Назарбаев Астанада Бейбітшілік қабырғасын ашты
Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада "Бейбітшілік қабырғасы" монументін ашты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бейбітшілік қабырғасын Астананың 20-жылдығына Ақтөбе облысы сыйлаған. Ол Тәуелсіздік алаңының көрнекті тұсына, "Қазақ елі" монументіне жақын жерге орналасқан.
"Біздің еліміздің "атом қаруына қарсы бүкіл елдердің көшбасшысы" деген атағы бар. Оны біз орындап келе жатырмыз. Астанамыз көп халықаралық ұйымдардың кездесетін, мəселелер шешілетін жерге айналды. Бүгін міне елордада монумент ашылып отыр. Мына монументтің символы - біз дүние жүзіне, адамзатқа атом қаруына қарсы күресу керек деп, келер ұрпаққа ұмытпаңдар деп жар салуымыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент жиналған жұртты ертең елімізде аталып өтетін Конституция күнімен де құттықтады.
Ақтөбе облысының əкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, жоба негізіне Нұрсұлтан Назарбаевтың "Əлем. XXI ғасыр" антиядролық манифесінің идеясы енгізілген. Сондықтан да нысан 29 тамыз - халықаралық ядролық сынақтарға қарсы əрекет күнінде ашылып отыр.
Атап өтсек, тура 27 жыл бұрын Қазақстан президентінің Жарлығымен Семей ядролық сынақ алаңы жабылған болатын. Бұл əлемдегі ең ірі ядролық қаруы бар елдің бірінің одан бас тарту процесінің басталуы еді.
Архитекторлардың ойынша, қабырға біртұтас біріктіріп, қорғап тұратын жапырақ тәріздес шатырды бейнелейді. Яғни, дәстүрлі түрік құрылтайының өнегесімен ұлттарды ұйыстырып, оларды бір шаңырақтың астына жинайды.
Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі - бөлшектеу мен оқшаулауды, екінші бөлігі - үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, үшіншісі -бейбітшілікті жəне ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Монументтің жалпы ұзындығы - 111 метр, ені - 18,4 метр, биіктігі - 17,5 метр.
Бейбітшілік қабырғасының тұғыры жоғары төзімді темірден жасалған. Монументті тұрғызуға 1200 тонна гранит пайдаланылды. Мемориалда əлемнің 51 тілінде "Бейбітшілік" сөзі жазылған. Сондай-ақ, монумент LED жүйемен жабдықталған. Ол кез келген үлкен көлемдегі сандық дүниені экран арқылы таратуға мүмкіндік береді.
"Сол себепті аталған арт-нысан - саяси, мəдени-бұқаралық, ақпараттық шараларды, лазерлік жəне басқа шоуларды өткізетін орынға айналмақ. Құны 1,8 млрд теңге тұратын Бейбітшілік қабырғасы Ақтөбе облысы аумағында жұмыс істейтін компаниялар мен кәсіпкерлердің қаржысына салынған", - деді Бердібек Сапарбаев.Baq.kz