МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК ӘРІПТЕСТІК: СЫР ӨҢІРІНДЕ 75 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды. Іс-сапар барысында олар Сыр өңіріндегі әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Қызылордада Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі мәжілісі өтті. Мәжіліске облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Сенат депутаттары, бірқатар министрлік өкілдері, сала жетекшілері мен аудан, қала басшылары қатысты. Отырыс денсаулық сақтау және білім беру саласының мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты мәселелеріне арналды.
Денсаулық сақтау және білім беру саласының мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты мәселелеріне арналған отырыста облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Қызылорда облысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бойынша еліміздегі бес үздік аймақтың бірі болып табылады. Жүзеге асырылатын жобалар экономиканың барлық саласын қамтиды. Бұл ретте аймақта 75 жобаның қолға алынғанын айта кеткен жөн.
Шарада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков, облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев, №2 «Нұр-Шұғыла» жекеменшік балабақшасының бастығы БибіайшаТөлегенова сөз сөйледі.
ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова кездесуді қорытындылап, Қызылорда облысындағы тәжірибені үздік үлгі ретінде республика бойынша енгізу керек деген пікірін білдірді.
“ЖЖ” ақпарат.