үшін жасалған таңдау екенін айтқаны есімде. Содан бері Қазақстан өзінің шешіміне берік екенін көрсетті. Жақында Қазақстанда төмен байытылған уран банкі ашылғанын атап өткім келеді. Бұл – ядролық қауіпсіздікті қолдау жолындағы маңызды қадам және бұл бейбітсүйгіш мемлекеттер арасындағы ашық қарым-қатынасты нығайтады», деді А.Дуда.
Польша Президенті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді. Оның айтуынша, Кеңестегі талқыланатын күн тәртібіндегі мәселелердің бәрі өте маңызды. Сонымен қатар тек ядролық қару емес, биологиялық және химиялық қарудың, баллистикалық ракетаның да қаупін ескеру керек. Сөз соңында Польша Президенті отырыс тақырыбының бүкіл әлем үшін маңызды екенін айтты.
Бұдан кейін сөз алған Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Иранмен ядролық мәміленің орындалмауы алаңдатарлық ахуалға айналғанын мәлімдеді.
«Алтылық тобының» бір мүшесінің кінәсінен Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу жөніндегі жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарының орындалмауы алаңдаушылық туғызады, соның ішінде Солтүстік Корея мәселесі халықаралық қауіпсіздік архитектурасы үшін алаңдатарлық ахуалға айналады», деді С.Лавров.
Ол Иранмен ядролық мәмілені орнықты дамыту үшін күш біріктіруге шақыратындығын әрі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарының орындалуы жауапкершілігін Ресей тарапы өз мойнына алатындығын жеткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша тарихи құжат ‒ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының өңірлік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды. Құжатта қазіргі халықаралық қатынастар тақырыбындағы маңызды мәселелер қамтылып, оның шешімдері ұсынылған. Айта кету керек, мұндай мәлімдеме БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тарихында саяси міндеттеме жүктейтін халықаралық акт ретінде тұңғыш рет қабылданып отыр. Сондықтан біз сөз соңында осы жайтты және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып, оның төрінен төрткүл дүниеге төрелік ету мүмкіндігі енді тек қырық жылдан кейін ғана келуі ықтималдығын ескере отырып, бұл оқиға шын мәнінде тарихи сәт екенін тағы да қайталап айтқымыз келеді. Ел мерейін өсірген еңселі сәттер мен мәртебелі биіктеріміз лайым көп болғай!


Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
«Егемен Қазақстан».


20 қаңтар 2018 ж. 765 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930