ТУҒАН ЖЕР – тұғырың
2014 жылдан бастап Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Мұны облыстағы айрықша бастамалардың бірі ретінде атап өтуге болады. Биыл Мәскеу мен Санкт-Петербургтің маңдайалды техникалық университеттерінен 74 түлек диплом алып, 43-і магистратураға түсті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ресейдің жоғары оқу орындарын бітірген алғашқы түлектермен «Туған жерге туыңды тік!» атты шарада кездесті.
Кездесуге келген кешегі студенттер, бүгінгі жас мамандар – 2014 жылы мектепті бітірісімен Ресейдің ірі қалаларына оқуға аттанған алғашқы қарлығаштар. Олар салған ізбен Мәскеу мен Санкт-Петербургтің озық оқу орындарында 452 қызылордалық студент Ресей Федерациясы үкіметінің гранты есебінен білім алуда. Туған жерге оралған түлектердің 14-і облыстың ірі кәсіпорындары – «СКЗ-U», «Қызылорда жарығы», «Ансар Сервис», «Теплотехник» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне, мамандандырылған мемлекеттік мекемелер – индустриалды-инновациялық даму, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен жастар ресурстық орталығына және басқа да жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін тағы 12 түлек жұмысқа кіріседі.
Аймақ басшысы оларды оқуларын ойдағыдай аяқтауларымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.
– Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған, Елбасымыз да «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп айтып келеді. Мен де өз кезегінде «Туған жерге тағзым ету – парызым, туған жерге қызмет ету –қарызым» деген ұранды ұстанамын. Сондықтан, білім алып, белгілі бір мамандық иесі атанып, туған жерлеріңе оралған қадамдарың «оң болсын» деп тілеймін, – деп аймақ басшысы жас мамандарға жылы лебізін білдірді.
Бітірушілер мен олардың ата-аналары мектеп бітіргеннен кейін Ресейдің ең үздік техникалық жоғары оқу орындарында білім алуға және жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасаған облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Кездесуде түлектер облыс әкіміне «Орда» жастар қоғамдық бірлестігінің куәлігін табыстады. Бұл ұйым биылғы жылдың тамыз айында сырбойылық жастардың мәселелерін шешуге және ресейлік жоғары оқу орындарындағы студенттер мен түлектерді біріктіруге арналып құрылды.
Биыл 60-тан астам мектеп бітіруші Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеулер университетіне, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне, Санкт-Петербург мемлекеттік индустриалды технологиялар және дизайн университетіне, Иннополис университетіне және Мәскеу энергетика институтына түсті. Сонымен бірге, сырбойылық жастарға мамандандырылған «Киберқауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» саласында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетіне жыл сайын 20 грант және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламентаралық Ассамблеясы аясындағы жоғары оқу орындарына грант бөлінеді. Ақпараттандыру мен технологияларды енгізу бойынша Татарстан Республикасындағы Иннополис университетінде ақпараттық және сандық технологиялар бойынша жыл сайын қызылордалық түлектердің білім алуына келісім жасалған. Алдағы уақытта «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 900-ге жуық түлек облыс әкімінің білім грантына ие болды. 2018 жылы грант саны екі есеге артты, оның 70 пайызы IT мамандықтарына бөлінеді.
“ЖЖ” ақпарат.