«БАЙТАБЫНДАҒЫ» БАЙЫПТЫ БАСТАМА
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев «Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қырманындағы жаңадан салынған заманауи шағын күріш ақтау зауытымен танысып, кеңсе ғимаратын аралап көрді.
Биыл байтабындықтар біршама техникаларын жаңалады. Германиядан күріш ақтайтын арнайы құрал-жабдық алдыртып, автоматтандырылған «Petkus» зауытын салды. Немістің «Petkus» құрылғысы әлем бойынша тұқым өңдеу саласының майталманы ретінде әлдеқашан мойындаған. Серіктестіктің осы заманауи қүріш ақтау құрылғысына көңіл бөлуі де содан. Ал, құрылыс жұмыстарын жүргізген – аймаққа белгілі «Абай-Дәулет» ЖШС компаниясы.
Мамандардың сөзінше, бұл жабдықтар күрішті қолмен айырғандай өңдейді екен. Алдымен, тұқымдыққа арналған күрішті әкеп салады. Бір шетінен таза, сапалы өнім беретін тұқым шығып жатады. Екінші жағынан өнім бермейтін, бірақ, пайдалануға болатын күріштерді бөлектеп тастайды. Тағы бір жағынан күрмектерді аршып алады. Бір сөзбен айтқанда, сапалы дүние екені көзге бірден түседі.
Мұнан соң аудан басшысы серіктестіктің жаңадан салынған кеңсе ғимаратын аралап көрді. Жалпы, бұл шаруашылық ауылда атқарылып жатқан қандай бір игі істердің жүзеге асуына қолқабыс етіп келеді. Міне, биыл да біршама жобаларды жүзеге асырып, ауылдың ажарын одан әрі айшықтайтын зәулім нысандарды іске қосты.
Айта кетейік, ел алдында еңбегімен қадірлі «Байтабын» ЖШС басшысы Сапар Мыханов – осы Бұқарбай батыр ауылының тумасы. Жастайынан дала жұмыстарының дүбіріне ілесіп, ауыл тірлігінің жай-жапсарын жадына түйіп өсті. Сондықтан болар, еңбек жолында жиған мол тәжірибесін туған ауылының тұрмыс-тіршілігін нығайтуға бағыттады. Бүгінде, ауылдың әлеуметтік саласын көтеруге атсалысып, елдегі егін шаруашылығының табысын еселеуге аянбай күш-жігерін жұмсап келеді.
Н.ҚАЗБЕКОВ,
М.АХМЕТОВ (сурет).