Интернеттегі шабуылдар үдеп барады
Еліміздегі мемлекеттік деңгейде қолға алынған цифрландыру шаралары ақпараттық қауіпсіздік мәселелерімен ұштасып жатыр. Сондықтан да Мемлекет басшысының 2017 жылғы Жолдауында қылмыстың кейбір түрлерімен күрестің өзектілігін көрсетіп, құзырлы орындарға нақты тапсырма жүктелген болатын. Соның нәтижесінде елімізде «Қазақстан киберқалқаны» бағдарламасы бекітілді.
Осыған орай, Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Мемлекеттік техникалық қызмет» кәсіпорнының директоры Ержан Біржанов мемлекеттік органдар мен ақпараттық-коммуникация инфрақұрылымы аса маңызды объектілердің (АКИАМО) ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде брифинг өткізіп, бағдарламаның маңыздылығы мен күнделікті қолданылуы жайындағы ақпараттармен бөлісті. Е.Біржанов брифингте ведомство қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Оның мәлімдеуінше, қызмет көрсетудің (DoS, DDoS) тоқтатылуы, интернет желісіндегі фишинг, интернет-ресурстарды бұзу/шабуылдау әрекеттері, зиянды бағдарламалар, ботнеттер және ақпараттық қауіпсіздікке қатысты басқа да оқиғалар ескеріле келе, халықаралық құрылымдармен өзара іс-қимыл қарқын алып келеді. – Қазіргі уақытта Армения, Әзербайжан, Аустралия, Бангладеш, Беларусь, Ресей, АҚШ, Латвия, Литва, Малайзия, Молдова, Грузия, Индонезия, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Румыния сияқты елдермен меморандумдар шеңберінде ынтымақтастық орнатылды. Көрсетілген бағыттар бойынша ынтымақтастық киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге, оның ішінде интернет желісі арқылы террористік және экстремистік мақсатта компьютерлік шабуылдарды жүзеге асыруға қарсы іс-қимыл жасауға ықпал етеді, – деді кәсіпорын директоры. Мемлекеттік техникалық қызмет кәсіпорнының директоры 2012 жылы интернет жүйесінде 800 жайсыз оқиға тіркелген болса, 2017 жылы бұндай деректердің саны 25 мыңнан асқандығын немесе келеңсіз жағдайлардың 300 есе артқандығын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, қылмыскерлер де цифрландыру бағдарламаларының даму көшінен қалмай, өздерінің қитұрқы, тонаушылық, бүлдіру әрекеттерін жандандырып келеді. Оған қоса, бұрын жеке-жеке әрекет ететін қылмыскерлер енді топтарға бірігіп, қылмыстарының аясын да кеңейте түскен. Жалпы, аталған қызмет құрылғалы бері осындай 100 мыңнан аса оқиға анықталып, талданып, тиісті шаралар қолданылған. Интернеттегі қылмыскерлердің нысанасына алдымен сату-сатып алуға лайықталған сайттар ұшырайды екен. Сонымен қатар мемлекеттік органдарының сайттарында орналасқан мәліметтерге шабуылдаушылар да өз қылмыстарын үдетіп келеді. Е.Біржановтың айтуынша, ертеректе ғаламтор арқылы қаржы жымқыруға бейімделген қаскөйлер соңғы кездері жеке тұлғалардың мәліметтерін қолға түсіруге талпыныс жасауда. Сондай-ақ Мемлекеттік техникалық қызметтің деректеріне қарағанда, әлемде тәулігіне 300 мыңға жуық вирустар пайда болуда. Олармен күрес үздіксіз болғанымен, қылмыскерлердің қулықтарына құрық бойламайды екен. Сондықтан да «Қазақстан киберқалқан» бағдарламасы аясында мамандардың білімін арттырып, жетілдіруге маңыз берілген. Осының арқасында жүйелік ортақ желіге қосылған мемлекеттік органдардың киберқауіпсіздігі барынша қорғалған. Осы арада Е.Біржанов атап өткендей, көптеген жеке тұлғалар вирустар, зиянды бағдарламаларға қарсы күресетін жүйенің маңыздылығын қаперге ала бермейді, интернет ресурстарында қолданатын құпия сөздердің жеңіл түрін пайдаланады және ол мәліметтерді өзгелерге ұстата салудың қаупін ескермейді екен. Брифингте, сондай-ақ бүгінгі күні «Мемлекеттік техникалық қызмет» кәсіпорны «Киберқауіпсіздік тұжырымдамасын бекіту (Қазақстан киберқалқаны) туралы» Үкімет қаулысына сәйкес Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру орталығын құру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп жатқандығы баяндалды.
Серік ӘБДІБЕК,
egemen.kz
egemen.kz