» » Құрбан танымы және Ислам дініндегі орны

Құрбан танымы және Ислам дініндегі орны

Смотреть исходное изображение

Құрбан (араб тілінде) «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы – Аллаһ Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты.
Құран Кәрімнің 108-кәусар сүресінде: «(Ей, Мұхаммед!), Біз саған кәусарды (білім, ырыс, игілік) сыйладық. Тәңір жолына намаз (Құрбан айт намазын) оқы, құрбан шал. Анығында сенің дұшпандарыңның артында атақ, белгі қалмайды», – делінген.
Құрбан айтта құрбан шалу ғасырлар бойы жалғасып келеді. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе шалынады. Қой, ешкі бір адамға, ал сиыр мен түйені жеті кісі бірігіп шалуына болады. Мешіт бар жерде құрбандық айт намазынан кейін шалынады. Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл алып, таза киініп, ешнәрсе ішпей мешітке келіп, айт намазына қатысады. Қайтарда басқа жолмен қайтады. Құрбан айтқа дейінгі жаманшылық артта қалып, мешіттен таза пейіл, ізгі үмітпен шыққан соң жаңа таза жолмен жүрген абзал.
Өткен жылы аудан кәсіпкерлері мен мешіт жамағаттары жиылып құрбандық шалып, оны мешітте тұрмысы аз қамтылған отбасыларына таратқан болатын. Биыл да осы сауабы мол іс жалғасын табады деп сенемін. Сауабы мол істің берекесі де мол болары хақ!
“Құрбандық нисабы” деп аталатын мөлшерден көп ақшасы, мал-мүлкі болған адамның құрбандық шалуы уәжіп болады.
Түнде құрбандық мал сою жаиз ба?
Мәкрух болады. Үзірсіз (себепсіз) бұл уақытта союға болмайды. Күндіз союға мүмкіндігі болмаған болса, ертеңіне де союға мүмкіндік болмайтын болса, түнде сою жаиз болады. Құрбандық малды айттың үшінші күні ақшам намазының азанына дейін сою керек. Одан кейін союға болмайды. Бұл уақытқа дейін бір себептермен соя алмаған адам құрбандығын сою үшін Шафии мазһабын тақлид етіп түнде немесе ертеңіне, яғни төртінші күні де союына болады. Мұндай жағдайларда мәкрух болмайды. Бірақ, осы секілді қажеттілік, үзір жағдайлар болмай тұрып, Шафии мазһабын тақлид етуге болмайды.
Айт күндерінде не істеу керек?Айт күні ерте тұру, ғұсыл алу, мисуак қолдану, хош иіс себу, жаңа және таза киім кию, адамдарға қуанышты екенін білдіру сүннет болып табылады. Мешітке ерте бару, мешітке бара жатқанда тәкбір айту, қабірді зиярат ету, көп дұға оқу, тәубе ету, жүзік тағу, кездескен мұсылмандармен жылы жүзде сәлем беру, құттықтау, кедейлерге садақа беру, исламға дұрыс қызмет етіп жүргендерге көмек беру, араздарды татуластыру, туыстарға бару, діндес бауырларына бару, оларға сыйлық апару, қонақ күту сүннет болады. Айт түндерін ғибадатпен өткізген адам үлкен бақытқа қауышады. Бір хадис шәрифте былай делінеді:
«Айт түндерін ғибадатпен өткізген адамның көңілі, көңілдер өлген күнде өлмейді» (Табарани).
Ренжіскен, араздасқан адамдар айтты күтпестен тез арада татуласуы керек. Аллаһ тағаланы және пайғамбарымызды жақсы көретін кісі, адамдардың кемшіліктерін көрмейді, бәрімен тату, кең бауырлы болады. Жақсы кісі барлық адамдармен жақсы мәміледе болады. Ешкімге зиянын тигізбейді және басқалардан келетін зияндарға сабырлылық танытады. Бір айыбы үшін ешкіммен араздаспау керек.

Айтта ренжіскен адамдар татуласадыАраздасқан жағдайда да 3 күннен көпке созылмауы керек. Егер айтқа дейін созылған араз жағдайлар болса, одан көп кешіктірмей татуласу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Бір-біріңмен ара-қатынасты үзбеңдер! Бір-біріңнен бет бұрып кетпеңдер! Бір-біріңмен өштеспеңдер, жауласпаңдар! Бір-біріңе көреалмаушылық етпеңдер! Ей Аллаһтың құлдары бір-біріңмен бауыр болыңдар! Бір мұсылманның басқа бауырымен араздасуының 3 күннен асуы халал болмайды.» (Бұхари).
«Мұсылман бауырымен 3 күннен артық араздасқан адам жаһаннамға түседі.» (Нәсаи).
«Бір-бірімен араздасқан екі адамнан қайсысы бірінші болып сәлем берсе күнәлары кешіріледі. Сәлем бергенде екінші адам сәлемін алмаса, бұл адамның сәлемін періштелер алады. Ал сәлемін алмаған адамға шайтан ілтипат көрсетеді» (И.Әби Шәйбә).
«Бір мұсылманның дін бауырымен 3 күннен көп араздасуы жаиз емес. 3 күн өткеннен кейін ол адаммен кездесіп қалса, оған сәлем беріп хал-жағдайын сұрау керек. Ол адам сәлемін алса, екеуі де сауапқа ортақ болады. Сәлемін алмаса, күнәға кіреді. Сәлем берген адам араз болу деген есептен құтылған болады» (Әбу Дауд).
«Екі адам бір-біріне араз күйде өлсе, жаһаннамды көрместен жаннатқа кіре алмайды. Жаннатқа кірсе де бір-бірімен кездесе алмайды» (Ибн Хиббан).
«Дін бауырымен бір жыл араз болған адам оны өлтіргендей күнәға кіреді» (Бәйһақи).
«Амалдар дүйсенбі және бейсенбі күндері Хақ тағалаға ұсынылады. Хақ тағала өзіне ширк қоспаған барлық адамдарды кешіреді. Бірақ бұл кешірімнен бір-біріне араз болған екі адам махрұм қалады. Хақ тағала “ол екі адам татуласқанға дейін амалдарын маған әкелмеңдер” деп бұйырады» (И.Малик).
3 күнге жеткізбей татуласу өте жақсы болады. 3 күн өткенде күнә жазылуы басталады және татуласқанға дейін жалғасады. Күнә істеген адаммен сөйлеспей қойып, оған араздау күнә болмайды.

Айтта қонаққа баруАйттап қонаққа барғанда неге мән беру керек, ең бірінші кімнен бастау керек? Пасық болған, күнә істеуімізге себеп болатын туыстарға барудың керегі жоқ. Бірақ салих болған туыстарға бару керек. Салих достарға да бару өте сауапты болады. Қонаққа барудағы ниет тек Аллаһ разылығы үшін болу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Бір адам ауылдағы досына қонаққа барады. Хақ та’ала бұған бір періште жібереді. Періште ол адамнан сұрайды:
– Қайда бара жатырсың?
– Мына ауылда бір досым бар, соған қонаққа бара жатырмын.
– Оның саған жақсылығы, көмегі тиіп сол үшін бара жатырсың ба?
– Жоқ, тек Аллаһ разылығы үшін бара жатырмын.
– Онда саған сүйінші болсын! Мені Аллаһу та’ала жіберді. Одан ешқандай пайда күтпей барғаның үшін Аллаһу та’аланың сүйіспеншілігіне қауыштың» (Хаким)
«Дін бауырына қонаққа барған адамға жаннатта бір дәреже беріледі» (Әййюхал уәләд).
«Қонаққа ас ұсынып сый көрсетіңдер!» (Хараити).
«Бір мұсылман бауырына қонаққа барғанда сәлемдесіп, қолдары ажырамай тұрып екеуінен де Хақ та’ала разы болады. Ағаштан жапырақтары төгілгендей болып күнәлары төгіледі» (Әййюхал уәләд).
«Бір-біріңе жиі барып тұрыңдар, сонда махаббат артады» (Бәззар).
Әһли хикмет әулиелер “Қонаққа баруды тәрк етпе, әйтпесе сені ұмытады. Тым көп те барма әйтпесе сенен жалығады” деген.
«Арштың айналасында нұрдан мінбелерде, нұрдай боп жарқыраған адамдарға пайғамбарлар және шәһидтер тамсанады. Бұлар Аллаһ үшін бір-бірлерін жақсы көрген, Аллаһ үшін бір-бірінен хабар алып, қонаққа барғандар» (Нәсаи).
«Аллаһу та’ала былай бұйырады: Мен үшін бір-біріне қонаққа барған, мен үшін бір-бірін жақсы көрген, мен үшін садақа берген, мен үшін бір-біріне көмек бергендер менің сүйіспеншілігіме қауышады» (Хаким).
«Аллаһ үшін жақсы көретін досына қонаққа барған адамның артынан бір періште “Өте жақсы амал істедің, жаннатқа лайықты болдың” деп айтады» (Тирмизи).
Салих туыстардан ең болмағанда аптада бір немесе айына бір рет хабар алып, қонаққа барып тұру керек, қырық күннен асырмау керек. Ұзақ өлкелерде тұратын болса хатпен, телефонмен хал-жағдайын сұрап, араз болса татуласу керек. Қонақта үй иесі имам болады. Немесе оның тағайындаған адамы имам болады. Бір адам өзі имамдыққа лайық болса да оған ұсынылмайынша имамдыққа өтпеуі керек. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Бір қауымға қонаққа барған адам оларға имам болмасын!» (Тирмизи).
Шақырған жерге баруШақырған кез-келген жерге баруға бола ма?
Ол аста күнә істелетін болса баруға болмайды. Кедейлердің шақыруына бармай байлардың шақыруына бару тәкаппарлықтың белгісі. Өзінен төмен адамдарға бару қарапайымдылықтың белгісі.
Үйлену асына шақырылған адамның баруы сүннет, басқа шақыруларға бару мүстаһап болады. Кейбір ғалымдар болса “үйлену асына бару уәжіп, басқа шақыруларға бару сүннет” деп білдірген. Мұсылманның мұсылманға міндеті болған бес ақысының біреуі шақыруына бару болып табылады. Хадис шәрифте де «Шақырған жерге барыңдар» деп бұйырған (Муслим).
Көп шығынданып, әуреге салынып шақырылған жерге бару керек емес. Сараңның да шақыруына бару керек емес. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Жомарт адамның асы шипа болады, ал сараңның асы ауру тудырады» (Дара Кутни).
Шын жүректен шақырылған жерге бару керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Шақырған жерге бармаған адам Аллаһқа және расулына қарсы шыққан болады» (Бұхари).
«Мұсылман бауырына сый көрсеткен адам, Аллаһу та’аланы да сыйлаған болады» (Исфахани).
«Екі кісі бірдей шақыратын болса, есігі жақын болғанына бар. Өйткені есігі жақын болған адамның ақысы бұрын келеді» (Бұхари).

Айтта ішіп-жеуМәктубат кітабында «Айтта ішіп-жеу, жылдар бойы тұтқан нәпіл оразадан да сауапты болады» делінген. Ішіп-жеу неге оразадан да сауапты болады?
Бұл жерде сауап болғаны ішіп-жеу емес, Аллаһу та’аланың әміріне бағынып ораза тұтпау болып табылады. Айт күні ораза тұту харам болғаны үшін ол күні ораза тұтпаудың яғни діннің әміріне бағынудың нәпіл оразадан да құнды болатыны білдірілген.
Айбек МӘДИЕВ,
«Иманқұл» мешітінің имамы.


21 тамыз 2018 ж. 565 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 772

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930